Accessibility links

Қытай экономикасының шапшаң өсуінен азық-түлік бағасы шектен тыс қымбаттады


Қытай экономикасы одан ары шапшаң өсіп жатыр, тамыз айында профицит шамамен 25 миллиард долларды құрады. Былтырғы жылдың тамыз айына қарағанда бұл үштің біріне көп. Бірақ Қытай экономикалық өсуі негізгі экономикалық талаптарға қайшы, қытай ақшасы юаньнның бағамы қолдан жасалған, инфляция деңгейі шапшаң ұлғайып жатыр. Қытай экономикасы тұйық болғандықтан, халықаралық сауда балансы бұзылып жатқандықтан және басқа да себептерден күрт құлдырауы мүмкін.

Қытай экономикасының өсуі бақылаудан шығып кетті. Экономика өсуі биыл 11 пайыздан асуы мүмкін, экспорт профициті биыл 200 миллиард доллардан асатын сияқты. Бұл рекорд дәрежесіндегі көрсеткіш. Алайда Қытай тауарларының импорты сырттан келетін тауарлардың экспортынан экономика талабына қайшы өсіп жатыр. Қытай ақшасы юань еркін айналымға шықпаған, Қытай үкіметі халықаралық қауымдастықтың талабына құлақ аспай келеді, өз ақшасының құнын қолдан өсіріп отыр. Сондықтан Қытаймен негізгі сауда жасаушы Америка Құрама Штаттары мен Еуропа Одағы сауда ережелері адал болсын деп Қытай үкіметінен шұғыл шараларды талап етеді.

Қытай ақшасының құны қолдан өсіп отырғандықтан, Қытайға тауар әкелеміз дегендер қатты ұтылады. АҚШ пен Еуропа Одағы Қытай сауда ережелерін дұрыстамаса экономикалық санкцияларға жүгінеміз, Қытай тауарларына салықтарды көбейтеміз, айыппұл салу жолдарын қарастырамыз дейді. Лондонда орналасқан "Чатхам хауз" талдау орталығының қытайану сарапшысы Юй Юй Лю Қытай экономикасы өз алдына қиын мәселеге тап болды дейді:

- Қытай үшін қысқа мерзімде бұл мәселені шешу шынында да өте қиын. Себебі бірнеше жылда жасалған көп мөлшердегі инвестиция өнеркәсіптің мүмкіншілігін біртіндеп-біртіндеп дамытты. Сондықтан бұл өнім шығу құбылысы аяқ астынан тоқтай алмайды.

Қытай үкіметі ішкі базарын шетел тауарларына ашпай отырғандықтан Қытай сауда балансы бұзылды, профицит инфляция қарқынын шапшаңдатып жіберді. Мәселен, тамыз айында инфляция алты жарым пайызды құрады, бұл соңғы он жылдағы ең үлкен көрсеткіш және үкімет мөлшерлеген межеден екі есе артық.

Қытайда баға шапшаң өсіп жатыр деген сөз – азық түліктің бағасы күрт өсіп жатыр деген сөз. Азық-түлік бағасы 18 пайыздан аса қымбаттап кетті. Тамақ мәселесі Қытайдың миллиардтаған халқына ежелден ерекше екенін айтудың өзі артық, өзі тапшы азық-түліктің қымбаттай түскені Қытай кедей халқын әлеуметтік наразылыққа жетектейді. Қытай коммунистік үкіметі тәртіпті қанша ұстап тұрса да дәл баға өсуі халық ереуілдеріне себеп болып отыратын. Міне, ет бағасы 49 пайызға өсіп кетті, Қытай халқы негізінен тұтынатын шошқа еті тапшы. Қытай бас министрі Уен Жиабао шошқа еті бағасын ақылға сиятын мөлшерден асырмау керек деп нұсқау берді. Оның үстіне кейбір сарапшылар астық шығымы биыл нашар болады дейді. Қытайтану сарапшы Юй Юй Лю Қытай үкіметі халық көтерілісінің алдын алуға күш салып жатыр дейді:

- Университеттерде студенттер тамақтанатын асханалар бар. Үкімет асханалардың бағаларын қадағалауға күш салып жатыр. Себебі табыстары өте студенттер болады, не болмаса мүлдем ешқандай кірісі жоқ студенттер болады. Оларға көмектесіп жүрген ата-аналар наразылық танытуы мүмкін.

Инфляцияны ауыздықтаудың бірден-бір экономикалық жолы – үстемдік пайыздарды өсіру. Бұл тәсіл шектен шыққан экономикалық өсуді тоқтату мақсатында да қолданылады. Қытай орталық банкі үстемдік пайызды тағы өсіреді деп күтіліп отыр. Олай болса Қытай орталық банкі үстемдік пайызды биылдың өзінде төртінші рет көтерген болады.
XS
SM
MD
LG