Accessibility links

«Әділет» партиясы «Ақ жолдың» құрамынан шықпақшы


Қазақстандағы парламент сайлауы алдында «Ақ жол» демократиялық партиясымен бірігіп, бір тізім бойынша сайлауға түскен «Әділет» демократиялық партиясы енді қайтадан жеке отау құрмақшы. Ал тамызда өткен сайлауда «Ақ жол» партиясына, сайлаушылардың жеткілікті дауысын ала алмағандықтан, жаңа сайланған парламент мәжілісінен бір де бір орын тиген жоқ.

Енді міне сайлау өтісімен, бір айдан кейін, бұрынғы «Әділет» партиясының көсемдері «Ақ жолдың» құрамынан шығу дұрыс екен деген шешімге келіп отыр. Бұрынғы «Әділет» партиясының саяси кеңесі мен пленумы қыркүйектің 18-і күні Алматыда осындай шешім қабылдаған.

Бұрынғы «Әділет» партиясының тең төрағасының бірі Төлеген Сыдықов қыркүйектің 20-күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, сайлаудан кейінгі жағдайды талдай келе, партияның бұрынғы көптеген мүшелерінің партияны қайта құруды талап етіп жатқанын жеткізді.

- Осы мәселені талқылаған партияның саяси кеңесі мен пленум мүшелері де бір шешімге келіп отырмыз, яғни партияны «Ақ жолдың» құрамынан шығаруды жөн деп таптық. Алайда, бұл мәселені алдағы қазан айының басында шақырғалы отырған кезектен тыс партия құрылтайында сөйлесіп, сонда түпкілікті шешім қабылданады», - деді Т.Сыдықов.

«Азаттық»: - «Әділет» партиясы «Ақ жол» партиясымен бір партия болып біріккеннен кейін сіздер Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өткен боларсыздар. Сонда бұл мәселені енді қалай шешпексіздер?

- Біз сайлау алдында Әділет министрлігінен тіркеуден өтпеген едік, сондықтан бұрынғы «Әділет» партиясы деп тіркелген тіркеуіміз заңды күшінде сақталып қала береді, - деген жауап берді Т.Сыдықов.

«Ақ Жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұқамедов өткен аптада бұрынғы «Әділет» партиясының мүшесі болған, кейін «Ақ жолға» мүшелікке өткен 16 адамының «Ақ жол» партиясы мүшелігінен шығатындықтары жөніндегі жазған арыздарымен өзінің таныс екендігін айтты.

«Алайда бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Қазір партия басшыларының бәрі демалыста жүр, солар демалып келгеннен кейін бұл мәселені сөйлесеміз», - деді ол.

«Әділет» және «Ақ жол» демократиялық партиялары арасындағы бұл жағдайды өте таныс дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

«Бұндайды біз де басымыздан кезінде кешіргеміз. Сайлау алдында бұл екі партияның бір-бірімен бірігуіне, енді сайлау өткен соң қайтадан ажырасқалы жатқанына жоғары биліктегі адамдар себепкер болып отыр. Бұл - солардың айтуымен, яғни сценарий бойынша жасалып жатқан нәрсе», - дейді С.Әбділдин.

«Әділет» партиясы алдағы қазан айында өзінің кезектен тыс съезін өткізіп, онда қайтадан жеке партия болып құрылу мәселесін қарағалы отыр.
XS
SM
MD
LG