Accessibility links

Интернетте Ішкі істер министрінің телефон әңгімесі делінген дерек жарияланды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Cейсенбі күні Интернеттегі КУБ сайтында Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында 3 рет телефон байланысында айтылған сөздер деген мәтін мен аудиожазбалар ілінді. Бұл аудиожазбаларды сайтқа жариялаған «Агентство независимых расследований» деген агенттік екен. Аудиожазбалардағы телефонмен сөйлескендердің дауыстары аты аталған адамдардың даусына ұқсас болғанымен, оның қаншалықты шындыққа сәйкес екендігі белгісіз. Аудиожазбадағы екі адамның диалогында «Бауыржан» деген кісі «Владимир Васильевичтен» өзін «Шефтің» алдында қорғауды өтініп, жазықсыз сөгіс естіп жатқанын айтып жалбарынғандай болады. Қазақстандық кейбір саясаткерлер мен адам құқығын қорғаушылар бұл жерде бірнеше заң нормаларының бұзылғанын айта келіп, «егер бұл оқиға рас болса, ол үлкен даудың алды болу мүмкін» деген болжам айтады.

Шетелде тіркелген КУБ сайтында ауық-ауық осындай билікке жағымсыз беймәлім деректер жариялануы дәстүрге айналған. Бұл жолы сайтқа Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында телефон арқылы болған әңгіме деп, үш әңгіменің мәтіні мен аудиожазбасы жарияланды. Аудиожазбада Бауыржан деген адам Владимир Васильевич деген азаматқа телефон шалып, Володя деген кісі өзінің (Бауыржанның) үстінен «Шефке» шағым түсіргеніне ренішін білдіріп, Владимир Васильевичтен осы мәселені реттеуді өтініп, кейін «шефке» дұрыс жеткізуін сұрайды. Әңгіме арасында «Нұрсұлтан Абишевич» пен «Әділбек Рыскелдинович» деген есімдер де аталады. Одан «Сага» деген қылмыскердің өлтірілуіне «Махмаханов» дегеннің қатысы барлығы айтылады. Міне, осындай қылмыстық істен Володя деген аулақ болсын, әйтпесе оны ауыстыру мәселесі де көтерілуі мүмкін делінеді.

Бұл деректерді Интернет-сайтта жариялаған «Агентство независимых расследований» деген агенттіктің жазған алғысөзінде ондағы есімдері аталған адамдар – «Володя» деген Қазақстанға әйгілі «Қазақмыс» корпорациясының басшысы, алпауыт Владимир Ким, ал «Владимир Васильевич» деген Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Ни деп сипаттапты.

Бұл жазбалардың қаншалықты шындыққа жанасатынын білу мүмкін болмады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басшысының телефоны жауап бермеді. Ал егерде бұл шындыққа жанасатын болса, онда Қазақстанда билік басындағы жоғарғы лауазымды адамдардың жеке телефон әңгімелері тыңдалатыны айқындалады. Оған кім рұқсат берді, мемлекеттік құпия деген ұғым, Ұлттық қауіпсіздік комитеті не істеп жүр деген және тағы басқа да толып жатқан сауалдар туары сөзсіз дейді Қазақстандағы оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов:

«Бұндай ақпарат бірнеше ойға жетелейді. Біріншіден, мемлекеттік құрылымдағы ең жоғарғы деңгейдегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесіне, қауіпсіздігіне қатысты әңгімелердің баршаға аян болатындығы. Бұл жерде жеке адамдардың арасындағы әңгімелер туралы айтпағанда. Сондықтан бұны, меніңше, тиісті мекемелер қарап, президенттің маңайындағы қызметтік телефондар қалай тыңдалып жатыр, соны анықтауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, қалай болғанда да, мемлекеттік қызметкерлерді айтпағанда, Қазақстан азаматтарының телефон әңгімелерінің тыңдалуы және оның жариялануы соттың немесе прокурордың шешімі арқылы ғана жүргізілуі керек деп ойлаймын. Бұл жай ғана болған қоңырау, ал келешекте бұның ар жағында, қаншама дау-дамайдың тұрғанын бір құдайдың өзі ғана біледі...»

Сонымен қатар кейбір сарапшылар аталған агенттік те, бұл мәліметтерді сайтқа шығаруға себепкер де қазірде шетелде бас сауғалап жүрген президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев болуы әбден мүмкін деген болжам айтады.

Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықтардың сақталуын қадағалау жөніндегі бюро маманы Виктория Тюленева бұл жерде, ең әуелі, жеке адамдардың телефонмен сөйлесу құпиясы бұзылған дейді.

«Бұл жерде сөйлескен адамдар да, сұхбат барысы да адамдардың жеке өміріне қатысы барлығы анық. Сонымен қатар бұл сөйлесуді тыңдап жазып алғандар мемлекеттік құрылымдарға жақын адамдар болуы әбден мүмкін. Дегенмен жеке адамдардың өмірі мен телефон сұхбаттары халықаралық нормалар бойынша да, біздегі Конституция бойынша да ешқандай қол сұғуға жатпайтын боп есептелінеді. Бұл жерде қаншама заң бұзылып отырғанын санап жатпай-ақ қоялық, бірақ жемқорлыққа белшесінен батқан билік басындағылар жеке мүддесі үшін, кез-келген заң нормаларын бұза алатындығында. Сондықтан мен адам құқықтарын қорғаушы ретінде адамдардың жеке өмірінің құқығы бұзылған дер едім».

Батыстағы кейбір елдерде, осындай жеке адамдардың телефон сұхбаттары жария болған әңгімеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бұзылып, қоғам мүддесіне зиянды іс-әрекеттер мен биліктегі лауазым иелерінің сыбайласқан жемқорлығын әшкерелейтін деректер мәлім болса, онда шенеуніктер орнынан түсіп, тіпті сотқа тартылып жатады. Қазақстанда бұл оқиға қалай даму табар екен? Ол жағын болжау қиын...
XS
SM
MD
LG