Accessibility links

Қазанда мұсылман фильмдерінің халықаралық фестивалі басталды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Алтын Мінбер деп аталатын мұсылман фильмдерінің халықаралық фестивалі Татарстан астанасында бүгін басталды. Қазан қаласындағы бұл жиынға Мұсылман елдерінен актерлар мен кино жасаушылар келді.

Қазан қаласында “Алтын мінбер” фестивалі осымен 3-і рет өтуде. Түрлі фильмдерде мұсылмандардың жағымсыз тұрғыда көрсетілуіне қарсы тұру үшін Ресей муфтилері кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин осындай Мұсылман фильмдері фестивалін өткізу жөніндегі идеяны көтерген болатын. Бұл идеяға іле-шала Татарстан президенті Минтемір Шаймиев қолдау көрсеткен еді.

Осылайша алғашқы фестиваль 2005-ші жылы өткізілген болатын. Жеті күндік бұл басқосу барысында қысқа метражды және толық метражды, сондай-ақ деректі фильмдер және теледидар хабарлары көрсетілетін болады. Жалпы алғанда, 46 елден әкелінген 200-дей фильм көрсетілмекші. Ол 46 елдің ішінде Босния-Герцеговине, Алжир, Иран, Ирақ, Тунис, Мысыр, Үндістан және Кувейт те бар. Фестиваль өкілі Елена Крупнованың айтуынша, фестивальге қатысу шарттарының бастылары- көркемдік деңгей мен фильмнің сапалылығы.

Әрине, ол көркем дүниелер Мұсылман мәдениетін бейнелеуі тиіс. Сондай-ақ “Алтын мінберге” қатысатын фильмдер бейбітшілік идеяларын насихаттауы керек. Фестиваль үндеуі “Мәдениттер арасындағы сөйлесулерден мәдениетті сөйлесулерге қарай”, деп аталады. Крупнованың айтуынша, фестиваль мақсаты - Мұсылман әлемінің фильмдерін Ресей көрермендері мен кино жасаушыларына таныстыру.

- Себебі бұл фильмдер Ресейде бұған дейін көрсетілмеген, десе болады. Батыс елдерінің, Құрама Штаттардың және Ресейдің кинолары көрсетілгенімен Ресей көрермендері Мұсылман кинолары жөнінде білмейді. Себебі олар үлкен экрандардан көрсетілмейді. Ресейдегі басты ірі қос дін - Христиан және Ислам діні. Бұл бірліктің үйлесімді болуына фестиваль үлес қоспақшы, - дейді Елена Крупнова.

Татарстан Мәдениет министрі Зиле Валиеваның айтуынша, мұның өзі түрлі тақырыптағы фильмдерді көруге мүмкіндік береді.

- Осы фестиваль болмаса, көрсетілуі беймәлім фильмдер бар. Мысалы, Иран фильмдері - біз үшін жаңалық. Оларды Кан және басқа да фестивальдерде көру мүмкін емес, - деді Татарстан министрі.

“Алтын Мінбер” қазір мұсылмандар ғана емес сондай-ақ басқа сенімдегілер тарапынан да қолдау тауып отыр. “Алтын Мінбердің” қазіргі қаржысы 975 мың долларға жеткен. Шетелдік және ресейлік аса белгілі актерлардың қатысып отыруы да бұл фестиваль беделінің өсе түскендігін көрсетуде.
XS
SM
MD
LG