Accessibility links

Кедендік жүк өткізуге қатысты үкімет қаулысы өз күшіне енбекші


Бұған дейін кәсіпкерлер және жеке адамдар Қазақстан территориясына шетелден жүк кіргізгенде жалпы жүк бағасының 17 проценті көлемінде кедендік баж алымын төлейтін. Бұл кедендегі жемқорлықтың тууына апарғандықтан үкімет осы бір қоғамдағы жағымсыз құбылыспен күресу мақсатында биылғы жылдың тамыз айының 28-і күні кедендік баж алымын алудың жаңа тарифын енгізу жөнінде шешім қабылдаған болатын.

Сол үкімет шешімі осы айдың 13-і күні өз күшіне енгелі отыр. Үкімет шешімі бойынша бұдан былай кәсіпкерлер не жеке адамдар Қазақстан жеріне жүк кіргізгенде кедендік баж алымы ретінде жүктің әрбір килограмм салмағына 0,6 еуро көлемінде ақша төлейтін болады. Бұл біріншіден бұрынғыдай кеден саласындағы кейбір заңсыз іс әрекеттерді болдырмауға әсер етсе екінші жағынан адамдарды заңдылыққа үйренуге жетелейді дейді Қазақстандық кеден декларациясын иеленушілер одағының төрағасы Нұрлан Бұршақбаев.

Ал ‘Нұрлы-іс‘ атты компанияның президенті Рабқат Емелбаевтың айтуынша кеден жұмысына жаңадан енгелі отырған осы жаңа тариф ең алдымен кедендегі сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабатын көірнеді.

Олай дейтінім бұрын сіз Қазақстан жеріне жүк кіргізерде кеден арқылы қымбат костюмдерді кеденшілермен сыбайласып арзан костюм деп есептетіп соның 17 процентін ғана төлеп келсеңіз енді жаңа тәртіп арқылы ондайға жол берілмейді. Жаңа заң бойынша сіз не алып келе жатсаңыз да бәрібір тек сол жүктің салмағы бойынша ақша төлесеңіз болды дейді ол.

Сондай ақ оның айтуынша бұған дейін Қытай секілді елдерден қазақстандық кәсіпкерлер құрылыс материалдары бола ма киім кешек бола ма әкелгенде кеденшілер көп жағдайда жүктің бағасына қарай емес жүктің иеленген көлемі яғни қанша шаршы метр көлемі бар жүк әкелгеніңізге байланысты әрбір текше метр жүкке 220 АҚШ доллары деп бағалап ақша алатын, бұл кәсіпкерлер мен кеденшілердің өздері тауып алған заңсыз қылықтары болды бұл кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықтың күшті дамуына әсер етті дейді ‘Нұрлы-іс‘компаниясының президенті Р.Емелбаев.

Ал қазақстандық кәсіпкер, Қытайдың ‘Динхуа‘ компаниясында жұмыс істейтін Қайрат Әбибулланың айтуынша бұған дейін Қытайдан Қазақстанға жүк өткізетін көпшілік кәсіпкерлер үшін ‘Хоргос‘ шекара-кеден бекеті ең бір қиын жерге саналатын.Өйткені кедендегі жемқорлыққа байланысты жүк артқан ‘Камаз‘ дар шекарада апталап, айлап тұратын. Кім кеденшілердің қалтасына көбірек ақша салады сол тезірек өтіп кете алатын, содан болып кәсіпкерлер көп ақшаларынан айырылатын дейді ол.

Қазақстандық кеден декларациясы иелері одағының төрағасы Нұрлан Бұршақбаевтың айтуынша кедендегі жаңа баж алымы алдағы уақытта кәсіпкерлер үшін тиімді бола ма жоқ па дегенді уақыт көрсете алмақшы. Сондықтан біз осы жаңа заңның қалай іске асырылатындығына мониторинг жүргізуді жөн санадық дейді ол.
XS
SM
MD
LG