Accessibility links

Бейжиннің ірі қорлары беймаза әлемге инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр


Қытай әлемдегі ең үлкен қаржы құралы жаңа мулти-миллиардттық инвестициялық қорын таныстырып отыр. Қытайдың Инвестициялық Корпорациясы өз еліне пайда әкелетін шетелдік компанияларға қаржы салатын болады. Бірақ, «Азаттық» радиосының тілшісінің хабарына қарағанда, кейбір адамдар әлем экономикасындағы қаржы қорлары Қытайдың қолында қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.

Әлем тарихындағы ең үлкен инвестициялық қор ғаламдық қаржы саласын жайлап алуы мүмкін. Қытайдың Инвестициялық Корпорациясы 200 млрд долларлық қаржысын шетелдік компанияларға салып отыр. Бұл туралы ресми түрде сенбі күні Бейжинде жұпыны өткен кезекті шарада айтылды. Алайда, оның мүмкіндігі жұпыны дей алмаймыз. Бейжиндік жетекшілер өздерінің мұндай аса ірі қаржы қоры шетелдік стратегиялық өнеркәсіп пен энергия көздерін сатып ала алатын мүмкіндігіне халықаралық қауымдастық алаңдаулы екенін біледі. Ол ақырында Қытайдың қолына көп саяси күш беретін болады.

Қоғамдық ғылымдар жөніндегі Қытай Академиясының аға экономисті Хы Фан Қытайдың Инвестициялық Корпорациясының ықпалды күші әлем базарына үлкен қауіп төндіреді деп пайымдайды. Бұл жаңа қордың басталуы 2005 жылы Қытайдың мұнай компаниясы АҚШ-тың «Юнокал» мұнай корпорациясын 18,5 млрд долларға сатып алмақшы болып, соңында оған АҚШ Сенаты тосқауыл қойған жағдайдан кейін болып отыр.

Американдық заң шығарушылар сол кезде жергілікті энергетикалық компанияларды Қытай сияқты демократиялық емес шетелдік елдің бақылауына беріп қою жөнсіз болар деген. Сенаторлардың тағы бір тобы президент Джордж Бушқа хат жолдап, Құрама Штаттар Қытайдың дүние жүзіндегі энергия көзін берушілерді қолында ұстайтын басқыншылық тәсілінің қаупіне ұшырағалы тұр деген.

Бейжиндегі Экономикалық барлау блогының бас экономисі Гарец Леизер ресми Бейжин ол жағдайдан сабақ алды дейді:

“Қытай дәл сондай проблемаларға тап болып қалудан өте абай болуда. Сондықтан олар қандай да бір үлкен басты тақырыпқа айналатын келісімдерден алшақ қалып отыр”.

Бірақ, олар мамыр айында күтпеген жерден Құрама Штаттардағы жекеменшік капитал – Блэкстонстың 10 пайыз үлесін 3 млрд долларға сатып алды. Одан кейін халықаралық баспасөз Бейжиннің алға басу мүмкіндігі туралы ыждахатты түрде жаза бастады. Соңғы кездегі Қытайдың шапшаң әрекеттері олардың осыған дейін Блэкстонстан қандай да бір орын алуға тырысып жатқан жоқпыз деген сөздерін жоққа шығарды. Бұл тұрғыда экономист Леизер енді қазір Қытайдың инвестиция корпорациясы қор биржасындағы мықты деген компаниялардан аздаған үлес алатыны байқалып отыр дейді. Алдағы келешекті пайымдасақ, олар компанияларды толық сатып алуға тырыспайды. Оның ішінде энергетика саласындағы стратегиялық өнеркәсіп компанияларына ашық қол салмауы мүмкін.

Экономист сарапшы Леизердің айтуынша, бұрындары кең көлемді инвестиция құралын құрған басқа елдер қаржы базарына кедергі келтірмеген:

«Мұнда басқа да үлкен қорлар бар, әсіресе өте ұзақ жұмыс істеп жатқан қор Таяу Шығыста. Және бұл алаңдаушылық болса да, Батыстық бизнесмендердің мүддесіне іріткі салу жолымен қолдану Қытай үкіметінің мүддесі емес. Олар өздерінің кірістерін тым ұлғайтқысы келеді, сондықтан олардың компаниялардың аздаған үлесін алып отырғаны екі тараптың да мүддесі».

Бейжиннің айтуынша, Қытайдың инвестиция корпорациясының мақсаты – Қытайдың өз қорындағы 1,3 триллион доллардан түсетін пайданы өсіру. Бұл қаржының шамамен үштен екі бөлігі АҚШ-тың доллар қорына, оның ішінде Құрама Штаттардың құнды қағаздарына салынып жатыр.
XS
SM
MD
LG