Accessibility links

Тамыздағы сайлаулар Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға болу мүмкіндігіне қалай әсер етті?


Қараша айында Испанияда бас қосатын Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің министрлері күн тәртібінде бірнеше мәселені сөз етпек. Олардың қатарында кезек бойынша ауысып отыратын ұйым төрағалығына Қазақстанның 2009 жылы ие болу-болмауы мәселесі де бар. Қазақстанның кей ресми қызметкерлері өткен тамыз айында болған парламенттік сайлау Қазақстанның ұйымға төраға болу мүмкіндігін күшейте түсті десе, кей сарапшылар керісінше, сайлау Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік етуге әлі әзір емес екендігін айғақтады деп отыр.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бірнеше жылдан бері Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткісі келетінін мәлімдеумен келеді.

Президент Назарбаев пен Қазақстанның басқа да ресми қызметкерлері өз елінің ұйымға төраға болу ниетін танытқан тұста Джэйн ақпараттық тобының сарапшысы Алекс Ватанка Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының Қазақстан ұсынысын қабыл алуына өзіндік есебі бар екенін айтқан болатын.

"Президент Назарбаев Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының белсенді мүшесі ғана болып қоймай, оны алға жетелеуде жетекшілік қызметке араласқысы келетінін айтып отыр. Мұны сөз еткенімізде Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының мандаты қазіргі таңда шығысқа қарай қанат жайып отырғанын есте ұстауымыз керек. Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы Қытаймен шекаралас жерлерде әрекет етіп отыр, бұл – ұйым үшін мүлде жаңа мандат", - деген еді сол кезде Алекс Ватанка.

Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы өткен жылы Қазақстанның ұйымға төрағалық ету ниетіне байланысты шешімін кейінге қалдырып, бұл елдегі демократия мен адам құқықтарының дамып отырғанын әйгілейтін нақты мысалдарды көргісі келетінін меңзеген болатын.

Мұндай мүмкіндікті тамыз айында болған сайлаулар берген еді.

Осы сайлауда Мәжіліс депутаты боп сайланған Камал Бұрханов сайлау Қазақстанның ұйымға төраға болу мүмкіндігін күшейте түсті деп санайды:

"Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға болу мүмкіндігі үлкен, айтарлықтай. Сайлау жалпы алғанда біз жоспарлағандай өтті. Халық өз таңдауын жасады. Бұл олардың қасиетті құқығы. Сондықтан, мен Қазақстаның ұйымға төраға болуына бөгет боларлық ештеңе көріп тұрғаным жоқ".

Алайда, бұл көзқарасты бірауыздан қолдау деген бүгінгі Қазақстанда жоқ. Оппозиция жееткшілерінің бірі Әміржан Қосанов сайлау Қазақстанның ұйымға төраға болу мүмкіндігіне көлеңке түсірді деп есептейді.

"Тамыздағы сайлаулардан кейін Қазақстанның Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы қатарлы беделді ұйымға төрағалық ету мүмкіндігі әлсіреді", - дейді ол.

Сайлау өткеннен кейін Парижде орын тепкен Шекарасыз Репортерлер тобы сайлау науқаны барысында Қазақстандағы ақпараттық жағдай туралы есебін жариялап, онда баспасөз "біржақты және ресми орындардың ықпалы астында болды" деген болатын. Шекарасыз Репортерлер тобының баспасөз уәкілі Жан-Франсуа Жиллард өздерінің сайлаудан кейінгі жағдайда Қазақстанды Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға болуға дайын емес деп есептейтіндігін айтады:

"Адам құқықтары мен сөз еркіндігі тұрғысындағы халықаралық стандарттарды құрметтемейтіндіктен, Қазақстан Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төраға болуға лайық емес. Меніңше, баспасөз еркіндігі қамтамасыз етілмеген ел, сайлау қатарлы оқиғаны баспасөз еркін түрде қамти алмайтын мемлекет Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы іспетті халықаралық ұйымға төраға болмауы тиіс".

Десе де, қараша айында Испаниядағы жиында қабылданатын шешімнің қандай болатынын қазір болжауға болмас. Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің министрлері бұл мәселені кең ауқымда қарастыруы мүмкін. Америкадағы Ню-Мексика Университетінде халықаралық байланыстар бойынша дәріс оқитын, өзі Орта Азия бойынша маман боп табылатын Грегори Глисонның пікірінше, Қазақстанның соңғы жылдарда қол жеткізген басқа табыстары, нақты айтқанда экономикалық табыстары есепке алынуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG