Accessibility links

АҚШ-тағы ипотека дағдарысының Қазақстандағы жаңғырығы


АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың кесірінен Астанада 47 мың үлескер және олардың отбастарын есептегенде 160 мың адам, ал Алматыда 60-70 мың адам зардап шегеді. Астанада қыркүйектің 18 күні өткен тұрғын үй мәселесіне арналған үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Өмірзақ Шүкеев осындай деректер келтірді. Оның айтуынша, жағдайды түземесе оның арты әлеуметтік проблемаларға әкеп соғуы мүмкін. Ал құрылыс компаниялары қауымдастығының өкілдері тұрғын үйлерден пәтер алуға мүдделі үлесшілердің алдындағы міндеттемелерді орындай алмай қалуымыз мүмкін дейді.

Құрылыс жүргізіп жатқан компания қауымдастығының төрағасы және «Билд инвестмент груп» компаниясы басқармасының төрағасы Айдын Рақымбаевтың айтуынша, АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың кесірінен жергілікті банктер сырттан қарыз ала алмай қалды. Соның салдарынан банктер құрылыс компанияларына да ақша беруді азайтты. Ал несиеден дәмелі болып отырған құрылыс компаниялары тұрғын үйлерден пәтер алуға мүдделі үлесшілердің алдындағы міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін, дейді ол. Айдын Рақымбаевтың айтуынша, осы себептерге байланысты 14 мың отбасы пәтерлеріне ақшасын төлеп қойғанына қарамастан пәтерлеріне кіре алмайды:

- Алматыда қазір мысалы 10 мың пәтердің 30 пайызы салынбауы мүмкін деп ойлаймыз. Астанадада сондай 20-24 пайызы салынбай қалуы мүмкін. Банктер құрылыс компанияларын қаржыландыруды тоқтатпағаны дұрыс деп санаймыз.

Қазақстан экономистері қауымдастығының өкілі және «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әділ Батырбековтың айтуынша, дағдарыс салдары Қазақстанада әлі көптеген жылдар бойы байқалмақ. Қазір ипотекалық несиелерге қатысты тұрғындардан сұраныс төмендеді, дейді ол. Бірақ банкир үкімет мүшелерінен әкімшілік шараларды қолданбауды сұрады. Оның айтуынша, халықаралық нарықтағы жағдайға орай ипотекалық несие пайыздары жоғарылаған, сондықтан Қазақстанда ипотекалық несие пайызы көтерілді, дейді банкир Батырбеков.

Энергетика және сауда министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, банктер берген қаржысына кепілдікке ғимараттарды жазып қойған. Ал пәтер аламын деп армандап пәтер құнының бір үлесін төлеп қойған үлесшілер көшеге шығуы мүмкін дейді ол. Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевтің айтуыншада Астанада 47 мың үлесші, олардың отбастарын есептегенде 160 мың адам зардап шегеді. «Алматыда да 60-70 мың адам зардап шегеді. Халық қозғалып шыныменде проблемаларға әкеп соғуы мүмкін. Сауат Мыңбаев дұрыс айтады», дейді вице-премьер Шүкеев.

Астанада «Билд инвестмент груп» компаниясына тапсырыс беріп болашақ 2 бөлмелі пәтерінің бір бөлігін төлеп қойған үлесші Дина Төлепбергеннің айтуынша ол үкіметтің қарапайым жұртшылыққа көмектесеміз деген ниетіне күмәнмен қарайды:

- Қандай шараларды жеке өзім қолданатынымды әзірге білмеймін. Бірақ айтарым маған берілуге тиіс пәтер осыдан 3 ай бұрын берілуге тиіс еді. Егер құрылыс компаниясына телефон шалатын болсақ олардың өзі тағыда біраз уақыт кешігудің болатындығын мәлімдеп отыр. Соған қарағанда үлкен экономикалық ипотекалық дағдарыстың болып тұрғандығы айқын айғақ. Енді әрине қарапайым халыққа көмектесеміз деп жатыр. Бірақ, оған менің күмәнім мол.

Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов қазақстандық банктердің беріп жатқан ипотекалық несие пайыздарын 16-дан асырмауын сұрады. «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әділ Батырбековтың айтуынша кейбір клиенттерге төмен пайыз болуы ықтимал. «Бірақ, өзге категорияалар үшін ипотекалық несиенің жоғары пайыздары белгілі бір уақыт бойы сақталады».

Есесіне Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов мемлекеттік бағдарлама бойынша әр шаршы метрін 450 доллардан салып жатқан құрылыс компанияларынан құрылысы аяқталып қалған үйлердегі осы шаршы метрлерді 750 доллардан сатып алуды ұсынды. Себебі алғашқы бағада жер телімдерінің құнымен коммуникация шығыны ескерілмеген, дейді министр Оразбақов:

- 450 доллар ол пәтердің бағасы. Ал тағыда 350-400 доллар ол инфрақұрылымның бағасы. Соны қосқанда 700-800 доллар болады. Біздің ойымызша қазіргі үкіметтің бар ақшасын жаңға үй салмай, мына салынып тұрған үйлерді сол 700-800 доллардан сатып алып мемлекеттік қызметкерлерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге беруге болады, 450 доллардан.

Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун нақты айтпаса да, Астанада 24 ғимараттың қиыншылықтары бар деді. Ал премьер-министр Кәрім Мәсімов әзірге осы мәселемен айналысатын үкіметтегі тұрақты жұмыс тобын құруды және үлескердің құқын қорғап құрылыс компанияларға қатаң талаптар қойытындай етіп қажетті заңдарға өзгеріс енгізуді тапсырды.
XS
SM
MD
LG