Accessibility links

Қазақстанда нан өнімдері қымбаттады


Егерде нан бағасы тұрақтамаса Қазақстанда нан пісіру саласына мемлекеттік монополия енгізіледі. Бұл туралы Астанада қазанның бірі күні өткен үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов хабарлады. Ал нан комбинаттарының иелері соңғы 3 жылдағы нан бағасын күштеп ұстағандықтан нан пісіру тиімсіз болып наубайханалар жабылып жатыр деген уәж айтып отыр.

Облыс әкімдерінің үкімет отырысында берген мәліметінше зауыттан шыққан 600 грамға жуық салмағы бар бірінші сұрыптағы ұннан жасалатын нан бағасы Астана дүкендерінде 55 теңге, Алматыда 65 теңге, ал Ақтауда 70 теңгеге жетті. Кейбір облыс әкімдері тұрмысы мүшкіл адамдар үшін әлеуметтік көмек берсек, нан мәселесін шешуге болады деген көзқарастарын жеткізді. Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша Қазақстанада ресми мәлімет бойынша 3 жарым миллион адам көмекке зәру. Бірақ, нан бағасының қымбаттауына орай арнайы көмек ескерілмеген, тек жергілікті бюджеттерден әдеттегі жәрдемақылар беріледі, дейді ол:

- Жергілікті бюджеттен беріледі: атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй жәрдемақысы.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша алдағы 3 жылға көзделген жәрдемақы сомасы ұлғайтылған:

- Парламентке қазір заң жобасы енгізілген. Келесі 3 жылға жергілікті бюджет шығыстарын есептегенде атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй жәрдемақысының төлемдер сомасы көбейген.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше нан бағасының көтерілуіне астық бағасының өскендігі әсер етті. Елде жиналған астық тазаланғаннан кейін 18 миллион тонна қалады. Бұл астықтың шет елге шығатыны 9 миллион тонна. Қазақстанға 5 миллион тонна қажет. Ол үшін министрлік ішіндегі азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы облыстарда астықтың тұрақтандыру қорлары құрылып жатыр деп хабарланады.

Бірақ, ауыл-шаруашылық министрлігінің орынбасары Дулат Айтжановтың айтуынша, кейбір облыс әкімдері облыстағы тұрақтандыру астық қорын жасаудан бас тартқан. Ал облыс әкімдері керісінше министрлік ішіндегі азық-түлік корпорациясы тұрақтандыру қорларын жасамай тек ниеттеме құжаттар жасаумен шектеледі, дейді. Кейбір сарапшылар астық сататын диқандармен ірі компанияларға Қазақстан астығын корпорацияға арзан бағамен бергенше шет елге шығарып қымбат бағамен сатқан тиімді деген көзқарастарын жеткізді.

Ал әрі астық сатып әрі нан пісіретін «Цесна-астық» корпорациясының бастығы Мещяряковтың айтуынша ол тұрақтандыру астық қорына бидай беруге дайын, бірақ бұл механизмді жақсартып, астық бағасын көбейтеміз деген уәдеге сай нарықтық бағаға жақындату керек, деді.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың айтуынша, нан мәселесі саясатқа айналып барады. Бірақ, бұл экономикалық мәселе, деді ол. Премьер Мәсімовтың айтуынша соңғы екі ай ішінде Қазақстандағы нан бағасы 30 пайызға көтерілді. Бірақ, іс жүзінде тіпті астық бағасының өсуінен кейін ұн бағасының өзгерісінен кейін, бір бөлке нан бағасы 50-55 теңге болу керек, дейді ол. Осыған орай премьер Мәсімов барлық облыс әкімдеріне жұмаға дейін тұрақтандыру қорларын құруды тапсырды.

Ал астықты шет елдерге сататын компанияларға сатылатын астықтың 20 пайызын Қазақстанның ішіндегі тұрақтандыру қорларына тоннасын 200 доллардан сатуды тапсырды. Бұл тапсырма лицензияларға қойылатын талаптарды өзгерту арқасында қадағаланады, деді ол. Бұл шұғыл шаралар, деді премьер. «Егерде бір аптадан кейін нәтиже болмаса, бұл мәселеге орай мемлекеттік монополия қабылданады», деді премьер Мәсімов.

Премьер Мәсімовтың айтуынша нан бағасының өсуіне саладағы монополия әсер теуі мүмкін. Ал индустрия және сауда министрлігіндегі бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Алиақпар Мәтішевтің пайымдауынша нан бағасының өсуіне монополистер кәнілі емес, баға келісімі жоқ, деді ол:

- Монополистер өз жағдайын пайдаланып заңсыз бағаны ешкім көтеріп жатқан жоқ. Сол себептен шешім қабылданды, тұрақтандыру қорларын ашып, сол арқылы монополист болсын нан шығаратын кіші кәсіпорын болсын сол жерден бидай, ұнды алып сол себеппен бағаны сәл төмендетіп, жыл соңына дейін бағаны ұстап тұруға шешім қабылданды.
XS
SM
MD
LG