Accessibility links

Украинаның жаңа парламентінде қай партия басымдыққа ие болады?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Сайлаушылар даусының 99 пайызы есептелгеннің өзінде Украйна парламентінің сайлау қорытындысы әлі белгісіз боп тұр. Бұдан бұрынғы көрініске қарағанда Батысшыл бағыттағы қос блок біріге отырып, жеңіске жеткендей еді. Дей тұрғанмен соңғы қорытындыны тек сайлаушылар даусына қарап қана белгілеуге ертерек сияқты.

Қыркүйектің 30-ы күні болған Украйна парламенттік сайлауларында үкімет басшысы Виктор Януковичтің Аймақтар партиясы 35 пайыз дауысқа, ал Юлия Тимощенконың оппозициялық блогы 31 пайыз қолдауға ие болған еді. Мұның өзі Тимощенко блогы үшін өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайыз дауыс артық жинақталып, үлкен көрсеткіш болған еді. Президент Виктор Ющенконың Біздің Украйна - Халықтың өзін-өзі қорғау блогына 13 пайыздық жеңіс тиесілі болған еді. Тимощенко мен Ющенко блогы біріге келіп, 450 орындық Верховна Раданың көп орынын иеленіп, жаңа үкімет құруға мүмкіндік болады, деген ой Тимощенкода болған еді.

Алайда, Орталық сайлау комиссиясы елдің оңтүстігі мен шығысындағы дауыстарды есептеп болған кезде жағдай өзгергендей болды. Дауыстардың 99 пайызы есептелген кезде Аймақтар партиясына 34,27 пайыз, ал Тимощенко блогына 30,78 пайыз, Ющенко блогына 14,20 пайыз дауыс тиесілі болып отыр. Демек Ющенко-Тимощенко одағына парламенттегі 229 орын тиюі мүмкін. Аталған сайлауларда Социалистер партиясы 2,87 пайызға қол жеткізіп, парламентке ену үшін қажетті 3 пайыздық шек-шамадан аса алмай қалды. Дей тұрғанмен, социалистер дауыстарды қайта санатамыз, деп отыр. Егер олар өз мақсаттарына жетіп, 3 пайыздан көп дауысқа ие болып, парламентке енсе, онда Ющенко-Тимощенко одағы өз одағына тағы үшінші одақтас партия іздестіруі керек. Коммунистер мен социалистер партиялары оларға қол емес. Жалғыз қалып тұрған мүмкіндік - бұрынғы парламент төрағасы Володимир Литвиннің блогы. Демек аталған блок дәл қазір қай тараптың шын жеңіске жететіндігін анықтаушыға айналғандай.

Кейбір сарапшылар пікірінше, тіпті Янукович пен Ющенко өзара коалиция құруы мүмкін. Мұнда социалистердің ену-енбеуі екіталай. Сондай-ақ, Аймақтар партиясы мен Коммунистер, Социалистер және Литвин блогы да өзара одақтасуы ықтимал. Осылайша математикалық есептер мүмкіндігі бірнешеу болып тұр. Демек аталған сайлаулардағы жеңіс иесінің кім екендігі парламенттік көпшілік құрылғанда ғана белгілі болмақшы. Жаңа парламент иннагурациясы өткеннен кейінгі бір ай ішінде мұндай көпшілік блок құрылып үлгеруі керек. Бұл - Украйна конституциясының талабы. Егер оған дейін нақты қорытынды бола қоймаса, онда Ющенконың парламентті таратып, жаңа сайлауларды шақыруына хұқы бар. Соңғы 3 жыл ішінде осымен үшінші рет парламенттік сайлаулардың өткізілгенін ескерсек, келесі сайлаудың өткізілу мүмкіндігі шамалы ғана сияқты.
XS
SM
MD
LG