Accessibility links

Президент Назарбаев Орталық Азия экономикалық Одағын құру идеясын ұсынды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Душанбеде өткен ТМД саммитінде баспасөз өкілдерінің сұрағына жауап берген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия аймағында Ресейсіз экономикалық одақ құру идеясын ұсынды. Қазақстандық сарапшылар президент Назарбаевтың мұндай мәлімдеме жасауының бірнеше себебі барын айтады. Соның ішіндегі бастысы - есін жиған Ресейдің жалпы геосаясаттағы белсенділігінің ауыртпалығы бірінші кезекте ТМД елдеріне әсер етіп отырғандығында деп түсіндіреді.

Рейтер агенттігінің таратқан ақпаратында Қазақстан президенті өз мәлімдемесінде «Еуропалық одақта Франция мен Алманияның дауыстары ескерілгенмен, одаққа кіретін кішігірім мемлекеттерсіз ешқандай шешім қабылданбайды» дегенді атап айтқаны келтірілген. Душанбедегі саммитке Украина президенті өз еліндегі себептермен және Франция президентімен кездесу жоспары барлығынан қатыса алмады. Десе де ТМД-ға қатысты біраз шешімдер Душанбеде қабылданды. Қазақстан президенті осыны тұспалдады ма, жоқ қандай да шешімдерді қабылдауда Ресей үстемдігінің артып отырғанын мегзеді ме? Осы сауалдармен Қазақстанның бірқатар сарапшыларынан пікір сұраған едік.

«Назарбаев құрылмақшы боп жатқан Кедендік одақ комитетіндегі үлес мөлшерінің Ресей пайдасына асып кеткеніне наразы болды. Ресейге ол комитеттегі 57 пайыз тиесілі болды да, Белорус пен Қазақстан қалған орындарды бөлісті. Демек ол комитет Ресейге тиімді кедендік саясат жүргізуге бейім болуы әбден мүмкін. Назарбаев кедендік одақтан соң келешекте біртұтас экономикалық кеңістік құрылатынын ескерсек, осыған наразы болды», - дейді Алматыда орналасқан «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев.

Сәтпаев президент Назарбаевтың мұндай мәлімдеме жасауына тағы бір себеп барын айтады.

«Назарбаев посткеңестік кеңістіктегі кезінде өзі ұсынған интеграциялық идеялардың біразын Путин өз қолына алғысы келіп отырғанын сезіп, соны қызғанып отырғандай. Бірақ одан Ресей мен Қазақстан арасы салқындайды деген, қандай да алысқа кетерлік қортынды шығарудың еш қажеттігі жоқ. Себебі, олар бір-біріне қажет елдер. Назарбаев кәнігі саяси күрескер ретінде Ресейдің өктемдігі артып бара жатқанын сезіп отыр. Олар ТМД елдеріне қатысты өз саясатында Ресейді бұрынғы күш-қуатын қалпына келтіріп, өз мүддесін қатаң қорғау керек деген ұлттық-патриоттық идеологияны белсенді пайдаланып отыр. Ал ТМД аумағында интеграциялық идеялардың негізгі идеологымын деп санайтын Назарбаев үшін Қазақстанның аймақтағы ролінің артқа шегініп бара жатқаны ұнамай отыр», - дейді талдаушы.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаев Путин басшылығындағы Ресей өз белсенділігін бар салада көрсетуге тырысуда, ал ол бірінші кезекте ТМД елдерінде байқалады дейді. Бұл ойды тәуелсіз саясаткер Айдос Сарым да айтып отыр.

«Ресейдің бұрынғы Одақтың кезіндегі, империяның кезіндегі өзінің саясатын жандандырғысы келіп отырғаны анық. Соңғы кездері Ресей басшылары мен саясаткерлерінің көптеген айтып отырған ойлары, ұсыныстары осыны мегзейтін сияқты. Назарбаевтың айтқандаары соларға тойтарыс беруге бағытталған сияқты. Оның үстіне қазір Ресейде сайлау келе жатыр, соның кезінде әртүрлі ойлар айтылады. Соның алдында әр елдің өзінің саясаты бар, соны көрсеткісі келген сияқты. Үшінші жағынан, Назарбаевтың баяғыдан айтып келе жатқан әңгімесі – Қазастанды Орта Азия лидері ету ниеті бар. Соны да алға қарай итермелегісі келетін сияқты. Және ондай мүмкіндік қазір Қазақстада бар да сияқты. Инвестиция салу, ортақ жобаларды іске асыру арқылы Қазақстан аймақтағы лидерлік мүмкіндіктерін арттыра береді», - дейді Айдос Сарым.

Сонымен қатар А.Сарым аймақ елдеріндегі жағдай осы түрінде сақталса ондай Орта Азиялық одақ орнай қалуы мүмкін емес деп есептейді:

«Егер дәл осындай жүйедегі жағдай сол елдерде сақтала беретін болса, онда одақтың болашағы жоқ. Себебі, мысалы үшін, Еуропалық одақ қазіргідей одақ болуы үшін бүкіл елдер алдымен саяси жүйелерін, екіншіден, экономикалық жүйелерін бір жөнге келтіріп алды. Олардың арасында үлкен қайшылық жоқ. Ал Орта Азиялық одақтың осыған дейін 4-5 түрі болды. Бәрі сөз жүзінде ғана болмаса, іс жүзіне аспады. Оның іске аспауының себебі – Орта Азия лидерлерінің арасындағы қайшылықтар және сол елдердегі экономиканың, саясаттың жабықтығы. Дәл қазіргідей жағдай қалыптаса берсе, әрине, ондай жобалар іске аспайды».

Алматыда шығатын «Мир Евразии» журналының редакторы Эдуард Полетаев Ресей Қазақстанның аймақтағы ролінің артуына мүдделі және Орта Азияның экономикалық одақ құруна еш қарсылығы жоқ дейді.

«Кремль Қазақстанның Орта Азия аймағында лидерлік ролінің қалыптасуына ешқандай қынжылыс білдіріп отыр деп айта алмаймын. Меніңше, Кремль аймақтағы тұрақтылыққа ең мүдделі Қазақстан екенін мойындаса керек. Екіншіден, Астана, Кремль үшін, Украйна не Грузия сияқты аумалы-төкпелі емес, ең сенімді әріптесі. Үшіншіден, Ресей Орта Азия мемлекеттерінің ешқайсысымен тікелей шекаралас емес. Ал Ресейдің Қазақстанмен шекарасы тыныш болуы үшін, айталық заңсыз мигранттар болсын, есіртікі болсын, заңсыз тауарлар болсын - олардың бәрі, Қазақстанның аймақтағы лидерлік ролі артқан сайын, кеми береді. Ресей соған да мүдделі деуге болады», - деп түйіндейді сарапшы Э.Полетаев.
XS
SM
MD
LG