Accessibility links

Далай-ламаны қошеметтеуімен Вашингтон Қытайда қорлайды


Айналдырған бір аптаның ішінде Америка Құрама Штаттары Түркия мен Қытай сияқты өзінің сыртқы саясаты үшін маңызды 2 мемлекетпен арадағы қарым-қатынасын бұзып алатындай қадам жасады. Өткен аптада – 10-ыншы қазан күні АҚШ Конгресінің комиссиясы Ақ үйді 20-сыншы ғасыр басындағы Осман империясының тұсында шамамен 1,5 армянның қырылуын “геноцид” деп жариялауға шақырған шешімді мақұлдап, Түркияның ар-намысын қатты қоздырды. Ал сәрсенбі күні ресми Вашингтон Қытайдың ашу-ызасына қалайын деп отыр. Осы күні Ақ үйде президент Дж.Буш Тибеттің қуғында жүрген рухани лидері Далай-ламаны қабылдап, оны Конгрестің мәртебелі “Алтын медалімен” марапаттауға тиіс.

Өзіне дейінгі президенттер сияқты Дж.Буш та АҚШ Конгресінің армян қырғынын “геноцид” деп жариялауға табанды түрде қарсы болып келді. Ол армяндардың 1-інші дүниежүзілік соғыс кезінде көрген қасыретін терең сезінетінін, бірақ Түркияның Таяу Шығыс аймағына көрші орналасқанын және НАТО құрамындағы өзінің жақын одақтасы екенін ұмытпаған да маңызды деп мәлімдейді. Алайда, сонымен бірге Далай-ламаны “діни бостандықтың үні” ретінде қошеметтеу керектігіне Дж.Буш та, АҚШ Конгресі де келіседі, ал Қытай оны Тибеттің саяси сепаратисі деп есептейді. Міне Вашингтон мен Бежиннің көзқарастарындағы осындай қарама-қайшылыққа қарамастан, Ақ үйдің баспасөз-хатшысы Дана Перино (Dana Perino) хабарлағандай, Дж.Буш Тибеттің рухани лидерімен міндетті түрде кездеспекші.

Д.ПЕРИНО: “Жұрт бұл кездесуге әрқилы көзқараспен қарамақшы... Президент Далай-ламамен бұрын да кездесті, ол үлкен рухани лидер, президент онымен тағы кездескісі келеді. Президенттің есептеуінше, бүкіл дүние жүзінің халқы өзінің діни көзқарасын еркін білдіріп, өз сенім-нанымы бойынша еркін құлшылық етуге тиіс. Міне сол себепті президент онымен кездескісі келеді”.

Осыдан 20 жылдай бұрын үлкен Дж.Буштың (Дж.Буштың әкесі) президент лауазымында отырған жылдарында АҚШ-тың Қытайдағы елшісі болған Джеймс Лиллидің (James Lilley) атап көрсетуінше, Қытай жағынан ол кездесуге қарсы көзқарас болады. Лиллидің мәлімдеуінше, Қытай салқын қабағын көрсетіп те үлгерді.

ДЖ.ЛИЛЛИ: “Жақсы, олар Иран бойынша келіссөзден жаңа ғана шықты. Иранға байланысты келесі іс-әрекет бойынша келіссөз Берлинде өтуге тиіс, ал олар (қытайлықтар) “Далай-ламамен араласқаны үшін біз одан шығамыз. Бұл – бірінші шара ғана” дегенді ғана айтты”.

