Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.30.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттар жөнінде жазыпты. Сондай-ақ, бір газет Нұрбанк ісіне байланысты соттың аяқталуға жақын қалғандығы және жоғалған топ-менеджерлерге қатысты жаңа деректердің анықталғандығы жөнінде жазса, енді бір газет АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа саясатына талдау жасапты.

4-ші шақырылым депутаттарының сапалық қасиеттері мен олардың алдыңғы шақырылымдағы депутаттармен айырмашылықтары жайында «Жас Алаш» газетінде баяндалыпты. Соңғы саяси өзгерістерге байланысты Парламенттің әлсірегендігі жөнінде газет былай деп жазды. «Дәл қазір «карманный» Парламентпен жылап көрісетіндей жағдайдамыз. «Ышқыр ішіндегі Парламент». Бұл Бельгердің 4-ші шақырылымға азан шақырып қойған аты. Жөргегінде-ақ, жақсы аты шықпаған бұл парламентті неге әлсіз деп отырмыз? Біріншіден, бұл шақырылымда кәсіби мамандар өте аз. Екіншіден, бұл шақырылымда тұлға жоқ. Мемлекеттік, елдік, ұлттық мәселе шешілетін жерде үлкен тұлғалардың отырғаны жөн еді. Үшіншіден, бұл шақырылымда «көнекөздер» көп. Төртіншісі және ең сорақысы, бұл шақырылымда сөз таластыра алатын, пікір жарыстыра білетін адам жоқ. Енді сірә, «қарсы дауыс беру», «қалыс қалу» деген сөздер лексиконнан мүлдем алынып тасталатын шығар» делінген газетте.

Осы тақырыпқа «Айқын» газеті де мақала арнапты. «Еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу туралы стратегиялық міндет қойғалы, мемлекеттік басқару жүйесінде мықты технолог-менеджер сынды кадрларға деген сұраныс арта түскен еді. Міне, осындай сұранысқа Мәжіліс те ие болары сөзсіз. Қалай дегенмен де жаңа құрам бұл ретте біздің көңілімізді қалдырмайтын секілді. Өйткені мұндағы депутаттардың тең жартысы заңгерлер болса, ал қалған жартысын экономика, техника, технология, ауылшаруашылығы, құрылыс саласының мамандары құрайды. Ал мұғалім мен дәрігерлер, әлеуметтік сала мамандары саусақпен санарлық. Жаңа Мәжіліс депутаттарының арасында ұлттық қауіпсіздіктің, сыртқы саясат «сардарлы сарбаздары» да бар екенін айрықша атап өту керек. Соған қарағанда, Мәжіліс өткенінен сабақ алғанға ұқсайды» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «Нұрбанк» ісіне байланысты жалғасып жатқан сот ісінде прокурордың полицияның арнайы жедел топ жасақтары мен олардың басшыларына тағылған айыпты алып тастағандығына «Время» газеті мән беріпті. «Кеше көптен бері күткен сенсация болды: Нұрбанк ісіне байланысты Медеу аудандық сотында өтіп жатқан кезекті сот отырысында прокурор банктың бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғылымовқа, Алматы қаласы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Самалиховқа және полицияның арнайы жедел топ жасақтарына тағылған айыптардан бас тартты. Бұған дейін мәлімдегеніміздей, осы іске байланысты сот тергеуі аяқталып, кеше жарыссөз болуы тиіс еді. Нәтижесінде, айып тағушы Ғылымов, Самалихов, Қадырқожаевтар және полицияның арнайы жедел топ жасақтары ісінде қылмыстық белгілер жоқ деген шешімге келген» деп жазды «Время» газеті.

Сондай-ақ, «Время» газетінің бетінде із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұрбанктың» бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың Фабричный поселкесіндегі арнайы қызметтің құпия базасында жасырылғандығы жөнінде мақала жарияланыпты. «Осындай лас істе арнайы қызметтің элиталық бөлімшесінің базасы қалайша пайдаланылды? Осы жерде 2 жыл бұрынғы «Арыстан» жауынгерлерінің қатысуымен ұрланып, өлтіріліген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның жүргізушісі мен күзетшісінің қайғылы оқиғасы еске түседі. Сол кезде де «Арыстан» базасына рұқсатсыз кіруі оқиғалары анықталынып еді. Бұлар өте ұқсас оқиғалар. Олай болса, Алтынбек Сәрсенбаев, Василий Журавлев және Бауыржан Байбосыновтың қайғылы оқиғасына байланысты бірнеше жылға түрмеге жабылған адамдардың ісіне басқа қырынан келу керек. Арыстандықтарды тұтқындағаннан кейін сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы Нартай Дүтбаев қызметінен кеткен болатын. Бұл жолы кім кетер екен?» деп жазды «Время» газеті.

«Деловая неделя» апталығы өз санында АҚШ-тың Қазақстанды Транскаспий құбырын салуға көндіру мақсатымен шұғыл әрекеттер жасап жатқандығына тоқталыпты. «Қазір АҚШ-тың Орталық Азиядан Әзірбайжан арқылы Еуропа нарықтарына мұнай жеткізетін жаңа құбыр салу мәселесін тез шешкісі келетіндігі ешкімге құпия емес. Бұл мұнай құбыры арқылы АҚШ аймақта өз ықпалын кеңейтуге мүмкіндік алады. Соңғы екі айда АҚШ-тың арнайы өкілдерінің Қазақстан, Әзірбайжан және Түркіменстанды Ресейді айналып өтетін құбыр салуға көндіру мақсатында Астана, Ашхабад және Бакудың үкімет дәліздерінде бірін-бірімен соқтығысып қалып жатуы да сондықтан. Бұған қоса, өз мұнайын әлемдік нарықтарға шығару үшін мұнай құбырларын көбейту аталған үш республиканың сыртқы саясаттарында да бар. Сондықтан да АҚШ үшін бұл елдерді Ресейге тәуелді құбырдан өзге құбыр салуға көндіру онша қиынға соқпайды» деп жазды «Деловая неделя» апталығы.
XS
SM
MD
LG