Accessibility links

Орал қалалық соты азаматтық наразылық танытқан жуналистерді әкімшілік жазаға тартты


Орал қалалық әкімшілік соты «Уральская неделя» газетінің 3 журналистері Жанар Дәулетова, Лұқпан Ахмедьяров және Дмитрий Терещенконы қоғамдық тәртіпті бұзды деп танып, Ж.Дәулетова мен Л.Ахмедьяровқа ақшалай айыппұл салып, Д.Терещенкоға ескерту жасау туралы шешім шығарды. Журналистер биылғы жылы тамыз айында елде өткен парламент сайлауында жаппай заң бұзу оқиғалары болғанына көпшілік орнында наразылық танытқаны үшін жазаланды.

Сот айыппұл салған Оралдық Жанар Дәулетова «Азаттық» тілшісіне өздерінің наразылығын туғызған жайтқа қатысты баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы тамыз айының 18-інде Қазақстанда өткен парламент мәжілісі және жергілікті мәслихатқа депутаттар сайлау кезінде заң бұзу оқиғаларына куә болған «Уральская неделя» газетінің 3 тілшісі тамыздың 30-ы, яғни Конституция күні Орал қаласының орталық алаңына барып, өздерінің бейбіт қарсылықтарын жасаған.

- Алдымен Орал қаласының орталық алаңындағы Абай ескерткіші алдына барып, «Қош бол, демократия» деген сөзі бар гүл шоғын қойып, сонсоң қарсылық акциясын жалғыстыра бастауымыз мұң екен, бір топ полицей келіп, бізді сүйрелеп апарып машинаға отырғызып, полиция бөліміне алып келді. Сол жерде не үшін, қандай мақсатпен алаңға шыққанымызды сұрап, жазып алып, үстімізден іс қозғап, сотқа берді. Біз тек өзіміздің конституциялық құқымызға сай, алаңға барып, бейбіт акция өткізбек болғанбыз. Ақыры, енді міне, қалалық әкімшілік соты бізді қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптап, жазаға тартып отыр, - дейді Жанар Дәулетова.

Әкімшілік сотының шешімімен Ж.Дәулетоваға ең төменгі есеп көрсеткіші, яғни 1092 теңге, Л.Ахмедьяровқа ең төменгі есеп көрсеткішінің 3 еселенген шамасында - 3276 теңге ақшалай айыппұлын салынып, Д.Терещенкоға ескерту жасалған.

Қазақстанда сөз бостандығының ахуалына бақылау жасайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры жанындағы ақпараттық бақылау орталығының жетекшісі Ғалия Әженова сот шешімін әділетсіз деп санайды.

«Оралдық журналистер өздерінің конституциялық құқықтарына сай, бейбіт түрде қазіргі қоғамдағы әділетсіз жағдайға қарсы наразы екендіктерін білдіру мақсатында алаңға шықты, бұл - тәртіп бұзушылық болып табылмайды, - дейді ол.

Қазақстандағы адам құқықтары туралы хартия қоғамдық қорының заңгері Аманкелді Шорманбаев бейбіт шеру жасаған журналистерді полицияның ұстап, сотқа беруі халықаралық заңға сай келмейтіндігін айтады.

«Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қол қойып, соны мақұлдаған ел, сондықтан осы халықаралық заңды құрметтеуі тиіс», - дейді А.Шорманбаев.
XS
SM
MD
LG