Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.06.2007 жыл


Қазақстанда парламент мәжілісінің бір партиядан жасақталуы төңірегіндегі пікірталас жалғасуда. Себебі, бейсенбілік баспасөз бетінде жарық көрген бірнеше мақала осы тақырыпқа арналыпты. Олардың бірінде жаңа парламенттің құзыры кеңейіп, кәсіби және мәртебесі жағынан көтерілгендігі айтылса, басқа газеттерде енді парламент пен президент әкімшілігінің ара жігін ажырату қиындап кеткендігі сөз болады. Сонымен бірге парламент отырыстары өтетін залда фототілшілер мен телеоператорлардың болуына тыйым салынуы да журналистердің сынына ұшырапты.

«Литер» газеті алғаш пропорционалды жүйемен жасақталаған Парламент Мәжілісінің жұмысына бейсенбі күні екі бірдей мақала арнапты. «Парламенттің төменгі палатасының біртіндеп мемлекет басқарудың ықпалды органдарының біріне айналып бара жатқаны жасырын емес», - деп басталады «Мәжілісті кім бақылайды? Екінші бөлім» атты алғашқы мақала. «Егер конституциялық реформаларға дейін мәжіліс, оның тұрақты комитеттері толығымен атқарушы билікке бағынышты болса, енді мәжілістің шынымен атқарушы органдар қызметін бақылауға құқықтық құзыреті бар», - деп есептейді «Литер» газеті. Мақалада сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының комитет төрағаларын тағайындағаны қызықты екендігін айта отырып, комитеттердің бұрынғымен салыстырғанда кәсіби жағынан да, мәртбесі бойынша да күшейгендігіне тоқталады.

Алайда, «Литер» газетіндегі «Фулбрайт мырза, сіз дұрыс айтасыз!» деген мақалада саясаттанушы Досым Сәтпаев қазіргі парламенттің бір партиядан жасақталуына орай басқаша пікір білдіреді. Оның айтуынша, «парламент сайлауында жеңіліс тапқан жақ әрі қарайғы саяси күн көріс стратегиясын дайындап жатқанда бір партиялы парламент, мәжілістегі басым күш «Нұр Отан» партиясының төрағасы әрі атқарушы билік басшысы мәртебесін қатар мойнына алған президенттен дәстүрлі нұсқауын алып, жұмысына кірісіп кеткен». «Шынымен қызық құрылым! Енді парламент қай жерден басталып, президент әкімшілігінің қай жерде аяқталатынын білмейсің», - дейді Досым Сәтпаев «Литер» газетінде. Мақала соңында автор президенттің жаңа парламенттің ашылу сессиясында кез-келген монополизмнің, оның ішінде бір партияның саяси монополиясының кемшілік екендігін айтқанын еске түсерді. «Бұл ең алдымен мемлеттегі барлық әлеуметтік-экономикалық саясат үшін жауапкершіліктің бар екендігі. Әлемдік қаржы базарларындағы моңғы оқиғалар көрсеткендей, бұл саясат ел ішіндегі дағдарыстық жағдайлардың шынайы қауіп-қатерімен бетпе-бет келуі мүмкін», - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев «Литер» газетінде. «Нұр Отан» партиясының бар проблемасы - экономикада кең ауқымды дағдарыс бола қалған жағдайда беріктік таныту үшін сынынан өтпегендігінде» - деп аяқталды «Литер» газетіндегі Досым Сәтпаевтың мақаласы.

Ал «Айқын» газеті «саясаттанушылар айтып жүргендей, бізде Парламент бар, парламентаризм жоқ», - деп есептейді. «Пар¬ла¬ментаризм белгілері демократиялық елдерде салтанат құрады. Ал авторитарлық жүйеде парламентаризмнен жұрдай көнбіс, самарқау қолбала парламент орнайды. Парламенттік елдерде халықтың өкілді органы Үкіметті бір шыбықпен айдаса, ал президенттік басқару формасындағы елдерде парламент әлсіз, тіпті Үкіметті қадағалай алмай қалады», - деген ойда «Айқын» газетінің тілшісі. «Сайлау қорытындысы көрсеткендей, ендігі жерде елдегі демократиялық көппартиялық емес, бірпартиялық жүйе аясында тамырын тереңге жаяды. Кешегі кеңестік бірпартиялық жүйе негіздеген жоспарлы экономика мен берік идеологиямен 70 жыл бойына өмір сүріп келдік. Оның кемшілігі де, жетістігі де айтпаса да түсінікті», - деп қорытындылайды «Айқын» газеті.

«Экспресс К» газеті «Фотоға нашар түсетін Парламент» атты мақалада енді жаңа парламенттің отырыстары өткенде фототілшілер мен телеоператорлардың залда болуына тыйым салынғандығын хабарлайды. Мақала авторының айтуынша, мұндай шешімді көпшілігі депутат белгісін төстеріне қайта қадаған халық қалаулыларының алдыңғы құрамы қабылдаған. Мақаланы жазған «Экспресс К» газетінің бас редакторы Әділхан Нүсіпов енді депутаттардың қалғып-мүлгіп отырғандарын көрсететін, маңызды шешімдер қабылданған кездегі олардың көңіл-күйлерін дәл бедерлейтін суреттердің ешқашан жарық көрмейтідігін өкінішпен баяндайды. «Енді тек кабинетте немесе дәлізде міндетті түрде ел президентінің фотосуреті аясында түсірілетін суреттер ғана болады», - дейді «Экспресс К» газетінің бас редакторы. «Бұдан сайлауда жеңіп шыққан партия ұта ма? Өте күмәнді. Осыдан жариялылықты сөз жүзінде жатқайтын партия ұта ма екен? Менің білуімше, - жоқ!», - дейді «Экспресс К» газетінің бас редакторы газеттің бейсенбілік санында.

Бұл тақырыпқа «Время» газеті де тоқталады. Газеттің айтуынша, мәжіліс спикері жаңа бастаманы қандай депутаттардың көтергенін жасырын қалдырған. Бірақ ол бұл жаңалық журналистердің қызметіне ешқандай шектеу қоймайтынын, залда мониторлар болатындығын айтқан. Бірақ «Парламент бейнетехникасының қаншалықты тиімді жұмыс жасайтындығын мәжіліс баспасөз қызметінің жақында таратқан хаты айғақтай алады, - дейді «Время» газеті. Хатта мәжіліс залында екі магнитофон орналастырылғаны, бірақ мұның барлық телеарналардың мұқтаждығын қамтамасыз етуге қауқары жетпейтіндігі айтылған. Сондықтан, «Время» газетінің хабарлауынша, Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі «мүмкіндігі бар ақпарат құралдарына өздерімен қоса магнитофондарын ала келулеріне» өтініш жасаған.
XS
SM
MD
LG