Accessibility links

Қазақстан оппозициясы үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп наразылық митингін өткізбекші

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанның демократиялық күштері елде баға мен тарифтердің шұғыл және негізсіз өсуіне наразылық ретінде қазанның 13-і күні Алматыда бүкілқалалық наразылық шарасын өткізбек. Олар соңғы екі ай ішінде елдегі экономикалық-әлеуметтік дағдарысқа жауап бере алмаған үкіметтің отставкаға кетуін талап етпек. Сондай-ақ, осы жылы өткен сайлау алдында біріккен оппозициялық екі саяси ұйым - «Нағыз Ақ жол» мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары бір-бірінен қайта бөлінбек. Олар болашақта бұрынғыдай бөлек партия ретінде өздерінің саяси қызметтерін жалғастыратындықтарын мәлімдеді.

Қазақстан оппозициясының өкілдері қазанның 13-і күні бағаның қымбаттауына байланысты наразылық білдіріп көшеге шықпақшы. Оппозиция өздерінің бұл шарасы қорғансыз отандастары - қариялар мен балалар үшін, Қазақстанның жарқын болашағы үшін керек деп отыр. Қазанның 9-күні Алматыда баспасөз өкілдері алдында осындай мәлімдеме жасаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай жұртшылықтан қолдау сұрады.

- Біріншіден, бұл митингіге елдегі болып жатқан мәселелерге, соның ішінде қымбатшылыққа бей-жай қарай алмайтын, халықтың жағдайына жанашырлықпен қарайтын барлық ұйымдар мен партияларды шақырамыз. Екіншіден, осы екі ай ішінде елдегі баға дағдарысына жауап бере алмай отырған үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз, - деді Жармахан Тұяқбай.

Демократиялық күштер өкілдері соңғы екі ай ішінде бүкіл қазақстандықтардың азаматтық акциясын өткізуге билік мүмкіндік туғызбай отыр дейді. Олардың айтуынша, республиканың алты облысында әлеуметтік мәселелерді қозғау үшін өткізілмек болған митингілерге билік рұқсат бермей қойыпты. Бір ғана Алматы қаласының өзінде осындай митингілер өткізу үшін үш рет қалалық әкімшілікке өтініш берілген екен. Алайда, «қала күні», «бауырсақ күні» деген сияқты түрлі шараларды сылтау еткен әкімшілік үшінші рет митингі өткізуге мүлде тиым салған. Соған қарамастан, «Нағыз Ақ жол» партиясы жетекшілерінің бірі Болат Әбілов қала халқын қазанның 13-і күні Алматы орталығындағы Астана алаңына шығып баға мен тарифтердің көтерілуіне өздерінің азаматтық қарсылықтарын білдіруге шақырды.

Оппозиция өкілдерінің бұл бастамасын қатардағы азаматтар қаншалықты қолдайды? Осындай сауалдармен кейбір азаматтарды сөзге тартқан едік. Солардың бірі Ғаділбек есімді азамат: «Қалай болғанда да бағаның көтерілуіне қарсылық білдіру дұрыс. Осындайда оппозиция өзінің күш екендігін, халықты ұйымдастыра алатындығын көрсетуі тиіс. Жоспарлаудың, жобалаудың қажеті жоқ. Шығатындар көбінесе сол зейнеткерлер болады. Нан бағасының көтерілуіне студенттер де қарсы деп естіп жатырмын. Бірақ, оларды ұйымдастыратын күш керек. Ұйымдастыруы мықты болса барлығы да шығады», дейді.

Алматы тұрғыны Гүлжамал Құсайынова өзінің көшеге шығуға дайын екендігін жеткізді.

- Әрине, шығамын. Бағаның көтерілуіне қарсымын және біздегі баға аяқ астынан, негізсіз көтеріледі. Оп-оңай, теп-тегіс жерден баға көтеріледі де оның не үшін көтеріліп жатқандығын білмейміз. Мысалы, бір күнде 200 теңге болып тұрған 2 килограммдық ұн, ертеңіне 270 теңге болып тұрды. Оны ешкім түсіндіре алмайды. Бір қызығы, қаланың әр ауданында баға әртүрлі көтерілген. Әр саудагер, әр кәсіпкер бағаны өз бетінше көтеріп алған. Бұған бір тиым, қарсылық болу керек. Халық өзінің наразылығын білдірмейінше тоқтау болмайды. Бұл жерде халықтың күші керек. Өйткені, оппозицияның айтқаны аз. Бұл бағаның көтеріліп отырғандығының да себебі - халық өзін күш ретінде сезініп, қандай мәселеге болмасын қарсы пікірін айтуға жарамай келгендігінің белгісі деп ойлаймын, - дейді Гүлжамал Құсайынова.

Сондай-ақ демократиялық күш өкілдерінің ақпарат құралдарына жасаған тағы бір мәлімдемесі – ол сайлау алдында біріккен оппозициялық екі саяси ұйым – «Нағыз Ақ жол» мен Жалпыұлттық социал демократиялық партиялар бір-бірінен қайта бөлініп болашақта жеке-жеке саяси одақтас күш ретінде жұмыс істейтіндіктері жайында болды. Сондықтан «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілері алдағы уақытта партия съезін шақырып, партияның болашақтағы қызметін толықтай жаңарту жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқандығын хабарлады. «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілірінің бірі Болат Әбілов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен әріптес, одақтас партия болып қала беретіндіктерін айтты.
XS
SM
MD
LG