Accessibility links

Украйна президенті өзін улаған диоксин заты Ресей лабораториясында жасалуы мүмкін дейді


Украйна президенті Виктор Ющенконың айтуынша, оны улаған диоксин заты Ресей лабораториясында жасалуы мүмкін. 2004-ші жылғы уланғанына Ресей үкіметін айқын түрде айыптамағанымен Ющенко ол оқиғаға байланысты барлық фактілерді салғастыра келіп, “бұл іс жеке адамның жасаған шаруасы емес” деген қорытындыға келгендігін айтты.

Украйна президенттік сайлаулары қарсаңында, 2004-ші жылдың қыркүйегінде, батысшыл бағыттағы үміткер Виктор Ющенко қатты ауырған еді. Ол деру Вена ауруханасына жеткен- ді. Дәрігерлер оған көп мөлшердегі диоксинмен уланған, деген диагноз қойған болатын. Желтоқсандағы сайлауға қатысу үшін ол Киевке қайта оралған еді. Алғашқы сатысында сайлауларда заң бұзушылықтар болды деп, бірнеше аптаға созылған қызғыл-сары төңкеріс нәтижесінде елдің Жоғарғы соты қайта сайлаулардың өткізілуіне шешім шығарды. Оның нәтижесінде Ющенко жеңіске жетті.

“Улау әрекетінің сыртында кім тұр?” деген зерттеулерге кедергі келтіруде және күдікке ілінген үш адамды жасыруда, деп енді міне Ющенко Ресейді айыптап отыр. Бұған дейін аталған іспен ешкім айыпталмаған еді. Днепропетровскіде, сейсенбі, қыркүйектің 11-і күні журналистерге берген сұхбатында Ющенконың айтуынша, әлемде 3 зертханада ғана диоксин өндіріледі. Олардың екеуінен удың нұсқасы алынған.

“Әлемдегі барлық зертханалардағы диоксин сараптамасы жасалды. Тек Ресейден ғана алынған жоқ. Бұл зерттеу де таяу арада орын алады, деп мен сенемін. Тергеу жұмыстарына өте қажетті 3 адам қазір Ресейде. Ол адамдардың Украйна сотына жеткізілуі жөніндегі бас прокурорға жолдаған біздің өтніштеріміз жауапсыз қалды. Көмек сұраған хатымды желтоқсан айында мен өз қолыммен Ресей президенті Владимир Путинге табыс еттім”, - деді Ющенко.

Бұл істің зерттелуіне көмектесуге ресми Мәскеу моральдық жағынан міндетті, деді ол.

Аталған айыптауға орай Кремль тарапынан ешқандай ресми жауап бола қойған жоқ. Алайда, Ресейдің Киевтегі елшісі Виктор Черномырдин зерттеуге көмек сұраған өтініш жөнінде алғаш рет естіп отырғанын таңқалыспен жеткізді. Ющенкомен де, Украйнаның басқа ресмилерімен де талай рет кездескендігін, алайда Ресей президентіне осындай өтініш жасалғанын бірінші рет естіп тұрғандығын айтты.

Сондай-ақ кремльшіл басқа да саясаткерлердің пікірінше, Ющенконың бұлайша айыптауы Ресейге деген оның жеккөру көзқарасына байланысты. Сондай-ақ Британия, тағы басқа елдердің Ресейді адам улау әрекетінде айыптауларын Ющенко өз ісінде пайдаланғысы келеді, дейді саяси сарапшының бірі - Сергей Марков.

Мұндай айыптауды 3 жылға дейін Украйна президенті неге айтпай жүрген деген сауалға Украйнадағы саяси сарапшының бірі Кост Бондаренко “Мұндай айыптаудың қазір айтылуы қыркүйектің 30-да болатын Украйна парламенттік сайлаулары қарсаңында Ющенконың “Біздің Украйна” блогына тиімді сияқты”, деді. Ағзасындағы уды шығару үшін Ющенко тұрақты түрде Швейцария ауруханасына қаралып тұрады екен.
XS
SM
MD
LG