Accessibility links

Ресейлік медиа-компания қазақстандық тәуелсіз телеарнаны сатып алмақ


Ресейлік және Қазақстандық бірқатар ақпарат агенттіктері Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралына жататын «31 канал» телерадиокомпаниясының 20 пайыз акциясын Ресейлік «СТС Медиа» компаниясы сатып алатындығын хабарлады. Енді бірнеше айда аяқталмақ бұл сауда құны 65 миллион доллар деп бағаланып отыр. Жергілікті кейбір сарапшылар бұл сауда-саттық коммерциялық мүддеден туындап отырғанын және ол «31 канал» тәуелсіздігін арттыра түседі деген тұжырым жасаса, бірқатар сарапшылар керісінше, ол телеарнаның үстінен биліктің қадағалауын күшейте түседі деген болжам айтады.

«31 каналдың» 20 пайыз акциясы Ресейлік компанияға сатылады» деген ақпаратты естіген көпшілік көкейінде «бұл нені білдіреді екен?» деген сауал туары сөзсіз. Біз осыны түсінуге тырысып, «бұл сауда-саттықтың саяси астары жоқ па?» деген сауалды тәуелсіз интернет сайт жетекшісі Юрий Мизиновқа қойдық.

«31 каналдың» шет елдік компанияға 20 пайыз акциясын сата алуы өте қуантарлық көрініс. Демек, біздегі телеарналар да өз акциясын шет елге сата аларлық деңгейге жеткендігін көрсетсе, екіншіден бұл телеарна қомақты қаржы тарту арқылы алдағы уақытта тәуелсіздеу бола алады», - деді журналист.

Мизинов бұл сауданың астарында таза коммерциялық мүдде жатыр деп санайды.

«Алдағы уақытта телерадиокомпанияның өнімдері сапа жағынан көтерілер деп ойлаймын, бірақ «СТС Медианың» өнімдерін асқан сапалы деп атамаған болар едім. Десе де ол саясаттан алшақ, ойын-сауықтық бағыттағы медиа компания ғой. Ол НТВ, не ОРТ сияқты саяси бағыттағы арна да емес, сондықтан жаңадан құрылатын компанияның «31 канал» саяси бағытына еш әсері болмайды, тіпті ол жақсара түседі ме деген де ойым бар», - дейді тәуелсіз журналист Юрий Мизинов.

Бұл сауда-саттықтың коммерциялық жағы басымдығын Алматыда орналасқан «Журналисты в беде» қоғамдық қорының жетекшісі Розлана Таукина да растап отыр.

«31 арнаның» 20 пайыз акциясы бұрындары Қазақстан президентінің іс басқарушысы Болат Өтемұратовқа тиесілі болатын. Ол өзінің қарамағындағы АТФ банкты да сатқанын біз білеміз, енді міне, менің естуімше ол телерадиокомпаниядағы акцияларын да сатып жатыр. Ал, үшіншіден телеарнаны билік тарапынан бақылау күшеймесе, азаймайды. Билік бұрынғыдай, ақпаратты мөлшерлеп қана тарататын түрде, тізгінді өз қолында ұстайды. Сондықтан телеарнаның саясатында да ешқандай өзгерістер болмайды. Әрине, тілдер туралы 50 де 50 пайыз деген талап сақталар, бірақ телеарна бұл сауда арқылы ешқандай да тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды», - деген пікір айтты Розлана Таукина.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның ақпарат кеңістігінде мемлекеттің қоластындағы жиілік бойынша хабар таратып келген ресейлік жалғыз медиа-компания «ОРТ Казахстан» түрінде ғана болған. Ал, алғашқыда әжептеуір әңгіме болғанымен, «НТВ Казахстан» сол күйінде ашылмай қалған болатын. Енді міне «СТС Медиа» келіп, 20 пайыз акциясын сатып алғанымен, «31 каналдың» қосалқы, құрамдас, облыс орталықтарындағы бөлімшелерін қосқанда, экономикасының 60 пайызын басқарамыз деп отыр. Ресейлік «СТС Медиа» Европадағы ірі деген медиакомпаниялардың алғашқы ондығына кіреді екен. «31 канал» басшысы Арманжан Байтасов Ресейлік компания жаңа сапалы өнімдер шығаруға көмектеседі деп отыр.

«Акциямыздың 20 пайызын сатудағы біздің мақсатымыз - елімізге шет елдік медиа топты тарту арқылы, көрерменге көптеген жаңа қызықты кинолар, телесериалдар, бағдарламалар көрсетуге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл біздің рейтингіміздің көтерілуіне де ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, бұл медиа индустрия саласындағы бәсекелестікке, оның дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін», - дейді А.Байтасов.

Сондай-ақ Байтасов ресейліктердің «31 каналға» келуі, арнаның ұстанып келген тіл саясатына еш әсер етпейтіндігін айтады.

«Тіл туралы заңның» барлық талаптары сақталады. «Елу де елу» талабын біз қазір де сақтап отырмыз. Мәселе «31 канал» бұрынғы қалпында сақталатындығында. Ал сатылған 20 пайыз акциялар Болат Өтемұратовқа тиесілі акциялар екен деген болжамда еш негіз жоқ» - деді «31 канал» медиакомпаниясының президенті Арманжан Байтасов.
XS
SM
MD
LG