Accessibility links

Еуропарламент мүшесі Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінде танысу сапарымен жүр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазанның екісі күні Алматыда, Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінде танысу сапарымен жүрген Еуропарламенттің халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі және Еуропарламенттің Орта Азия жөніндегі негізгі баяндамашысы Джем Оздемир, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету ниетіне өз комитетінің қолдау білдіретінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Еуропарламент Өзбекстандағы президенттік сайлауға бақылаушылар жіберу мәселесін әзірге шешпегенін айта келіп, «ол мемлекетте президенттің үшінші мерзімге сайлануынан да өзгеше қоғамда қордаланған мәселелер көп» деп атап өтті.

Еуроодақ Орта Азия мемлекеттерінің экономикалық тұрғыдан болсын, саяси еркіндік тұрғыдан болсын, әр деңгейде екенін ескеріп, осы ерекшеліктеріне сай аймақтың әр мемлекетімен қарым қатынаста ерекше стартегия құрмақшы. Осы мақсатта аймақпен жақын танысып, қортындысында Еуропарламент алдында баяндама жасау үшін, Еуропарламент мүшесі Джем Оздемир мырза Қазақстанға келіпті. Әрине, ол сапары барысында республикадағы экономиканың күре тамырын ұстап тұрған министрліктердің басшыларымен қатар қоғамдық ұйым жетекшілері, оппозиция мүшелері, саяси партия басшылары және т.б. ұйым өкілдерімен кездесіп, танысып, пікір жинап жүр. Осы орайда ол сейсенбі күні Алматыда журналист қауыммен кездесу барысында, Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тек энергетика саласын ғана қамтымайды дей келіп, Қазақстанның ОБСЕ ұйымына 2009 жылы төрағалық ету мәселесіне де тоқталды.

«Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуге деген ұмтылысын менің тобым қолдайтынын айтқым келеді. Бұл бір жағынан Қазақстан үшін әлемге танымал бола түсу болса, екінші жағынан Қазақстандағы демократияның ілгерлей түсуіне, азаматтық қоғам іргесінің нығая түсуіне жол ашып, ол процестерге бүкіл қоғам ат салысып, сөз бостандығы, шерулер бостандығы және басқа да негізгі құқықтардың нығайуына септігін тигізген болар еді», - деді Еуропарламент өкілі.

Тілші қауымды алдағы желтоқсан айында өтетін Өзбекстандағы презиенттік сайлау мәселесі де қызықтырды. Оған Оздемир мырза Еуропарламент бақылаушыларын жіберу туралы шешімін әзірге қабылдамағанын айтты.

Сонымен қатар ол «Өзбекстандағы проблемаларға Ислам Каримов өзін прзезиденттікке үшінші рет ұсынылып отырғаны тұрғысынан қарамау керек» деген ой айтты.

«Ондағы мәселе – мемлекеттің қай бағытта дамып бара жатқандығында, олар қаншалықты өздерін әлемнің бір бөлшегі ретінде қабылдай алатындығында, жалпы, қоғамның даму бағытына сәйкестігінде, қоғамның ашықтығында, демократияның дамуында. Ондағы басшылық келешекті ойлап, келер буын қай бағытта дамитындығына көңіл бөлгені жөн. Мен тағы да айтқым келетіні – біз үшін ондағы тұрақтылық өте маңызды, бірақ демократия мен қоғамның ашықтығы да маңызды боп табылады».

Сонымен ол аймақпен танысу сапарын Қырғызстанмен жалғастырмақшы. Ал аймақ туралы қорытынды баяндама алдағы бір-екі айда жариялануы керек. Десе де ол Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым қатынас тек энергетика саласын ғана қамтымай, мәдениет, білім беру саласымен де жалғасын табады деп сендірді.
XS
SM
MD
LG