Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда электронды хат мазмұны үшін қылмыстық жауапқа тартылған азаматты ақыл-есінің дұрыстығына дәрігерлік сараптама жасау үшін Алматыға әкелді


Қазақстандық бір топ зиялы қауым өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті биылғы жылдың тамыз айының 16-сы күні қамауға алған философ Нұрлан Әлімбековке араша түсіп, ел президентінің атына ашық хат жолдады. Заң орындары «ұлттық және діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен Н.Әлімбековтің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 164-бабының 1-бөлімінде егер кімде кім жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеуметтік, ұлттық, нәсілшілдік немесе діни дүрдараздықты өршітсе онда айыпты саналады делінген. Алайда Қазақстан Конституциясының 18-бабы бойынша әрбір азаматтың хат жазуына құқығы бар және оның құпиялығы сақталуына кепілдік берілген.

Философ Н.Әлімбековтың інісі, оның қоғамдық қорғаушысы, журналист Ораз Әлімбеков өз ағасына тағылған осы айыпты негізсіз деп санайды.

«Өйткені, Қазақстанның қылмыстық кодексінде ұлттық және діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын қолданып жасалса ғана қылмыс болып саналады. Соған қарамай Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтың жеке электронды поштасын көпе-көрнеу бұқаралық ақпарат құралының түріне жатқызып, заңсыз әрекет жасап отыр», - дейді ол.

Сондай-ақ ҰҚК ОҚО департаментінің қызметкерлері Н.Әлімбековты қамауға алған кездерінде оны ұрып-соққан, қабырғасын және бірнеше тістерін сындырған дейді Ораз Әлімбеков.

«Сөйтіп, Қазақстан Конституциясының 17-бабындағы «ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деген бапты бұзып отыр, онымен қоймай Н.Әлімбековтың ақыл-есінің дұрыстығын тексереміз деп оны енді Шымкенттен Алматыға алып келді», - дейді Н.Әлімбековтың қоғамдық қорғаушысы.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім Н.Әлімбековке қатысты істеліп жатқан бұл іс-әрекеттерді заң бұзушылық, бұндай жағдай ертеңгі күні кім-кімнің басына да келу мүмкін дейді.

«ҰҚК қызметкерлерінің айтып отырғандай, Н.Әлімбеков электрондық поштасы арқылы ұлтараздығын және дінараздығын туғызарлық хаттарды адамдарға жолдапты дегенге сену қиын, қанша сұрасам да ешкім де ондай хаттың барлығын көрсете алмады», - дейді ол.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров Н.Әлібековке қатысты барлық істің тек заң шеңберінде жүріліп жатқанын айтып, ешқандай заң бұзушылық жоқ деп отыр.

Қазақстандық бір топ зиялы қауым өкілдері азаматтың құқығын аяқ асты етпеу үшін ел президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хат жолдап, азаматтық құқықтар мен бостандықтың кепілі ретінде осы мәселеге араласуын сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG