Accessibility links

Алматыда «Шаңырақ ісі» бойынша сот үкімі шықты

  • Досан БАЙМОЛДА

Қылмыстық жауапқа тартылған 25 адамның 4-уі 14-18 жыл аралығында түрме жазасына кесіліп, 1 адам ақталып, 20 кісі 3-5 жыл аралығында шартты жазамен сотталды.

2004 жылдан бастап, Шаңырақ елді мекенінде бос жатқан жерге үй баспана салып алғандары үшін билік тарапынан қудаланып, ақыры 2006 жылы шілденің 14-і күні Шаңырақта өздері иеленіп тқрып жатқан үй, баспана, жер телімдерін қорғаған тұрғындар мен заңсыз деп танылған осы үйлерді қиратуға келген сот шешімін орындаушылар және оларға көмекке келген полиция қызметкерлері арасындағы қақтығыс кезінде бір полиция қызметкері қаза болған еді.

Құқық орындары осы Шаңырақ оқиғасына қатысты 25 адамның үсітінен қылмыстық іс қозғап, 9 ай бойы жүрген сот процесі ақыры аяқталып, жұма күні Алматы қалалық соттың төрағасы Адайбек Бейімбетов басқарған судьлар тобы сот үкімін жариялады.

Жұма күні Алматы қалалық сот үйі маңайын полицейлер қоршап, көшенің екі жағын бекітіп, ашық сот деп алдын ала жарияланса да, үкім оқылатын сот мәжілісіне ешкімді ішке кіргізбей тұрды. Сот үкімін естуге келген Шаңырақ тұрғындарының көбі көшеде қалды.

Ал қалалық сот үйінің үлкен залы алдын ала киімді, киімсіз полиция қызметкерлерімен толтырылып, ішке тек Шаңырақ сотында қоғамдық қорғаушы болып қатысқан адамдар мен кейбір телеарна, радио және газет тілшілері ғана болды. Судья А.Бейімбетов жанындағы екі судьямен бірге сот үкімін таңертеңгі сағат 10.00-нан сағат 17.30-ға дейін үзіліссіз оқыды.

Сот үкімі бойынша ақын Арон Едігеев (Атабек) Шаңырақ тұрғындарын жаппай тәртіпсіздікке шығуға үгіттеп, полиция қызметкері Бейсеновтың өліміне себепкер болды деп айыпталып, 18 жыл мерзімге қатаң тәртіптегі қамау орнында бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деп айыпталған тағы үш адамның бірі Құрманғазы Өтегеновты сот 16 жылға, Ерғанат Тараншиевты 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Ал жаппай тәртіпсіздікке қатысы болды деп полиция тарапынан қылмысқа тартылған Медеу Азанбаевты сот айыпсыз деп танып, ақтады. Қалған 20 адамды 3-5 жыл аралығында шартты түрде бас бостандықтарынан айыру жазаларына кесті.

Сот үкімі бойынша ең ұзақ мерзімге жаза арқалаған Арон Атабектің әйелі Жайнагүл Айдарханқызы «Азаттық» радиосына берген сұқбатында өз күйеуінің ешбір жазықсыз сотталып отырғанын, ол тек Шаңырақ тұрғындарын қорғау үшін барғанын, ал оның полиция қызметкерінің үстіне керосин құйып, өртеді деген айыптың негізісіз екендігін айтты.

9 айға жалғасқан сот процесіне Шаңырақ тұрғындарының қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысқан Жасарал Қуанышәлі сот үкімінің заңсыз екендігін айтады.

«Сот тыңдауы барысында А.Атабек, Қ.Өтегенов, Е.Тараншиев және Р.Тұяқовтың полиция қызметкері Бейсеновтың өліміне ешбір қатыстары болмағаны, барлық түрде дәлелденсе де соттың осындай шешімге барып отыруы Қазақстанда әділ соттың жоқ екендігін білдірумен бірге соттың билікке тәуелді екендігін тағы бір рет көрсетіп берді. Енді алда тағы бір әділдікті іздеп көретін жол бар, ол - Алматы қалалық сотының бұл шешіміне байланысты 15 күннің ішінде Жоғарғы сотқа аппеляциялық арыз шағым түсіру. Енді қоғамдық қорғаушылар мен адвокаттар соған дайындалуымыз керек», - дейді қоғамдық қорғаушы Жасарал Қуанышәлі.
XS
SM
MD
LG