Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.11.2007 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда бүгінгі Қазақстан қоғамын алаңдатып отырған қымбатшылық мәселесі және үкіметтің осыған дәрменсіздік танытып отырғаны туралы, сондай-ақ Еуропа Одағының жоғары дәрежелі өкілі Хавиер Солананың Қазақстанға сапары барысында қазақ мұнайы мен газын Еуродаққа тасымалдау мәселесін көтергені жайында айтылыпты.

Еуропа Одағының сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселесі жөніндегі жоғары дәрежелі өкілі Хавиер Солана сәрсенбі күні Астанада болған кезінде Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесті. Осы кездесуде Х.Солана Қазақстан басшысын Еуропа Одағының жуырда қабылдаған Орталық Азия және Қазақстанға қатысты жаңа стратегиясымен таныстырды деп жазады «Литер» басылымы. Газет тілшісінің жауына қарағанда, бүгінгі күні Еуроодақ Қазақстанның ең негізгі сауда әріптесі болып отыр. 2006 жыл жағдайымен сауда айналымы 22,7 млрд долларды құрапты. Еуроодақ өкілі Қазақстан басшылығымен болған кездесуде Орталық Азиядан Еуропаға табиғи газды Каспий теңізі арқылы тасымалдау жолының өте маңызды болып отырғанын, сондай-ақ Қашаған мұнай кенішін игеру мәселесіне қатысты Италияның «Ени» компаниясымен Қазақстан үкіметі арасындағы келіспеушіліктің бейбіт жолмен дұрыс өз шешімін табатындығына сенім білдірді деп жазады «Литер» басылымы.

Осы тақырыпқа көңіл бөлген «Экспресс-К» газеті бейсенбілік санында Еуропа одағының жоғары дәрежелі өкілі Хавиер Солана мырза Қашаған мұнай кеншін игеруге қатысты болған бұл жағдайды саяси проблема ретінде қарастыруға әсте болмайтындығын бұны тек компаниялар арасында бола беретін қалыпты жағдай ретінде түсінген жөн деген ой айтқанын жазыпты. Осы газетте жарық көрген тағы бір мақала бұл соңғы кезде Қазақстанда бой бермей бара жатқан қымбатшылық мәселесі мен соған сай инфлияцияны қалай ауыздықтау туралы сәрсенбі күні парламент мәжілісінде болған талқылау туралы айтады. Депутаттар инфляцияның бүгінгі деңгейі үкімет жоспарлаған 6-8 проценттік деңгейден асып кетті деп байбалам салуда, өйткені соңғы айда азық түлік бағалары аспанға бірақ шықты ал бұны қалай тоқтату жолын үкімет білмей дәрменсіздік танытып отыр деп жазады «Экспресс-К» газеті.

Апталық «Түркістан» газеті де соңғы айда Қазақстанда болып жатқан қымбатшылық мәселесін көтерген «Үкімет неге дәрменсіз?» деген мақаласында нан бағасына қатысты мәселенің қазір саяси реңк алып бара жатқанын, 22 миллион тонна астық жинаған Қазақстан өз азаматтарын неге арзан нанмен қатамасыз ете алмай отырғаны туралы жазады басылым. Газет мақаласында айтылғандай, бүгінгі таңда Қазақстанда 3 миллионға жуық адам әлеуметтік көмекке зәру жағдайда тұрып жатыр. Олардың 187 мыңы сіңірі шыққан кедей, сондықтан олардың кез-келгені қазіргі 60-65 теңге тұратын нанды алып жеуге шамалары келмейтін адамдар дейді газет тілшісі.

Қазақстандағы қазіргі инфляцияның өрлеуі және азық-түлік тағамдарының қымбаттауы мәселесіне көңіл бөлген «Время» газеті өз мақаласын «Апатты жағдайдағы бюджет» деп атапты. Парламент отырысында «Нұр-Отан» партиясы атынан депутат болып сайланған Аманжан Жамалов үкімет келер жылы инфляция деңгейі 6-8 процент шамасында болады деп болжағанын сынға алғанын, өйткені қазірдің өзінде инфляция деңгейінің 11 проценттік көрсеткішке жеткенін айтты, ал барлық азық-түлік бағалары 30 процентке өсті, кез-келген экономист маман инфляцияны былайша ұстап тұру қиын жағдайға соқтырады дегенді біліп отыр, ал үкімет ешбір шара қолданбай, әлі үнсіз отыр деп жазады «Время» газеті.

«Жас Алаш» газеті бейсенбілік санында баға мен тарифтердің күрт өсуіне қарсы Қазақстандағы демократиялық күштер қазанның 20-сы күні Қазақстанның барлық аймақтарында наразылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырғандығы жөнінде, басты талаптары қазіргі Мәсімов үкіметін отставкаға кетіру және бағаны тұрақтандыру екендігін жазыпты. Сондай-ақ газет тілшісі Жұлдыз Әбділданың «Грузия мен Ресей құрлы болмадық» деген мақаласында көрші мемлекеттер тұрмысы төмен халықтың қиналысын жалпыұлттық проблема ретінде қарастырып, оны шешудің сан алуан жолдарын іздестіріп ұсынып жатқанда, Қазақстан үкіметі әлі үн-түнсіз отыр деп жазады. «Зейнетақыны 28 пайызға өсіреміз, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін екі есеге өсіреміз дейді, бұл қай жыртыққа жамау бола алады?» деп сұрақ қояды газет тілшісі.
XS
SM
MD
LG