Accessibility links

Бас Ассамблеяда сөйлеген Буш пен Ахмединежад кедейлік мәселесін, ядролық қару және зұлымдық туралы сөз қозғады


Сейсенбі күні АҚШ президенті Джордж Буш пен Иран президенті Махмуд Ахмединежад БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөз сөйледі. Осыған дейін күтілгендей, Техран мен Уашингтон арасындағы ядролық қарудан бастап, Ирақ бүлікшілдерін қаруландырып отыр деген екі-жақты ашық айыптауларға толы кернеулі мәселелер олардың Бас Ассамблеядағы сөздерінде көтерілмеді.

Буш пен Ахмединежад БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөйлеген сөздерінде өздерінің екі мәселеде келісе алатынын байқатты. Екі президент те баяндамаларында БҰҰ-ын реформалау мен кедейлік тақырыбын қозғады. Иран президенті Ахмединежад кедейліктің зардабын тартып жатқан халық жайында тоқталды.

“Күніне 800 млн адам аш жатады, және 980 млн адам тақыр кедей болса, олардың күніне сатып алу мүмкіндігі бір доллардан да аз. 39 елдің жалпы әлем халқының 9 пайызының орташа өмір сүру жасы 46 жас, демек дәулетті елдегі адамдардан 32 жастай аз өмір сүреді. Әлемнің кейбір бөліктеріндегі байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық қырық есеге өскен. Көптеген елдерде адамдар білім ала алмай жатыр”, - деді Иран президенті.

АҚШ президенті Джордж Буш БҰҰ-ның міндеті кедейлікпен күресу мен аурулардың алдын алуға көмектесу екенін айтты.

“Әлемде миллиондаған бала аштықтан өліп немесе маса шаққаннан құрбан болып жатқанда біз өз міндетімізді орындамай отырмыз. Бүкіл қоғам ғаламдық экономиканың өркендеуінен алыстаса, біз қиын жағдайда қаламыз”, - деді президент Буш.

Сонымен қатар, Буш өз сөзінде Солтүстік Корея, Иран мен Кубадағы режимдерден қуғын-сүргін көріп жатқан адамдардың құқы бұзылып жатқаны жайында айтпай тыныш қалып, Израйлды тым сынап отыр деп, БҰҰ-ның Адам Құқықтарын қорғау Кеңесін сынға алды.

Ахмединежад болса өз кезегінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүмкіндігі бұлыңғыр деп сынай келе, Қауіпсіздік Кеңесі оның айтқанымен жүргісі келмеген елге қатысты айыптаушы, судья және жазалаушы ретінде әрекет етіп отыр деген.

Өзінің 40 минуттық баяндамасы барысында Ахмединежад АҚШ саясатына әр қырынан тиісіп өтті. Ол тура Құрама Штаттар деп ашық айтпады, бірақ оның айтқандарынан қай елді меңзеп тұрғанын түсіну қиын емес болды.

“Өкінішке қарай, белгілі бір елдер, әсіресе адамдардың жеке қорғаушысы болып көрінуге тырысқандар, адам құқықтарын айтарлықтай бұзып жатыр. Құпия түрмелер құрып, адамдарды ұстап, қатысы бар-жоғына қарамастан сотта және құпия жазалап, телефон әңгімелерін тыңдап, жеке е-майлдарын қарау әдеттегі құбылыс әрі қалыпты жағдайға айналды”, - деп астарлап сөйлеген Иран президенті американ саясатын сынады.

Сөйтіп, Ахмединежад Құрама Штаттар деген сөздің орнына тек “алып ел” немесе “өр көкірек билік” деп, ал Ирақ мәселесінде “басып алушы” деп атады. Ол американдықтар өздерінің жеңілістерін жариялап, Ирақтан шығуға еріктері жетпейді деді.

Оның еліне қатысты ең өзекті тақырып - Иранның ядролық бағдарламасы екені белгілі. Бұл тұрғыда Ахмединежад Иран ядролық қару технологиясын дамытуға мүдделі емес, барлық жұмыстар тек бейбіт мақсатта әрі ашық деп табан тіреді. Ол басқа елдер Иранның Халықаралық Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне мүше болу құқынан бас тартуға тырысып және оны саяси мәселеге айналдырды деді.

“Соңғы екі жылда Қауіпсіздік Кеңесіндегі күшті орынсыз пайдаланушылар, өркөкірек елдер әскери әрекеттері мен экономикалық санкциялармен қорқытуға тырысып келеді. Бірақ, құдайға деген сенім әрі ұлттың бірлігімен Иран алға қарай біртіндеп жылжып жатыр. Енді қазір Иранның мемлекет ретінде бейбіт мақсаттағы өнеркәсіптік салада жанар-жағар май мүмкіндігі бар”, - дей келе, Ахмединежад «біздің пікірімізше, Иранның ядролық проблемасы енді жабық» деген.

Ал, Бас Ассамблеяда Ахмеднежадттан ертерек сөйлеген АҚШ президенті Джордж Буш көпшілікті таң қалдырып, Иранның ядролық бағдарламасы немесе АҚШ-тың мәлімдегеніндей Ирақтағы бүлікшілдерді Иран қаруландырып келеді деген айыптаулары туралы ештеңе айтпады. Тіпті, Ирақтағы соғыс туралы да сөз қозғамады.

Оның орнына адамзатты қатыгездіктен азат ету мен еркіндік туралы жазылған Адам құқықтары жөніндегі ғаламдық декларация туралы айтты.

“Біріншіден, БҰҰ-ның миссиясы адамдарды қақтығыстар мен қатыгездіктерден азат ету. Ғаламдық декларацияның бірінші бабы, барлық адам азат болып туады әрі құқықтары мен жағдайлары бойынша тең болуы керек деп басталады. Ол қағидадан кінәсіз адамдарды өлтіріп, адамзатқа өздерінің жаман көзқарастарын таңып террористер мен экстремистер бас тартып келеді”, - деген АҚШ президенті.

Басқа да мәселелердің басын шалған Буш сөз соңында БҰҰ-ның ішкі реформасын бастайтын кез келді дей келе, қауіпсіздік кеңесі кеңейтілсе, Жапония қауіпсіздік Кеңесінің 15 тұрақты мүшесінің қатарын жеңе алады деді.
XS
SM
MD
LG