Accessibility links

Қазақстан тұрғындарының медицина қызметкерлеріне қанағаттанбадық деген шағымдары жыл сайын ұлғайып биыл министрілікке 650 шағым түсті. Бұл туралы Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой Астанада қазанның 18 күні Қазақстан дәрігерлері мен провизорларының ІІІ съезінде хабарлады. Ал бұрынғы министр осы жағдайды реттеу үшін науқастарға денсаулығына деп, бюждеттен ресми түрде ай сайын 12700 теңге (100 доллар) беруді ұсынды.

Жүрек-тамыр жүйесінің індетіне шалдыққан Астана тұрғыны Раушан Жайынбаева кезекті мәрте жедел жәрдемді шақырды. Оның айтуынша, қазір емделу қиын, сондықтан ол ауруы асқынғанша шыдап жедел жәрдем шақыруға мәжбүр:

- Емделуге түк ыңғайы келмейді. Ауруханаға барсаң орын жоқ, адамдар, кезектер. Дәрімен емделеміз, дәрі қымбат, операция да қымбат.

Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновойдың мәліметінше, осы адам сияқты медициналық көмекке көңілі толмайтындар елде көбейіп келеді.

«Съезге арнап министрлік әлеуметтік сауалнама жасады. Нәтижесінде тұрғындардың мидицина қызметкерлеріне қанағаттанбадық деген шағымдары жыл сайын ұлғайып келетіндігі анықталды. Биыл осындай шағымдар 650-ге жеткен», - деді министр Дерновой.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазірде парламент мәжілісінің депутаты Жақсылық Досқалиевтің мәліметінше, мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмекке деп 2007 жылы 195 миллион теңге ескерілсе де жергілікті тұрғындардың кейбіреуі Қазақстанда емделмейді:

- Кепіл берілген медициналық көмекке Қазақстанда үлкен қаражат жұмсалып отыр. Бірақ, әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша біраз адамдар оған әлі көңілі толмайды. Біздің мынау солтүстік облыстары болсын, батыс аймақ болсын, Ресеймен шекарасы бар жерлерде көбінесе біздің қазақстандықтар Ресейге барып көмек алып жатыр.

Сондықтан Досқалиев министрлікке жаңа медициналық нарық моделін пайдаланып, мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмекке зәру адамдар үшін денсаулығына деп ай сайын 12700 теңге (100 доллар) беруді ресми түрде енгізуді ұсынды:

- Әр адамға шаққанда кепілдендірілген медициналық көмек 12 мың теңге бөлініп отыр ай сайын. Мысалы, егерде біз сол ақшаны үлкен көпшілікке жұмсамай, әр адамның қалтасына салып жүрсек, ауырмаған адам ешқашанда ауруханаға бармайды. Ол қаражат қалтасында болғаннан кейін оның көбейе бергенін жақсы көреді – бір. Ол өзінің денсаулығын ойлайды, екі. Демек, медицина саласына жүк азаяды. Үшіншіден, ауырып қалған жағдайда сол адам сапасы жоғары көмекті іздеп өзі алады.

Екібастұз қаласының екінші емханасының дәрігері Галина Үндешбаеваның айтуынша, жергілікті халықтың менталитетіне байланысты бұл ақша денсаулыққа жұмсалмайды.

«Көптеген әйелдер тіпті ана болуға дайындалып жатқан әйелдер өз денсаулығымен айналыспайды», дейді ол.

Ал, Қызылорда қаласының теміржол ауруханасының директоры Әлайдар Әбдуайыпов әлгіндей модельді енгізген дұрыс, бірақ, қазір ақша жоқ, дейді ол:

- Қазір ондай ақша бөлініп жатқан жоқ. 12 мың теңге жоспарланған ақша. Онда да ол болады ма, болмайды ма белгісіз. Егер бола қалған жағдайда тамаша болған болар еді. Мысалы, Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 2-3 пайызы медицинаға бөлінеді. Дамыған елдерде ол 7-8 пайыз, оданда көп.

Алматы қаласындағы «Экомед» бедеулікті емдеу орталығының басшысы Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бұл модель енгізілсе адамдардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары сақталмақ:

- Адамның әр азаматтың құқығы бар ғой, қай қалаған дәрігерге барып емделем десе. Ақшасы қалтасында болса таңдап ала алады.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің съезге дайындаған мәліметінше, Қазақстанда адамның өмір жасының орташа ұзақтығы 66 жас. Бұл көрсеткіш Жапониямен салыстырғанда 20 жасқа кем. Тіпті көршілес ресейліктер Қазақстан тұрғындарына қарағанда 5 жыл артық ұзақ өмір сүреді деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG