Accessibility links

Үкімет әлеуметтік және денсаулық салаға бөлінуге тиіс қаржыны қысқарту арқылы банктерге беретін 4 млрд. доллар бермекші

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні парламент мәжілісінің депутаттары 2008 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын және биылғы бюджетке өзгерістер енгізу жөніндегі заңның жобасын мақұлдады. Үкімет келесі жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 22 пайыздан асады деп жоспарлап, ең төменгі күнкөріс деңгейі он мың теңге шамасында белгілеп отыр. Ал елдегі банктерді тұрақтандыру үшін биылғы жылдың бюджетіне қосымша төрт млрд. доллар бөлгенімен, кейбір депутаттар ол қаржыны әлеуметтік саланы қысқарту арқылы алғанына наразы.

Келесі жылға арналған республикалық бюджеттің кірісі 2 триллион 700 миллиард теңгені құрайды. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Ал бюджеттің шығысы 2 триллион 900 мың теңгеге жуық. Яғни, ағымдағы жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Үкімет инфляция деңгейін 6-8 пайыз шамасында қалдырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін 10 мың теңгенің үстіне шығарып отыр. Ал зейнетақының ең төменгі мөлшері 8 мың теңгені құрайды. Жалпы халықтың қажет ететін білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға 900 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов үкіметтің резервіне де қаржы қалдырғанын айтады:

- 205 млрд. теңге қосымша жинап, үкіметтің резервіне салып отырмыз. Ал 27 млрд. теңге бөлініп отырғаны ол әлеуметтік мәселелерді шешу. Оның ішінде ауыз су мәселелеріне 5 млрд. теңге, білім беру, денсаулық сақтау салаларына 4 млрд. теңге бөлініп отыр.

Осыған дейін Еңбек және халықты әлемуеттік қорғау министрі болып тұрғанда үнемі депутаттардан жылы сөз естімейтін Гүлжан Қарақұсова енді өзі депутатық мандатты иеленгеннен кейін әлеуметтік салаға бөлінген қаржының аздығын алға тартып, үкіметті сынға алды. Оның сараптауына қарағанда, биылғы президент жолдауына сәйкес елде кемінде алты жүз балабақша салыну керек болған. Ал республикалық бюджет жобасында бар болғаны 6 балабақша салу көрсетілген екен де, жергілікті бюджет есебінен 25 балабақша салынады делінген. Сонымен бірге президент жолдауында 150 денсаулық мекемелері мен 300 ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынады делінсе, бюджет жобасына сәйкес үкімет келесі жылы жүз аурухана салуды ғана жоспарға енгізген.

Ал мәжіліске келген үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөзінде тек президенттің екінші деңгейдегі банктерді тұрақтандыруға қатысты соңғы тапсырмасына ғана ерекше мән берді. Олар құрылыс компанияларына ақша салған үлескерлердің құқығын қорғау үшін және халықтың несие алуына мүмкіндік туғызу үшін екінші дәрежелі банктерге 4 млрд. доллар қаржы бөлінетіндігін айтып, бірақ барлық банктерге бірдей көмек көрсетілмейтінін де тілге тиек етті.

Алайда депутаттардың айтуына қарағанда, үкімет басшысы айтып отырған 4 млрд. теңге әлеуметтік және денсаулық саладағы маңызды жобаларды қысқарту арқылы алынған. Мысалы Кенжеғали Сағадиев, оның дұрыс еместігін айтады:

- Көш басындағы университет - Әл-Фараби университетіміздің құрылысын салуға, қан орталығын салуға, кардио хирургиялық орталық салуға бөлінетін ақшаны қысқартпау керек еді. Алматыдағы метроны салуға бөлінетін ақшаны да қысқартқан.

Кенжеғали Сағадиевтің айтуынша, үкімет екінші дәрежелі банктерге беретін ақшаны тұрақтандыру қорынан алу керек еді. Қазір онда қомақты қаржы сақтаулы дейді.

Ал мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкіметтің келесі жылы инфлияция деңгейі 6-8 пайыз болады дегенімен келіспейді. Ол статисткалық зерттеулерге қарағанда биыл соңғы бір екі айдың ішінде инфлияция деңгейі 11,4 пайызды құрағанын айтып, келесі жылы одан асуы мүмкін дейді.

Бірақ бюджет жобасын талқылау нәтижесінде «Нұр-Отандық» депутаттар «Нұр-Отандық» үкімет әзірлеген бюджет жобасына бір ауыздан дауыс беріп, мақұлдады.
XS
SM
MD
LG