Accessibility links

«Шаңырақ-Қазақстан» атты республикалық қоғамдық бірлестік құрылды


Алматыда азаматтардың құқықтарын, олардың жерлері мен баспаналарын қорғайтын «Шаңырақ-Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл қоғамдық бірлестік Шаңырақ оқиғасы бойынша сот ісінде айыпталғандардың қорғаушылары мен «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті және тұрғындардың бастамасымен өмірге келді. Қоғамдық бірлестік жерді саудаға айналдырудың нәтижесінде туындаған Шаңырақ қақтығысына байланысты жүргізілген сотта шартты түрде бас бостандықтарынан айырылған 20 азамат пен 14 жылдан 18 жылға дейін түрмеге жабылған 4 адамды ақтап алу үшін күресетіндіктерін мәлімдеді.

Аят Темірбаев Шаңырақ қақтығысында «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «полиция қызметкерлеріне қарсы қару қолданды» деп айыпталып, шартты түрде бас еркінен айырылған 20 жігіттің бірі. Ойда –жоқта істі болып 9 ай тергеу абақтысында отырып шыққан Аят Темірбаев: «Бұл оқиға менің өмірімді басқа арнаға бұрып жіберді. Шаңыраққа сол күні қонаққа барған едім. Әйтпесе ол ауылда менің үйімде, жерімде жоқ болатын. Полиция қызметкерлері баспанасын қорғап қарсы шыққан қыздарды, әйелдерді, жасы үлкен аналарға күш қолданып жатқан соң қарап тұра алмадым. Біріншіден, 9 ай тергеу абақтысында отырғанда денсаулығымнан айырылдым. Бізге қысым өте қатты жасалды. Екіншіден, оқуымды жалғастыра алмай қалдым. Мен студент едім. Оқуымның бір жылдан бері не болып жатқандығын білмеймін», дейді.

Бұл шаңырақ қақтығысында кінәлі ретінде айыпталған бір адамның басындағы жағдай. Иненің жасуындай кінәм жоқ, деген Аят: «9 ай тергеу абақтысында текке отырдым. Маған кесілген жазада әділ болған жоқ», дейді.

Жерді саудаға айналдырудың нәтижесінде туындаған мұндай оқиғалар Қазақстанның әр облысында бой көтере бастады. Жерді сотсыз да, заңсыз да тартып алу, үйлерді күшпен қирату бүгінде кең етек ала бастады. Осындай заңсыздықтарды болдырмау мақсатында «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті мен шаңырақ сотының қорғаушыларының бастамасымен Алматыда «Шаңырақ-Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғандығын хабарлады.

Қоғамдық бірлестіктің алдына қойған бірінші мақсаты - жоғарыдағыдай билік саясатының құрбаны болған Аят сынды азаматтар мен өзге де бас бостандықтарынан айырылған адамдардың ақталуына көмек көрсету, дейді осы қоғамдық бірлестік белсенділерінің бірі Дос Көшім. Оның айтуынша, Шаңырақ сотының бастан аяқ заңсыздықтармен жүргізілгеніне сотта айыпталған азаматтарға шығарылған үкім дәлел бола алады. Өйткені прокурордың түрмеге жабуға сұраған адамдарының 20-сының шартты жазамен бостандыққа шығуының өзі жеткілікті болмақ. Сондықтан қоғамдағы әділетсіздіке қарсы тұрамыз, баспана мен жер дауын, оның ішінде Шаңырақ сотында сотталғандардың тағдырын республикалық деңгейде көтереміз дейміз, дейді жаңадан құрылған «Шаңырақ-Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушылары.

Олар Шаңырақ сотына шығарылған сот үкімімен келіспей аппеляциялық шағым дайындап жатқандықтарын айтты.
XS
SM
MD
LG