Accessibility links

Түркия парламенті сәрсенбіде даулы заң жобасын қабылдамақшы


Күрд көтерілісшілерінің базасы орналасқан Ирақтың солтүстігіне әскер кіргізу үшін Түркия үкіметіне заңды мүмкіндік беру шешімін ел парламенті сәрсенбіде қабылдамақшы. Ол рұқсаттың берілуі Түркияның Ираққа тез арада енуін білдірмесе керек. Сондай-ақ күрд аймағына қатысты мұндай әскери әрекеттің орын алуы аймақта бей-берекеттікті тереңдете түседі, деп алаңдауда әлемдік қауымдастық.

Күрд жұмысшылар партиясының бірнеше мыңдаған көтерілісшілерінің базасы орналасқан Ирақтың солтүстігінен бірнеше ондаған жылдан бері шабуылдың жүргізіліп келе жатқанына Түркия ашулы. Мысалы, өткен апталарда шекараны қиып өтіп, жасалған сондай шабуылдар кесірінен кем дегенде 15 Түрік солдаты қаза болған еді. Сондықтан да, әлгі көтерілісшілерге қарсы шара қолдануды сұраған үн Түркияда күшейе түскен болатын. Ел парламенті бұған орай үкіметке арнайы рұқсат беретін заң қабылдайтын сыңайлы.

Сейсенбіде сөйлеген сөзінде Түркия үкімет басшысы Режеп Тайып Ердоған: “Парламентте мұндай заңның қабылдануы тез арада нақты әскери шараның жүзеге асуына алып барады, деген сөз емес. Қажетті шаралар оңтайлы уақытта және нақты жерде орын алатын болады. Шекара сыртында мұндай әрекет жүзеге асырылады. Және мен қайталап айтқым келеді, ол шаралар тек қана лаңкестерге қарсы бағытталмақшы”, - деді.

Түркияда аутономияға қол жеткізу үшін күрд көтерілісшілерінің 20 жылдан бері қарулы күрес жүргізіп келе жатқандығын, сондықтан оларды ресми Анкараның ауыздықтағысы келетіндігін білеміз, деді АҚШ ресмилері. Сондай-ақ күрд аймағына қатысты мұндай әскери әрекеттің орын алуы аймақта бей-берекеттікті тереңдете түседі, деп олар ескертуде.

БҰҰ-ның Босқындар агенттігі басшысының айтуынша, аталған әскери шаралар кесірінен босқындар саны көбейе түспек. Онсыз да Ирақтағы әскери қақтығыстар кесірінен 4 миллионнан аса ирақтықтар босып кеткен. Сондай-ақ қалыптасып отырған жағдайдың әсерінен әлемдік мұнай бағасы 88 долларға көтеріліп отыр. НАТО бас хатшысы Яп де Хуп Скефер болса Түрік президенті Абдулла Гүлдің елді шыдамдылыққа шақыруын сұрады.

Ирақ ресмилері бұл жағдайды дипломатиялық жолмен шешу жолын ұсынып отыр. Ирақ президентінің орынбасары Тариқ әл-Хашими Анкарада Түрік басшыларымен сөйлесулер жүргізуде. Ол көтерілісшілерді ұстау үшін Ираққа көп уақыт керек, дейді Хашими. Дей тұрғанмен, қазіргі тығырықтан шығу жолында кейбір жетістіктерге қол жеткізе бастағаны жөнінде ол оптимистік ойларын айтып отыр.

Ирақ президенті Жалал Талабанидің бұрынғы әкімшілік басшысы Камран әл-Карадагының айтуынша, кезінде Сирияға жасаған қысымын Түркия Ираққа қайталауы мүмкін. Сириямен шекараға Түркия өз әскерін апарып жайғастырғаннан кейін, Сирия елі Күрд жұмысшылар партиясының басшысы Абдулла Ожаланды елінен шығарып жіберген екен.

Парламент заңымен қатар Түркияда дипломатиялық істер де жүргізілмекші. Алдағы уақытта Ирақтың жоғары шенді делегациясы Түркияға арнайы сөйлесулер үшін жіберілмекші екен.
XS
SM
MD
LG