Accessibility links

Еуропа Комиссиясы Еуроодақтың энергетика нарығын реттеуді көздейтін жоспарды мақұлдады. Жоспар Еуроодақтың барлық 27 мемлекетінің энергетика саясатын ұштастырып, Ресейдің “Газпромы” сынды шетелдік компаниялардың алдындағы Еуроодақтың тәуелділігін “жеңілдетуді” көздейді. Атап айтқанда, Еуроодақтың ішкі энергетикалық активтерін Одақтың еркін бәсекелестік ережелерімен санаспайтын шетелдік фирмалардың сатып алуына шектеу қойылады. Сондай-ақ осы жоспарға сәйкес, Еуропаның газ бен электр қуатының нарығына еркіндік берілген соң, осы саладағы бәсекелестік пен тиімділікті арттыру үшін Еуроодақтың жетекші энергетика корпорациялары шағын-шағын компанияларға бөлінуге тиіс. 3 жылда іске асырылуға тиіс бұл жоспарды сарапшылар Брюссельдің соңғы кездегі “ең даулы” шешімі болды деп бағалап отыр.

Еуропа Одағының атқарушы билігі – Еурокомиссия - осындай қатаң жоспарды қабылдауын қуат көздерін өндіруші әрі тасымалдаушы әрі сатушы ірі компанияларды бөлшектеп, ішкі бәсекелестік пен тиімділікті арттыру мақсатымен түсіндіреді. Іс жүзінде бұл қуат ресурстарын өндіретін Италияның ENI немесе Германияның E.ON сынды компаниялары өз бизнесінің бір саласын, мысалға, газ құбырларын немесе элект қуатын тасымалдайтын желілерін не сатуға, не болмаса тәуелсіз оператордың басқаруына беруге тиіс деген сөз. Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозудың сөзіне қарағанда, бұл жоспар Еуропаның газ бен электр қуаты саласын еркін бәсекелестікке ашып беруді көздейді. Бірақ бұл салаға кім көрінген кіре алмайды. Ережеге сәйкес, шетелдік инвесторлар үшін, оның ішінде нақ Еуроодақтың инвесторлары үшін өзінің ұлттық энергетика саласының “есігін ашқысы” келмеген Ресей немесе Алжир сынды елдердің “Газпром” немесе “Sonatrach” сияқты компаниялары Еуроодақтың ішкі электр желілерін басқаруға жіберілмейді.

Сәрсенбі күні Брюссельде өткізген баспасөз-маслихатында Ж.М.Баррозу Еуроодаққа қажетті табиғи газдың 25 пайызын беретін “Газпромды” атаған жоқ. Бірақ энергетика саясатын Украина, Беларуссия және Грузия сынды елдерге қарсы қолданған Кремльдің “саяси қаруына” айналдырды деп айыпталған “Газпром” - Баррозудың сөзінде айтылмаса да, сөзінің астарында болды.

Ж.М.БАРРОЗУ: “Егер қауымдастық пен қайсыбір компания жататын мемлекеттің арасында келісім-шарт болмаса, онда жеке тұлғалар мен мемлекеттер Еуропа қауымдастығының электр қуатын тарату желілерін бақылауына алуға тиіс емес. Олар еркін бәсекелестік туралы ереженің мүлтіксіз орындалуына кепілдік беруге тиіс. Тағы да қайталаймын: мақсат - әлгі компаниялардың Еуропа Одағының нарығында үлкен рөл атқаруына бөгет қою емес. Керісінше, барлығы бәсекелестік ережесіне сәйкес болуы керек”.

Мемлекеттің қадағалауына қарайтын “Газпром” компаниясы Еуропа Одағының энергетика нарығына емін-еркін жол салып жатқан кезде, өзінің энергетика саласын шетелдік инвесторларға ашпай отырған Ресейге ресми Брюссель көптен бері наразы болып келеді. Бірақ Берлинде тұратын және энергетика қауіпсіздігін зерттейтін сарапшы Йорг Химмельрайхтың (Joerg Himmelreich) пікірінше, Еуроодақтың жаңа жоспар қабылдауына қарамастан, Ресей өзінің қазіргі саясатын өзгерте қоюы екіталай.

