Accessibility links

АҚШ-ғы 11 қыркүйек оқиғасына алты жыл толды


Сейсенбі күні АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйек террорлық шабуылының алты жылдығын атап өтті. Ол шабуылдар барысында 3 мыңға жуық адам қаза тапқан еді. Әл-қаида террорлық ұйымының мүшелері басып алған 4 жолаушылар ұшағы барып соғылған Нью-Йорк пен Пенсельвания және Вашингтондағы орындарда бір мезгілде қаралы қоңырау үні естіліп, құрбандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Ең алдымен Нью-Йорктегі бұрын қос зәулім сауда ғимараты болған жерде 2001 жылдың 11 қыркүйегі күні таңертеңгісін ең алғашқы жолаушылары ұшағы келіп соғылған сәтте қоңырау үні күңіренді. Осында құрбан болған жандардың туған туыстары жермен жексен болған жердің жанындағы шағын саябаққа жиналған, қолдарына ұстаған, құшақтарына қысып алған суреттер бірден көзге түседі.

Үнсіздікпен бастарын төмен иіп алған олар, құтқарушылардың қос сауда ғимаратында қаза тапқандардың аты-жөндерін атаған тізімді айтқан сәтін тыңдап, мұңға батып тұрды.

Мұндағы жабырқаулы көңіл-күй, еңсені басқан үнсіздік бәрі де алты жыл бұрынғы қайғылы оқиғаның әрбір минутын қайта еске түсіргендей.

Фарида Камариддинова сауда мұнарасы құлаған сәтте 26 жасар қызынан айрылған екен.

- Оның даусы менің құлағымнан әлі күнге дейін кетпейді. Ол кетерінде міндетті түрде қайта ораламын деп уәде еткен еді. Ол маған ана, анажан деуші еді. Өте әдемі болатын, мені қатты сыйлайтын. Ол Америкаға кеткенінде 24 жаста ғана болатын, ал Сауда үйінің 91 қабатында қаза тапқанда ол 26 қана жаста еді, - дейді анасы.

Жолаушылар ұшағының енді бірі Пентагонға барып соғылғанда, онда 184 адам құрбан болды. АҚШ президенті Дж.Буш пен вице-президент Дик Ченей Ақ үйде осы Пентагонды көздеген шабуыл жүзеге асырылған сәтті үнсіздікпен атап өтті.

Пентагонда Потомак өзенінің бойында генерал Питер Пэйс жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде осында жазықсыз қаза тапқандардың ешқашан ұмтылмайтындығын айтты.

- Мұнда жақындары қаза тапқандардың отбасыларына қандай лайықты сөз айтарымды білмеймін, менің жүрегімде не бар, барлығымыздың жүрегімізде не, азматтар не туралы ойлайды. Бірақ біздің үмітіміз, осылайша еске алу жүрегіміздегі қайғыны азайтады, 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған қасірет-қайғы ешқашан ұмытылмайды.

Генерал Пэйс Ауғанстан мен Ирақта қызмет етіп, қаза тапқан американдық жасақтарды да еске алып, бұл күнді террорға қарсы күреске қайта оралған күн деп атады.

- Сол бір қаралы күннен бастап, Ауғанстан мен Ирақта 1-1,2 миллион американдық жасақ қызмет етіп, алты жыл бұрын бізге қарсы соғыс жариялағандарды тізе бүктіру үшін күресуде.

Нью-Йорктегі қос сауда мұнарасының орнында қазір төрт мұнара салынуда. Ал құрбандарды еске алу мемориалы соның жанында орын тебеді.

Биыл 11 қыркүйек құрбандарының қатарына тағы бір жаңа есім қосылды. Ол заңгер Фелициа Дэн Джонес, оның кеңсесі Сауда мұнарасының жанында болған, ол 11 қыркүйек шабуылынан аман қалғанымен, одан алған зардаптардан, атап айтқанда, шаң мен токсидні газ араласқан ауаны жұтқаннан, өкпе науқасынан кейінірек қайтыс болған.

Жалпы Нью-Йорк қаласында өкпе ауруына шалдығу кең тараған, әсіресе сауда ғимараттары құлаған кезде құтқару жұмыстарына қатысқандар, полиция қызметкерлі арасында көп.

Кеше таңертеңгісін АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Майк Макконнел АБС жаңалықтар бағдарламасындағы сұхбатында АҚШ билігінде алаңдаушылық бар екендігін айтты, ол американдықтардың өмірі қауіпсіздеу болғанымен толық қауіпсіздік әлі де қамтамасыз етілген жоқ деді.
XS
SM
MD
LG