Дж.Лилли Иранға оның ядролық бағдарламасына байланысты жаңа санкция қолдануды талап еткен АҚШ-тың ұсынысын талқылау үшін осы сәрсенбі күні Берлинде басталуға тиісті 6 жақты келіссөзге назар аударады. Оның мәлімдеуінше, Қытайдың көңіл-күйін ресми Вашингтонның ескермеуі қателік. Дж.Лиллидің сөзіне қарағанда, таяуда ғана Қытай АҚШ-тың мүддесін ескеруге “асыққан” сыңай көрсетті. Соңғы рет, деп атап көрсетеді Дж.Лилли, Қытай компартиясының кезекті 17-нші сиезінде партия көсемі Ху Цзиньтао соғыс қимылдарының аяқталуынан 58 жыл өткеннен кейін Тайваньмен келіссөз жүргізуді ұсынды. Қытай лидері келіссөзді бастаудың шарты ретінде Тайваньнан өзін Қытайдың құрамдас бөлігі деп мойындауын талап етті. Әйтсе де Дж.Лиллидің байқауынша, жолдас Худың бұл сөздері “біршама жылы естілді”. Ақ үй де оның бұл сөздерін “байсалды” деп бағалады. Міне содан Джеймс Лилли: “неліктен АҚШ Қытайға Далай-ламаға қошемет көрсетуімен жауап берді? –деген ойға қалады.

ДЖ.ЛИЛЛИС: “Менің білуімше, бұл... қорлау емес, бірақ бұл оларды есе қайтаруға мәжбүрлейді. Ал егер де олар Иран бойынша келіссөзден шығып, Берлиндегі кездесуге бармайтын болса, ол шешілетін нәрсе. Әрине олай болмағаны дұрыс, бірақ оның шешімі табылады. Далай-ламаны қабылдаудың уақытын 17-нші партия сиезінің қақ ортасында таңдағаны – жөнсіз болды. Бірақ, менің ойымша, ендігі жерде олар біздердің – америкалықтардың өз білгенін істейтінін мойындауға үйренді”.

Алайда Джеймс Лилли АҚШ пен Қытайдың Далай-ламаға қатысты тайталасы мен армяндардың қасыретіне байланысты АҚШ-тың Түркиямен арадағы талас-тартысының арасынан ешқандай байланысты көрмейді. Қытай да, Түркия да, -деп мәлімдейді бұрынғы елші, Вашингтон үшін өте маңызды елдер, бірақ екі елдің орны екі бөлек.

ДЖ.ЛИЛЛИ: “Түркия – НАТО-ның құрамдас бөлігі, ол – сенімді одақтас, ол өзінің Инчирлик соғыс базасы арқылы бізге Ираққа қарай жол ашып берді. Қытай - өткен 10 жылдың ішінде аса қуатты әрі маңызды экономикалық және әскери күш ретінде алға басты және олар (қытайлықтар) Түркияға қарағанда түрлі тәсілмен бізге зор ықпал ете алады. Қытай дегеніміз ол – қытайлық қарулы күштердің қаһары, ол – Қытай экономикасының өрлеуі. Ал Түркиядан АҚШ өзінің маңызды одақтасын жоғалтады”.

Қытай, бәлкім, Америка Құрама Штаттарының одақтасы емес те шығар, бірақ Бежин мен Вашингтон бірнеше маңызды проблема бойынша, оның ішінде әсіресе Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жабу мәселесінде қоян-қолтық іс атқарды. Міне Пхеньянмен арадағы 6 жақты келіссөздің барысында көрсеткен осындай ынтымақтастығы үшін Қытай Вашингтон жағынан жылы сөз есітуге үміт арта ала ма? Жоқ! –деп мәлімдейді Дж.Лилли, - Өйткені, Қытай Солтүстік Кореямен арадағы келіссөзге АҚШ-тың одақтасы ретінде қатысқан жоқ.

ДЖ.ЛИЛЛИ: “Менің ойымша, бұл істі Қытай өзінің ұлттық мұң-мүддесі үшін істеді, бізге көмектесу мақсатында істеген жоқ. Қытайлықтар олай істемейді. Олар мұндай жолға түспейді”.

Сондай-ақ Дж.Лиллидің атап көрсетуінше, АҚШ пен Қытайдың Далай-ламаға қатысты ешқандай ортақ мүддесі де жоқ.
XS
SM
MD
LG