Accessibility links

Орталық Азия елдерінің басшылары соңғы кезде бір біріне көп қатынаса бастады, бір біріне көп сапар шегіп жатыр. Совет Одағы құлағалы бері мұндай құбылыс байқалмаған еді. Сонда олардың арасында расында да әріптестік нышаны пайда болды ма?

Орталық Азияда әріптестік нышандарының пайда болғанының бір дәлелі – тәжік президенті Имомали Рахмон осы аптада Қырғызстанға сапар шегіп, қырғыз президенті Құрманбек Бақиевпен бір қатар уағдаластыққа қол жеткізді. Екі ел арасында сауда қатынастарын, энергетика әріптестігін ұлғайту келісілді, басқа да келісімдірге қол қойылды. Құрманбек Бақиев 2005 жылы наурыз айында болған демократиялық революцияның нәтижеснде билікке келгелі бері Тәжікстан президенті бұл елге алғаш рет ресми сапар жасады.

Қыркүйек айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия шеңберінде көп сапар жасады. Қыркүйек айының басында Душанбеде болғанында президент Назарбаев Тәжікстан экономикасына Қазақстанның ақша құятынын кеңінен жариялады:

- Біз 100 миллион америка доллары көлемінде арнайы инвестициялық қор құруға келістік. Қазақстан тарабы қордың әжептәуір бөлігін толтырады. Бұл қор Тәжікстан экономикасының мүддесіне жұмыс істейтін болады. Бұл айтарлықтай жәрдем болады деп ойлаймын.

Осылайша президент Назарбаев Қазақстан Орталық Азия шеңберінде көшбасшы болғысы келетінін тағы көрсетті, аймақ шеңберіндегі байырғы саяси бәсекелесі Өзбекстанды артта қалдырғанын көрсетті. Ал тәжік сапарының алдында Назарбаев Түркіменстанда болған еді, елдің жаңа президенті Гурбанқұлы Бердімұхмедовпен кездесті. Назарбаев Түркіменстанның жаңа президентіне бірінші рет емес, екінші рет барып отыр. Мұның алдында ол мамыр айында Ресей президенті Владимир Путинмен барып, түркімен газын Қазақстан және Ресей арқылы тасымалдау мәселелерін келіскен. Былтыр қайтыс болған Сапармұрад Ниязовтың орнын басқан Гурбанқұлы Бердімұхамедов Түркіменстанды оқшалау қалдырғысы келмейтін сияқты. Президент Назарбаевты қонақ қылған Гурбанқұлы Бердімұхамедов екі ел қатынастары бұрынғыға қарағанда жақсаруы мүмкін деп тұспалдады:

- Екеуара сауда-экономикалық қатынастарды жетілдіру - әріптестігіміздің негізгі басымдылықтарының бірі болып табылады. Бұл тұрғыдан қарағанда, атқара алатын мүмкіншілігіміз үлкен, әсіресе сауда, энергетика, көлік және телекоммуникация сияқты салаларда кең көлемді жобаларды атқара аламыз.

Назарбаевқа қарағанда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Түркіменстанға соңғы рет осыдан тоғыз жыл бұрын ресми сапар шеккен, Ашхабадта ол соңғы рет ресми сапармен 1998 жылы қазан айында болған. Бұдан кейін екі ортада түрлі кекілжің болды, Түркіменстан мен Өзбекстанның қатынастары түрлі себептерден қиындап кетті. Бірақ Ислам Кәрімов енді Тәжікстан мен Түркіменстанға қазан айында ресми сапарлармен бармақ. Ал осы екі елдің екеуі де Өзбекстанмен қатынастарын салқын қабақ жағдайында жүргізіп келеді. Демек, Орталық Азия елдері оқшалануды артта тастап, аймақтық қатынасты сөз емес, іс жүзінде қолға алды деуге бола ма?

Орталық Азия елдерінің басшылары ТМД саммиттері не болмаса Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиттері деген жиындарда бір бірімен араласып тұрғанымен, мұндай дәрежеде алғаш рет қатынас атқарып жатыр. Бұған септігін тигізіп отырған бірінші жағдай – Сапамұрат Ниязовтың қайтыс болып, Түркіменстанның қатаң оқшалану саясатының доғарылуы. Бұрынғы президент Ниязов аймақ шаруаларына қатыспай қойған болатын, тіпті 1996 жылы Талибан қозғалысы Ауғанстан үкіметін басып алғанда Ниязов Түркіменстанның бейтарап дәрежесін сылтаулатып, Алматыда өтіп жатқан қауіпсіздік конференциясына келмей қойған. Ниязовтың орнын басқан Гурбанқұлы Бердімұхамедов мұндай саясаттың тұйыққа апаратынын түсініп, Түркіменстанның сыртқы қатынастарын қалпына келтіріп жатыр.

Орталық Азия елдерінің жақын қатынас орната бастауларына септігін тигізіп отырған тағы бір жағдай – мұнай мен табиғи газ саудасынан қор жинап алған Қазақстан көршілес елдердің экономикаларына ақша құя алатын дәрежеге жетті. Орталық Азия елдері мен халықаралық қауымдастықтың қарым-қатынастары да арта түсті. Бұл да аймақ елдерінің өз ара ынтымақтасуын ынталандырып отыр.
XS
SM
MD
LG