Accessibility links

Қазақстанда сайт ашқысы келетіндер оның саяси-қоғамдық мазмұнына байланысты кедергілерге тап болады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстандағы интернет кеңістігінде қызмет көрсететін Қарағандылық Hoster.kz фирмасы оппозициялық басылымдарға жақын болғаны үшін өз тұтынушысына қызмет көрсетуден бас тартқан. Жергілікті кейбір сарапшылар мұндай оқиғалар Қазақстанда жиі кездесетінін және оны адамдардағы қорқыныш-үрейдің салдары деп бағалап отыр.

Қазақстанның бір азаматы өзінің жеке интернет сайтын ашпақ болып, сайт ашуға және оның ары қарайғы дұрыс жұмыс жасауына қызмет көрсететін қарағандылық Қарағандылық Hoster.kz фирмасына жүгінеді. Сөйтіп ол қызметі үшін тиесілі 6 мың теңгені сол фирмаға аударады да алты айдан соң сайт дайын боп қалған кезде, «енді менің де жеке сайтым бар» деп, тұсаукесер рәсімі туралы жерігілікті интернет пайдаланушылар арасында танымал Zonakz.net сайтында құлақтандыру таратады. Сол-ақ екен, Hoster.kz фирмасының басшылары әлгі қазақстандық азаматқа «сіздің ол сайтпен қандай қатысыңыз бар? Сіздің сайтыңыздың бағыты да сол сайт сияқты болатын болса, онда біз сізге қызмет көрсетуден бас тартамыз. Сіз өзіңізге қызмет көрсететін басқа фирма таңдаңыз» деп дайын тұрған сайтты жауып тастайды.

Hoster.kz фирмасының бұл әрекетін түсінбеген әлгі тұтынушы мән-жайдың бәрін Zonakz.net сайтында жайып салып, «мұны қалай түсінсек болады?» деп оқырмандардан сұрапты. Ал оқырмандар осы мақалаға берген түсініктемелерінде өз бастарынан өткен осыған ұқсас оқиғаларды айта отырып, «бұл Қазақстан интернет кеңістігі үшін үйреншікті жағдай» деген қортынды жасапты.

Zonakz.net - Қазақстанда тіркелген уақыттары, өзінде жазылатын өткір мақалалары үшін кезінде талай мәрте сотқа тартылып, қуғын-сүргін көріп, ақыры өзін шет елде тіркетуге мәжбүр болған сайт. Ол сайтта оппозициялық мазмұндағы мақалалар да жарияланып тұрады. Сайт үшін жабулы тақырып жоқ, мәймөңкелемей бәрін ашық, бұқпасыз жазатын болғандықтан билікке жақпайды дейді сайт жетекшісі Юрий Мизинов.

«Мен тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешім, қарағандылық фирманың басшыларының жеке өз бастарының шешімі деп ойлаймын. Ондай шешімге ешкім де оны мәжбүрлемеген шығар. Бірақ ол біздің басымыздағы талай дүрбелеңді білсе керек, сондықтан ол өз тұтынушысының сайты біздің сайттағыдай боп кетсе, біздің көрген қуғын-сүргініміз оның да басына түседі деп қорыққанға ұқсайды», - деген болжам жасайды Юрий Мизинов.

Сонымен бірге ол бұндай қауіп қазіргі уақытта Қазақстан қоғамында сирек нәрсе еместігін де айтады.

«Бұл дегеніңіз, біздің жұртшылықтың үрей астында екенін көрсетеді. Және «Нұр Отаннан» басқа бағыттағы саяси көзқарас айтуға тіпті де болмайды, себебі ол мансапқа, не бизнесіне кері әсер етеді деп қорқады. Мысалы, осы бір саясаттан тіпті де алыс, қайдағы бір кішігірім фирма басшыларының жалтақтығы жұртшылық бойындағы сол үрейдің жарқын көрінісі», - дейді Юрий Мизинов.

Осы мәселеге байланысты қарағандылық Hoster.kz фирмасынан мән-жайды түсіндіруімізді сұрағанымызда, өзін толық таныстырғысы келмеген Вероника есімді фирма қызметкері былайша жауап берді:

«Біздің ол кісіге қызмет көрсетуден бас тарту себебіміз сайтта толық жазылыпты ғой, одан басқа себеп те жоқ. Ал ол тұтынушы туралы мәселені әлі толық шешкен жоқпыз. Сондықтан, бұл мәселе әлі қарастырылуда».

Осы фирманың Денис есімді инженері «Азаттық» радиосынан сауал қойып тұрғанымызды естіген соң бізбен сөйлесуден мүлдем бас тартты.

«Бұл жерде фирма егесінің келешекте қандай да орын алуы мүмкін қиындықтардан алшақ болу мақсатында алдын-алу шарасы деп түсіну керек. Ол биліктің қытығына тисе оның зардабы өз бизнесіне тиетінін білсе керек. Мысалы, біздегі баспаханалар да кенеттен оппозициялық газеттерді басудан бас тартып жатады ғой. Себебі, кенеттен көбейіп кететін көптеген салық комитетінің тексерістері, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның тексерістері сияқты, т.б. Сондықтан «Аш құлақтан - тыныш құлақ» дегендей, әлгіндей қызмет көрсетуден бас тартқаным дұрыс деп отыр», - дейді Алматыдағы Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты қадағалау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG