Accessibility links

Қазақстан үкіметі «Eni» корпорациясының Қашаған мұнай кеніш орны бойынша жасалған келісімдегі талаптарды орындау мүмкіндігіне күмән білдіреді


Бұл туралы Астанада қыркүйектің 6 күні екінші Еуразиялық энергетикалық форумда Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов хабарлады. Оның айтуынша, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Қашаған жобасының теңоператоры болуы тиіс. Бірақ бұған дейін шетелдік БАҚ-тарда Қашағаннан мұнай өндіруге жергілікті компанияның техникалық және қаржылай мүмкіншіліктері жетпейді деген пікірлер жазылған.

Бұл мәселе «Eni» компаниясы Қашағаннан мұнай өндіру мерзімін 2010 жылға дейін шегергеннен кейін басталды. Және игеруге кететін шығын өсуінің кесірінен бірінші жоба құны 19 миллиард долларға дейін қымбаттайды деп хабарланды. Кейін Қазақстанның экология министрлігі Каспийдегі итбалықтардың қырылуына жоба кесірін тигізді деп игеруге берілетін экологиялық рұқсатты 3 айға шегерді. Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовтың айтуынша:

- Қашаған мұнайын коммерциялық өндіру мерзімін кейінге қалдыру және мұнайкенорнын игеруге кететін шығынның екі еседен артық ұлғаюы Қазақстан үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық салдармен қауіп төндіреді. Мысалы консорциум қатысушыларының әрекеті жоба шығынының өтелу мерзімінің шегерілуіне және өнім бөлу барысындағы республика үлесінің едәуір азаюына әкеп соқты, - деді Мәсімов.

Қазақстан премьерінің айтуынша үкімет жоба мәселесін шешуде ашық диалог жүргізуге дайын:

- Қазақстан жоба мердігерлерінің басқаруынан болған ірі шығын кесірінен экономикалық ауыртпашылықты көтеруге қарсы. Қазақстан заңдарын бұзып, елдің ұлттық қызығушылықтарына немқұрайлы қарайтындар заңдарға және халықаралық стандарттарға сәйкес толық жауапкершілікті көтереді, - деді Мәсімов.

Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовтың айтуынша, Қазақстан президенті консорциум алдында 2001 жылы берген тапсырмалармен талаптарға сәйкес, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Қашаған жобасының теңоператоры болуы тиіс:

- Пайыздар туралы әзірге айтпаймын. Біздің пікірімізше, экономикалық баланс Қазақстанға тиімсіз болып бұзылды. Әзірге жағдайды ретке келтіру үшін достық келіссөздері өтіп жатыр. Егерде консорциум қатысушылары Қазақстан талаптарына келіспесе бізде «Б» жоспарымыз бар, - деді Мәсімов.

Ресми мәлімет бойынша, консорциумға бірнеше шетелдік және қазақстандық «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы кіреді. Консорциумға жуырда кірген «Қазмұнайгаз» Қашағанды игеру үшін 1 миллиард доллардан астам қарыз алуды жоспарлап отыр деп хабарланады. Еуроодақ болса операторларды қолдайтындығын білдірді. Энергетика жөніндегі Еурокомиссар еуропалық компаниялардың құқықтарына қауіп төнсе шара қолданатындығын хабарлады. Осыған орай премьер Мәсімов БАҚ арқылы «Eni» компаниясының басшысын және Энергетика жөніндегі Еурокомиссарды мәслені шешу үшін Қазақстанға шақырды.

Бақылаушылардың айтуынша, Батыс елдері Қашағандағы Ресей ролін ескере отырып Қазақстанды біріккен жобаға шақырып отыр. Ал Қазақстанның энергетика министрінің орынбасары Ләззат Қиыновтың айтуынша, Қашаған бірінші кезде барлық мұнайды «Баку-Тбилиси-Джейхан» жүйесі арқылы өткізетін болады.

- Қашағаннан Құрық теңіз айлағына дейін мұнай құбыры салынып, айлақта мұнай танкерлерге тиеледі, - дейді Қиынов.

Қазақстанның президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Владимир Школьниктің айтуынша, Қазақстанда мұнай қоры көп болғанымен өны өндіру көрсеткіштері төмен:

- 2001 жылы Қазақстан мұнай өндіруді жоспарлап қойған. Ол 2006 жылға дейін жорамалға сәйкес келген, бірақ қазір ол бұзылды. Осы жөнінде біз бірінші кезекте Қашаған жобасындағы консорциуммен сөйлесеміз, - деді Школьник.

Қашаған мұнай кеніші орны Каспийдің сол жағында 2000-ыншы жылы анықталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл соңғы 30 жылда табылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніш орындарының бірі. Геологтардың пайымдауынша, Қашағанда 5 миллиард тоннаға жуық мұнай қоры бар.
XS
SM
MD
LG