Accessibility links

Қазақстанда азық-түлік бағаларының күрт қымбаттауына не себеп?


«Елдегі азық-түлік бағасының көтерілуіне криминалдық құрылымдар әсер еткен. Сондықтан жергілікті әкімдер осы жүйені бұзу керек». Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов қазанның 15 күні Астанада үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасады. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тұрмысы мүшкіл адамдарға бағаның күрт өскендігіне орай айына 670 теңге берілетіндігін хабарлады. Тұрғындар болса бұл ақша мардымсыз деген пікірде.

Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың пікірінше коммуналдық базарлар бюджеттен қаржы алса да коммерциялық базарлармен бірдей бағамен сатып жатыр. Бұған санитарлар кінәлі, дейді министр:

- Бір үлкен базарда бір-ақ санитар отырады. Оған кезек 4-5 сағат. Сіздің тауарыңыз ол кезде бұзылып кетуі мүмкін, сондықтан ондай болмас үшін сіз барасызда төлейсіз өзіңіздің қалтаңыздан. Сонда ол жылдам мөр қойып береді.

Астананың «Шапағат» коммуналдық базарының директоры Константин Пактың айтуынша оның базарында саниатарлық қызметті мемлекеттік зертхана жүргізеді. «Ал, онда криминалдық деңгейде жұмыс жасайтын құрылым болуы мүмкін емес», дейді ол.

Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың мәліметінше сұйық майдың 60 пайызы Қазақстанға Ресейден енгізіледі. «Ал, ол жақта қолдан жасалған дефицит байқалады. Сондықтан кеден төлемдерін азайтуға болады», дейді министр. «Ет бағасыда алып-сатар делдалдардың кесірінен 50 пайызға өскен. Әкімшіліктер осы жүйені бұзуы шарт. Және өндірушілерге тікелей машиналардан сатуға рұқсат беру керек, сонда баға екі есеге арзандайды», дейді министр. Бірақ индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың ойынша өндірушілерге біреулер делдалсыз сауда жасауға мұрша бермей отыр:

- Біздің ақпаратымыз бойынша криминалдық құрылымдар тауар қалаға келе жатқанда қаланың жанында ұстайдыда айтады «Мә, сенің ақшаң, тауарды бізге бер өзің кете бер», деп. Ал сосын үстіне екі есе баға қойып базарға апарып сатады.

Астана тұрғыны зейнеткер Алтынай Көккөзованың айтуынша қазір Астанада сұйық май тапшылығы байқалады. Ал тапсаңыз бағасы тым қымбат, дейді ол:

- Литрі кеше 350 теңге болса бүгін 400 болып тұр. Фирмаларға сендерге неге май жоқ бзарда бар ол қымбаттап жатыр десем олар айтады: «Трассадан алып-сатарлар сатып алып жатыр», дейді.

Делдал әрі көкөніс сатушысы Нұрбаева Жұмагүлдің пайымдауынша коммуналдық базарлар бюджеттен қаржы алсада коммерциялық базарлармен бірдей бағамен сатып жатқандығы рас. Бірақ, оған қаланың сыртындағы «Шанхай» атты көтерме базарының бастығы кінәлі, дейді ол:

- Камаздар алып келеді солай жан-жақтан көтерме сауда базары рұқсат береді. «Шанхайдан» мысалы аламын мен. Оларғада салық көп төлейтін шығар немесе былай беріп қоятын шығар. Ол келе жатқанда түсіп келе жатқан баға. Мысалы қарбыздың келісі оңтүстіктен 8 теңге болып келеді. Бұл жерде бізге 40-45 теңгемен бізге сатады.

«Шанхай» базарының бастығымен сұқбаттасуға мүмкіншілік болмады. Дүйсенбі күні онда санитарлы күн болып шықты. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың есебінше баға өсуге орай әлеуметтік қорғау қажет ететін тұрғындарға көмек көрсетіледі:

- Айына айлық есеп көрсеткіштен президенттің тапсырмасы бойынша жергілікті жерде әлеуметтік қорғауды қажет ететін кісілерге соның жартысы төленуі керек. Ол 670 теңге көлемінде. Өйткені жергілікті бюджеттерде ақша бар: атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және 18 жасқа дейін балаларға берілетін ақшадан үнемделген 3,5 миллиард теңге бар.

Астана тұрғыны зейнеткер Алтынай Көккөзованың түсінігінше бұл көмек мардымсыз:

- 600 теңге не болады. Ол азғой. Жоқ!, ол бағаны кім көтеріп жатыр?» Үкімет неге ие бола алмай отыр, бәрін қоя беріп. Масқарағой! Күнде жаңа бағамен келеді. Халық өте кереметтей үкіметке қарсы, айтып-айтып кетеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан баға өсуге орай жағдайды ретке келтіру жөнінде тапсырма алған премьер-министр Кәрім Мәсімовтың айтуынша, қазір елде баға тұрақтанды. «Ендігі көмек 2008 жылдың бюджетінде ескеріледі. Бірақ, бәсекелестікті дамыту шешілмеген», деді ол.
XS
SM
MD
LG