Accessibility links

Шымкентте тағы бір сәбиде ВИЧ инфекциясы анықталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 137-ге жетті. Ал балалармен бірге індетті жұқтырған аналардың саны 16. Сөйтіп өткен жылдың көктемінен бері осы облыста дәрігерлер кінәсінен ВИЧ індетін жұқтырғандардың жалпы саны 153 адам болды.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы Оңтүстік Қазақстан облысында 2005 жылы туылған тағы бір сәбидің ВИЧ инфекциясына шалдыққандығын растады. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Омарова: «Сәби осы облыстың Сайрам ауданының тұрғыны. Баланың ата-анасы ВИЧ індетінен таза болып шықты. Жалпы балалардың ВИЧ індетіне шалдығуына біріншіден, белгісіз донордың тексерілмеген ВИЧ инфекциялы қанын стационардағы балаларға құю, екіншіден, медициналық манипуляция өткізу кезінде дизенфекциялық стерилизация режимінің бұзылуы, үшіншіден, медицина қызметкерлерінің эпидемиологиялық жағдайларға салғырт қарағандығы себеп болған», дейді.

Денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша қазіргі күнде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 137 баланың 10-ы қайтыс болып, біреуі шетелдіктер асырауына берілген. Қалған 124 бала Оңтүстік Қазақстан облысында, ал екеуі Алматы және Семей облыстарында тұрып жатыр. Бұл балалардың барлығы қазіргі таңда тиісті дем қабылдауда.

Шымкенттегі «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының бұрынғы президенті Сағадат Масауров: «Балалары ВИЧ індетіне шалдыққан отбасыларға мемлекет тарапынан уәде етілген мәселелер әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Көрсетіліп жатқан медициналық көмекке де көңіліміз толмайды. Ауру балаларға алғышқы кезеңдегідей көңіл бөлінбейді. Ауырса ғана ауруханаға барады. Басқа уақытта бұл балалармен ешкімнің жұмысы жоқ. Беріледі деген үйлерде беріліп жатқан жоқ», дейді.

Ана мен баланы қорғайтын «Ғибрат» атты қордың жетекшісі Мәрпия Бұтабаева ВИЧ індетіне шалдыққан балалар саны бүгінгі жарияланған ресми деректен әлдеқайда көп болар деген күдік айтады.

- Аурулардың саны алдағы уақытта тағы өседі. Менің жеке пікірім: ауру балалар саны бұдан көп болуы мүмкін. Өйткені, індет тараған ауруханаға мыңдаған сәбиін көтеріп мыңдаған ана барды. Бұл - үлкен трагедия. Қанша бала туыла салып өліп жатыр. Ұрпақ жоқ деген сөз ғой. Бұл сұмдық оқиға, - дейді М. Бұтабаева.

Осы жылдың маусым айында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру туралы іс бойынша 16 медицина қызметкерін әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырған болатын. Сотталушылардың бесеуі шартты жаза мерзімін алған еді. Ал ақпарат құралдарына облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының төрғайымы Анар Өтегенова Балаларға ВИЧ індетін жұқтыру ісіне қатысты сотталған екі әйел-дәрігер облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Құттықыз Ақбалаева мен №2 қалалық балалар ауруханасының бөлімшесінің меңгерушісі Алтынай Тілесованың жас балалары болғандықтан жазаларын кейінге шегеруге байланысты" тергеу изоляторынан шығарылғандығын хабарлады.
XS
SM
MD
LG