Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан тағы бір бала анықталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 133-ке жетті. Сонымен қатар індетті 17 ана жұқтырған. Сөйтіп, өткен жылдың көктемінен бері осы облыста дәрігерлер кінәсінен ВИЧ індетін жұқтырғандардың жалпы саны 150 адам болды.

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан балалар санының 133-ке жеткендігі туралы осы облыстың денсаулық сақтау департаментінің директоры Вячеслав Дудник ресми түрде ақпарат құралдарына хабарлаған. Ол індетті жұқтырған балалардың ішінде облыс тұрғындарынан басқа балалар да бар. Індетті жұқтырған 133 баланың 2-уі Қазақстанның өзге облыстарынан. Олардың бірі Семейден, ал екіншісі Алматы облысының тұрғыны екендігін айтқан. Оның айтуынша, бұл балалардың екеуі де Оңтүстік Қазақстан облысы емханаларында кезінде емделген. Алайда бұл ақпаратқа орай облыстық СПИД орталық қосымша дерек беруден бас тартты. Осы облыстық СПИД орталығының мәліметтеріне сүйенсек, ВИЧ індетін жұқтырған 133 баланың 10-ы қайтыс болған. Ал 1-еуі шетелдіктер асырауына берілген. Сонымен қатар індетті 17 ана жұқтырғаны айтылып отыр.

«Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қоғамдық қорының бұрынғы төрағасы Сағадат Масауров: «ВИЧ індетіне шалдыққан балалардың жағдайы жыл өтпей жатып қоғам назарынан тыс қалды. Президент атына хат жазып кейбір ата-аналарға үй-жай салып алатын жер, кейбіріне пәтер берілсін деген талабымыз жартылай орындалып жолда қалда қалды. Былайша айтқанда, бір сарынға түсіріп бұл проблеманы үкімет күн тәртібінен ысырып қойды. Ал өтемақы жайлы ешкім сөз қозғағысы да, тыңдағысы да келмейді. Жарты жылдан кейін-ақ ешкімге керек болмай қалдық», дейді.

«ВИЧ инфекциясына шалдыққан бар баланың жауапкершілігін мемлекет мойнына алуы керек. Өйткені,бұл Қазақстандағы ең үлкен трагедия. Себебі, бұл көзге көрінбей тұр адамдар қырылып қалған жоқ. Бірақ балалар мен аналардың күн өткен сайын үнсіз-түнсіз өліп бара жатқандығы шынында да үлкен трагедия. Бұл жерде үкімет әр баланың емделуі 100 мың екен деп қарап отырмау керек. Қазақстанда ақша жетеді. Бұл балаларды шет елге жіберіп емдету керек. Оларға өле-өлгенше тамаша өмір сыйлау керек. Бұл мемлекеттің міндеті. Себебі, мұны жасап отырған мемлекет. Біреулер келіп таратып, шпиондар келіп құдығымызды улап кеткен жоқ. Және осыған кінәлі адамдарды өте қатаң жазалау керек еді. Өкінішке орай, ешкім лайықты жазаланған жоқ», дейді «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының белсендісі Дос Көшім.

Ал саясаткер Асылбек Қожахметов: «Қазақстанды дүрліктірген оңтүстіктегі ВИЧ инфекциясы денсаулық сақтау саласына қозғау салған жоқ. Бұл саланың бүгіні сын көтермейді», дегенді айтады. Оның пікірінше, ВИЧ індетінен кейін министрліктің басшысы ауысып, ақша көбірек бөлінгенімен қарапайым халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы көтерілген жоқ.
XS
SM
MD
LG