Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.28.2007 жыл


Қазақстанда нан бағасының қымбаттауы мен кейбір аймақтарда нан тапшылығының туындауы жұма күнгі жарық көрген республикалық басылымдарда көтеріледі. Егер газеттердің бірінде «бағаның көтерілуі жыл сайын болатын құбылыс» деген пікір айтылса, енді бір сарапшылар нанның бағасы Қазақстан егемендік алғалы бері мұншалық шарықтамаған деп есептейді.

«Нан бағасы күн сайын өсуде. Кейiнгi кездерi сан түрлi бөлке самсап тұратын дүкен сөрелерi әп-сәтте қаңырап бос қалатынды шығарды», - деп баяндайды «Түркістан» газетінің тілшісі нан бағасына қатысты Қазақстанда қалыптасқан жағдай туралы. «Осыдан бiр апта ғана бұрын 50 теңге тұратын нан Алматы дүкендерiнде 60-65 теңгеге қымбаттады. Кей жерлерде тiптi, 100 теңгенiң о жақ, бұ жағында. Пештерден қызара бөртiп жаңа ғана шыққан бөлкелердi таңертең алып үлгермесеңiз, ертеңге дейiн нансыз қаласыз», - дейді «Түркістан» газеті. Оған қоса, мақала авторының айтуынша, қазiргi кезде көптеген кiшiгiрiм наубайханалар жабылып қалған. «Сiрә, пайдасынан шығыны көп жұмысты ауырсынса керек. Ал Алматыдағы ең iрi зауыт – «Ақсай-нан» нан шығаруды уақытша тоқтатқан. Жөндеу жұмыстарына байланысты көрiнедi. Дүкен сөрелерiнiң әп-сәтте қаңырап бос қалатыны сондықтан», - деп қорытындылайды ойын мақала авторы.

Дегенмен, «Нан неге қымбаттады?» «Айқын» газеті алғашқы бетінде жарияланған мақала осылай аталады. Әрі қарай мақала авторы: «Нан бағасының өсуіне не себеп? Әлемдегі астық өндіруші ірі мемлекеттердің қатарындағы Қазақстандай аграрлы мемлекет үшін осындай проблеманың туындау сыры неде?» деген сұрақтар қояды. «Былтырдан бері рекордтық деңгейде астық жинап, мерейі үстем болып отырған еліміздің үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығына жасалған қорытынды бойынша дүниежүзінде ұн экспорттаудан бірінші орынға шыққан дақпырты тағы бар. Осындай мол мүмкіндігіміз бола тұра, баға неге ырыққа көнбей тұр?» дейді газет тілшісі. Мақала авторы мұның себебі – «Үкімет қанша қолдан шығарғысы келмесе де, күннен-күнге шарықтап бара жатқан инфляция» деп есептейді. «Электр энергиясы, жанар-жағармай, азық-түлік бағасының көтерілуі негізгі азық – нанға да әсер етпей қоймады. Соңғы айларда ұн бағасы екі есе өсті. Ал нанның негізгі құрамы ұннан тұратыны бәріне де белгілі. Оған нан пісіруге қажетті қант, май, ашытқы бағасын қосып, оларды тасымалдау шығындарының да артқанын ескерсек, наубайханашылардың жағдайын түсінгендей боламыз», - деп топшылайды «Айқын» газетінің тілшісі. Ал «Ақсай нан» нан комбинатының директоры Нәсима Қалиева газет тілшісіне өзі басқаратын кәсіпорынның халық арасында «кірпіш нан» аталып кеткен бөлке нанды дәл қазіргі уақытта дүкендерге 35 теңгеден жіберіп жатқанын, ал 29 қыркүйектен бастап дәл осы бөлке нанның зауыттағы босату бағасы 55 теңге болатынын жасырмапты.

Ал «Панорама» газеті нан бағасының қымбаттауына орай бірнеше мақала жариялапты. Мысалы, бір мақалада газет тілшісі Алматы әкімшілігіне сілтеме жасай отырып, жақын күндері Алматыны нанмен қамту ісі тұрақталады, бірақ нан бағасы қымбаттай беретіндігін жеткізсе, келесі мақалада Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі өз пікірін ортаға салады. Серікболсын Әбділдин «егер үкімет қаласа, 2 миллион тонна астықты тоннасын 200 доллардан сатып алып, оларды ұн жасаушыларға 100 доллардан жіберіп, айырмашылығын бюджет арқылы жабуына қауқары жетеді». «Панорама» сонымен бірге бірқатар саяси партиялар нан бағасының тұрақталуын талап етіп, қол жинап жатқандығын хабарлайды. Мәселен, «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Байменов «нан бағасының көтерілуінің ар жағында нарықтық экономиканың негізгі принциптерінің бұрмалануы, жаппай белең алған сыбайласқан жемқорлық, биліктің жауапсыздығы, жеке олигархтар мен шенеуніктердің мүддесін 15 миллион қазақстандықтың мүддесінен жоғары қойып отырған мемлекеттік саясат жатқандығын» айтады «Панорама» газетінде.

«Литер» газеті нан бағасының қымбаттауы мәселесін президенттік «Нұр Отан» партиясы да көтергеніне тоқталады. Парламент депутаты Рауан Шаекин бағаның көтерілуі бүгін туындамаған, жыл сайын кесе-көлденең шығатын мәселе екендігін айтыпты.

Әйтсе де, «Қазақстан Заман» газеті «биылғы қымбатшылықты жұрт түсіне алмай әлек» деп есептейді. «Әсіресе егемендік алғанымыздан кейін нан өнімдері мұндай көтірлемеген еді», - дейді мақала авторы. Оның айтуынша, «әдетте қымбатшылық басталар алдында жалақыға, зейнетақыға аз да болса үстеме қосылатын. Биыл бағаның көтерілгеніне екі ай өтсе де, үкімет жағы тым-тырыс», - дейді «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі.
XS
SM
MD
LG