Accessibility links

Қазақстанда «Протон-М» зымыран тасығышы тағы да құлады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алғашқы тексеру қортындылары бойынша, бұл жолы жапондық «Джей Си Сат-11» ғарыш аппаратын ғарышқа шығармақ болған зымырантасығыш қыркүйектің 6-күні, Астана уақытымен сағат 04-тен 43 минут кеткенде ұшырылған соң арада 135 секунд өткенде, екінші сатылы двигатель автоматты түрде істен шығуына байланысты Жезқазған қаласынан 40 шақырымдай жерге құлап түскен. Оқиға орнына жедел жеткен Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары аумағы 30 метрдей болатын шұңқыр мен салмағы 200-300 тоннадай зымырантасығыштың қалдықтарын тапқан.

«Қазір осы оқиғаға байланысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, апат салдарынан қоршаған орта мен жан-жануар, өсімдіктерге келген зиян мен зардаптарын анықтауға кірісті» деп хабарлады қыркүйектің 6-күні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресей мамандарының таратқан ақпаратына қарасақ, Байқоңырдан таңғы 04 сағат 43 минутта ұшып шыққан «Протон-М» зымырантасығышы төрттен қырық алты минут кеткенде 74 километр биіктікте апатқа ұшыраған. Телеметрия мәліметтерін алғашқы тексеру нәтижелеріне сүйеніп мамандар бұл апатқа тарту күшін атқаратын басқарушы машинаның істен шығуы себеп болуы мүмкін деген қортынды жасап отыр.

Қазақстан аспанында ресейлік зымырандардың құлауы бірінші рет емес. Әдеттегідей, бұл жолы да Ресей мен Қазақстан тараптарының бірлескен комиссиясы құрылып, апат себептері мен зардаптарын анықтауға кіріскен сияқты. Астанада осы оқиғаға байланысты шұғыл өткізілген баспасөз мәслихатында Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «зымыран тасығышты ұшыру сәтінде оның бортына шамамен 650 тоннадай гептил улы жанармайы болғанын, ал зымыранның құлаған уақытында онда тек 220 тоннадай гептил болғанын» айтып, ол да болса қоршаған ортаға көптеп зиян келтіреді депті.

Ал Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Зейнолла Сәрсенбаев соңғы он жылда осындай оқиғалардың алтыншы рет қайталанып отырғанын айта келіп, «біз Байқоңырды жалдап отырған Ресеймен арадағы келісімдегі қоршаған ортаны қорғау талаптарын күшейтеміз» деп мәлімдеген. Бұл апатқа байланысты Қазақстан тарапынан Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов басқарған мемлекеттік комиссия құрылды.

«Виктор Храпунов зымыранның құлау оқиғаларының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, арнайы құрылған комиссия қоршаған ортаға, жан-жануарларға, суға, топыраққа гептилдің зиянды әсері туралы кешенді зерттеулер жүргізетінін және ақпарат ашық жарияланатынын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрлігінде генерал-майор Сатылғанов басшылығындағы жедел штабы құрылды. Апат ауданына Қарағанды төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы жолданды. Республикалық құтқару тобының жауынгерлері МИ-171 тікұшағымен жіберілді. Сонымен қатар Қарағандылық әскери құтқару бөлімше жауынгерлері де жіберілді», - деді бейсенбі күні ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Наталья Ким.

Ким осы оқиғаға байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанда зымыранның қалдықтары мен ені отыз метр болатын апат орны табылғаны туралы хабар алғанын айтады. Бұл жерде қауіптісі, егер улы гептил толық жанып кетпеген болса, оны жел қайда ұшыратынын білу. Бірақ, мамандар әзірге жел бағыты апат кезінде қай бағытта болғанын анықтай алмай отыр. Ол арнаулы тексерістен соң белгілі болмақ.

Ал жапондар салмағы 2 тоннадай болатын байланыс қызметіне арналған ғарыштық аппаратының жанып кеткеніне онша қынжылмаса керек, Ресей ақпарат көздеріне берген сұхбатында олар аппараттың сақтандырылғанын және ғарышта әлі жұмыс істеп жүрген осындай тоғыз аппараттың барлығын айтыпты.

Сонымен, бұл оқиға Ресей мен Қазақстан арасында экологиялық зиян көлеміне қатысты біраз дауға айналатын сыңайлы. Былтыр өз аумағына құлаған «Днепр» зымыранының зардаптарын Қазақстан 1 миллионнан астам доллар деп бағалаған.
XS
SM
MD
LG