Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.31.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жұма күні шыққан басылымдар Қазақстанның ипотекалық жүйесінде дағдарыстардың басталғандығы туралы жазыпты. Сондай-ақ, газеттер осы жолы да Алматыда жүріп жатқан құрылыстардың заңға қайшы әрекеттеріне тоқталған. Ал бір газет оқырмандарға жасанды түсіктің Қазақстандағы демографияның дамуы үшін қаншалықты зиян тигізіп отырғандығын ашып көрсеткен.

Қазақстанның ипотекалық жүйесінде дағдарыстың басталатындығы жөніндегі мақала «Начнем с понедельника» газетінде жарық көріпті. «Жалпы, ипотекалық кредиттердің қайтарылмауына қатыстылардың барлығы қызық тақырып. Мамандардың айтуынша, шетелдерде халықтың ипотекалық қарыздарын қайтара алмауы әдетте, ипотека дамыған 5-7 жылдың көлемінде болады. Егер біздегі қалыптасқан орта таптың жоқтығын, үй кезегінде тұрғандардың көптігін және т б есепке алатын болсақ, онда біз аталған шекке жетіп қалдық. Өтелмеген төлемдер дағдарысынан құтылар жол жоқ. Мәселе тек, оның қашан болатындығында. Бұдан Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америка, Еуропа елдерінің барлығы өткен. Қозғалмайтын мүлік нарығы – циклдық құбылыс. Орта есеппен ол әрбір 13 жылда бір рет болып тұрады. Сарапшылардың пікірінше, біздегі алғашқы дағдарыстың уақыты жақындады» деп жазды «Начнем с понедельника» газеті.

Ал бұл жайында «Новое поколение» апталығы былай деп жазды. «АҚШ-тағы өтемпаздық дағдарысы Қазақстанның банк саласына әсер етпей қоймады. Көптеген отандық екінші деңгейлі банктер сыртқы қарыздарын қайтара алмай, ипотекалық нисиелендіруге мораторий жариялады. Бұл өз кезегінде елдегі ішкі нарықты дүрліктіріп жіберді. Себебі осы күнге дейін көптеген қазақстандықтар үшін үйге қол жеткізудің бірден-бір мүмкіндігі ипотека болып есептеледі. Қазір жағдайдың тұрақтануы негізінен ірі отандық банктар мен құрылыс компанияларының өзара келісімге келуіне байланысты. Сонымен, банк жүйесін «жаралаған» ипотекалық дағдарыс тек осы салаға ғана әсер етіп қоймайды. Бұған кәсібі несиелік қаржыландыруға тікелей байланысты көптеген компаниялар да ілігуі мүмкін» деп жазды «Новое поколение» апталығы.

Сондай-ақ, апталық осы санында Алматыдағы «Медеу», «Шымбұлақ» курорттарындағы құрылыс жұмыстарының заң бұзушылықтармен жүріп жатқандығына да көңіл бөліпті. «Алматының «Медеу», «Шымбұлақ» курорттарын реконструкциялау қарқынды жүруде. Алайда жобаны жасаушылардың «барлық экологиялық қауіпсіздік шаралары сақталған» деген сөздеріне қарамастан, экологтар ерекше қорғалатын аймақтағы құрылыстың қауіпсіз екендігіне күмәнмен қарайды. Жұртшылық бақылауының жоқтығынан жағдай шиеленісуде. Қазірдің өзінде құрылыстар республика заңнамасын өрескел бұзып жатса, онда таңғажайып парктерге тигізетін қазіргі тәуекелдер мен реконструкциядан кейінгі жағдайға кім жауап бермек?» деп жазды «Новое поколение» апталығы.

Ал Алматы қаласындағы тарихи маңызы бар ғимараттардың құрылыс қарқындарына байланысты жыл санап азайып келе жатқандығына «Караван» газеті тоқталыпты. «Алматы өз бейнесін жылдам өзгертіп келеді. Қазір алматылықтардың бірнеше буын өкілдері туып-өскен жайлы үйлер құрылыстардың көбеюіне байланысты азайған. Алматының ерекше архитектуралық стилін сақтап келген бұл ғимараттар қиратылу үстінде. Алайда қала жұртшылығының наразылығына тап болған қала басшылығы біртіндеп тәубесіне келді. Олар Фурманов, Абай, Достык көшелерінің бойында орналасқан осы үйлердің алдын жаңартып, оңтүстік астананың тарихи орталығын реконструкциялауға уәде де берді. Мұның аяғы қалай болары белгісіз. Жаңа құрылыстар үшін қаланың орталық бөлігі тар болып тұр. Олар үшін кедергі келтіргендердің бәрі көне деген себеппен қиратылуда» деп жазды «Караван» газеті.

Ал жасанды түсік түсірудің кесірінен Қазақстанда демографиялық ахуалдың жақсармай отырғандығына «Жас Қазақ» газеті мән беріпті. «Қазақстанның демографиялық ахуалы бұл күндері өте мүшкіл жағдайда. Қазақ санының өспеуіне түрлі себептер кедергі. Ал қара домалақтардың көбеюіне басты кедергі – жасанды түсік. 20 ғасыр басталғалы бері әр жыл сайын бүкіл еліміз бойынша 130 мыңның айналасындағы сәби жарық дүниені көрмей жатып, пышаққа ілініп кетеді екен. Польша, Италия сынды елдер жасанды түсікке қарсы күреске мемлекеттік маңыз берген. Бұл елдерде халық саны 40 миллионнан асса да, демографиясын дамытуға бар күшін салуда және оны өздерінің ұлттық идеологиясының бір тармағына айналдырып жіберген. Ал бізде жағдай басқаша. Қазақстан жасанды түсік жасатудан алдына жан салмай келеді. Жылына әлем бойынша 30 миллионнан астам түсік жасалса, соның бір пайызға жуығы – 15 миллонға жетер-жетпес халқы бар Қазақстанның үлесіне тиеді екен» деп жазды «Жас Қазақ» газеті.
XS
SM
MD
LG