Й.ХИММЕЛЬРАЙХ: “Таяу болашақта шетелдік компаниялардың көлікке, тасымалдау саласының бөлігіне қол жеткізе алуы Ресей үшін тиімді емес. Өйткені, егер Сіз тасымалдау саласының (газ құбырларының) бөлігіне ие болсаңыз, онда Сіз тұтынушыға бағаны өзініз белгілей аласыз. Ал Ресей оны осы аймақтағы “саясатының сайманы” (құралы) ретінде қолданып отыр. Демек, Ресей, В.Путин және оның билік басындағы болашақ “мұрагері” оған ешқашан жол бермейді”.

Еуропа елдерімен арадағы екі жақты қарым-қатынасының басты қарама-қайшылықтарын шешу үшін таяуда “Газпром” компаниясы Еуропа Одағының энергетика саясатындағы бірліктің жоқтығын жақсы пайдаланып кетті. Нәтижесінде осы күні Еуроодақтың 17 елінде “Газпром”-ның бірлескен кәсіпорындары, филиалдары немесе активтері бар. Өзінің газын әлі де болса Еуроодақтың шекарасында сататын Ресейдің газ монополисі кейбір газ тарату желісін, мысалға осы жылы Италияның газ тасымалдау жүйесін өз бақылауына алды.

Сәрсенбі күні “Газпром”-ның баспасөз-хатшысы С.Купрьянов аталмыш компания сенімді газ беруші және Еуропаға көгілдір отын жеткізіп тұратын инфрақұрылымның ең басты инвесторы болып келеді деп мәлімдеді. “Еуроодаққа қажетті қуат көздерінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеген Еуроодақтың мақсатын біз түсінеміз, -деп атап көрсетті С.Купрьянов. Бірақ оның сәрсенбі күнгі бұл сөзіне Еуропа Комиссиясы дәл осы күні “Еуроодаққа жатпайтын компаниялардың барлығы да бөлшектену туралы Еуроодақ компанияларының алдына қойылған талап-шарттарды орындауға міндетті болады”, -деп тура жауап берді.

“Газпром”-ның Еуропадағы газ тасымалдаушы ең белгілі еншілесі – немістің “Wintershall” концернімен бірлесіп құраған “Wingas” компаниясы болса керек. “Wintershall” – Германияның мұнай шикізаты мен табиғи газ өндіруші ең ірі компаниясы. “Wingas”-дің 50 пайызы “Газпром”-ның меншігіне қарайды және бұл фирма Германиядағы 2 мың шақырымдық құбыр мен бүкіл Еуропадағы ең үлкен жерасты газ қоймасын басқарады. Алайда ендігі жерде “Газпром”-ға Еуропадағы осы және басқа да талай активінен айрылу қатері төнеді. Демек, Еуркомиссияның жаңа жоспары Брюссель мен Мәскеу арасынан жаңа теке-тірес туғызуы мүмкін бе?

Америка Құрама Штаттарындағы Маршалл Қорының Берлиндегі кеңсесінде энергетика қауіпсіздігін зерттейтін сарапшы Йорг Химмельрайх олай деп ойламайды. Оның атап көрсетуінше, керісінше, соңғы жылдары “Газпром”-ның Украина мен Беларуссияға және Грузияға тасымалдайтын газын қысқартуынан немесе азайтуынан кейін, Еуроодақ Мәскеудің келешектегі осындай құйтырқы іс-әрекетінен сақтануға тиіс екенін жақсы түсінеді.

Й.ХИММЕЛЬРАЙХ: “Сіз мұны белгілі бір деңгейдегі теке-тірес деп айтуыңызға болады, бірақ мен бұл жоспарды “сақтану” деп одан да асыра айтар едім. Бұл жоспар ішкі бәсекелестікті “Газпром” секілді мемлекетке қарайтын саяси тасымалдау компаниясының сыртқы ықпалынан қорғайды”.

Бұл жоспардың немесе ұсыныстың қабылдануына Еуропа фирмаларының ішінен, әсіресе Германия мен Франция компанияларының ішінен қарсылық көп. Алда олардың уақыты бар. Оған қоса ол жоспарды Еуропа парламенті мен Еуропа Одағының Министрлер Кеңесі мақұлдауға тиіс. Сарапшылар осы жоспардың төңірегінде қызу пікірталас болатынын, бірақ пікірталастар 2 жылдан ұзаққа созылса да, ақыр-аяғында бәрібір мақұлданатынын болжап отыр.
XS
SM
MD
LG