Accessibility links

Сот «Нұрбанктың» бұрынғы басшысын ақтап, Алматы полициясының екі басшы қызметкерін қамау жазасына кесті

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Дүйсенбі күні Алматыдағы Медеу аудандық соты ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағымына сәйкес «Нұрбанкқа» шабуыл жасамақ болды деген айыппен сотқа тартылған полицияның жедел жасақ топ қызметкерлері мен «Нұрбанктың» бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы Әбілмәжін Ғилымовты ақтап қамаудан босатты. Ал, сот үкімімен полиция 2 басшы қызметкері – Алматы қалалық ішкі істер басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Самалихов 3 жылға, полиция жасақтарының бастығы Болат Қадырғожаев 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Өткен аптада Алматы қаласының Медеу аудандық сотында «Нұрбанкқа» шабуыл жасамақ болды деген айыппен сотқа тартылған Алматы полициясы жедел жасақ тобының төрт жауынгері мен олардың басшыларының үстінен өтіп жатқан сот ісінде мемлекеттік айыптаушы Тимур Шамои «тағылған айыптың негізі жоқ» деген мәлімдеме жасап, бұрын тағылған айыптардан бас тартатынын жариялаған соң, көпшілік сот ісі дүйсенбі күнгі отырысында соңғы үкімін жариялап, сотқа тартылып отырғандарды босататын шығар деп топшылаған болатын. Алайда, сот төрағасы Арман Шамшиев Қазақстан қылмыстық кодексінің 317 бабына сілтеме жасап, мұндай жағдайда «жәбір көруші жақтың пікірін ескеру қажеттігін» алға тартты. Ал жәбір көруші жақ – «Нұрбанк» өкілі Батыр Шахиев, дүйсенбі күнгі сотта: «Мен прокурордың айтқандарына келіспеймін, сотты ары қарай жалғастыруды сұраймын» деп мәлімдеген соң, соттағы пікірталас одан әрі жалғасты. Қолданыстағы заң бойынша сот төрағасы жәбір көруші жақ – «Нұрбанк» өкілдерінің талабын ескеретін болса, айыптаудан бас тартқан прокурорды басқа прокурормен ауыстырып, істі тергеуді жалғастыра беруі керек дейді заңгер-мамандар. Сот ісі дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 11-ден бастап, арасында үзіліспен кешке дейін жалғасты.

Жарыс сөзде сөйлеген айыпталушылардың жақтаушылары бір ауыздан дерлік сотқа тартылған полиция жасақтарының еш жазығы жоқтығын, олар тек бұйрық орындаушылар екенін айтып отыр. Ал «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов тергеушілер өзіне ең алғашында «банктың қандай да бір аутокөлігін ұрлапсың» деген айып тағуға тырысқанын айта келіп, осы сотқа «объективті, әділ сот ісі болды» деген өз бағасын да берді.

Биылғы жылғы мамыр айында абақтыда қамауда отырған Әбілмәжін Ғилымовтың мән-жайды толығымен түсіндіріп, бейнетаспаға жазған сөзін, бір жарым сағат бойы «Қазақстан» телеарнасы көрсеткен болатын. Содан кейін ғана іс кері бұрылып, арты сол кезде Қазақстанның Австриядағы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы болған Рахат Әлиевтің өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалған еді.

Жарты жылдан астам уақытқа жалғасқан бұл сотта, алғашқыда БАҚ өкілдеріне аудио, бейне таспаға жазуға рұқсат берілгенімен, кейіннен кенеттен сот төрағасы оған рұқсат бермей қойды. Сол кезде тілшілер қауымы «енді сотқа Нұрәлі Әлиев келетін шығар» деген болжам айтқан да болатын. Бірақ осы сотқа куә ретінде шақырылған Рахат Әлиевтің үлкен баласы Нұрәлі Әлиев ешбір келген емес, соңғы мәлімет бойынша «ол сырқаттанып қалуына байланысты келек алмаған» көрінеді. Ал жәбір көруші жақтың жақтаушысы боп жүрген Любовь Балмағамбетова қыркүйектің 13-14-теріне дейін демалысқа кетіпті. Бірақ сот ісі банк өкілдерінің қатысуымен одан әрі жалғасты.

Сөйтіп, дүйсенбі күнгі сот отырысында судья өз шешімімен полиция жасақтары мен «Нұрбанктың» бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы Әбілмәжін Ғилымовты ақтап қамаудан босатты да, сот үкімімен Алматы полициясының 2 басшы қызметкері – қалалық ішкі істер басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Самалихов 3 жылға, полиция жасақтарының бастығы Болат Қадырғожаев 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар сот прокурор мен қаржы полициясы тараптарына тергеу барысында жіберген қателіктері үшін жеке анықтама қабылдады. Сондай-ақ сот кейбір жақтаушыларға да БАҚ өкілдері арқылы сотқа қысым жасағандары үшін жеке анықтама қабылдады.
XS
SM
MD
LG