Accessibility links

Өзбек президенті Ислам Каримов араға 7 жыл салып Түркменстанға ресми сапармен барды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Өзбек президенті Ислам Каримов Түркменстанға соңғы 7 жылдағы алғашқы ресми сапарын қазанның 18-де бастады. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынас Орта Азиядағы ең ушыққан байланыс көрінісіндей болған еді. Қос президент кездесуінің ресми күн тәртібі де қазір белгілі.

Өзбек президенті Ислам Каримов 7 жылдан да аса уақыттан бері алғаш рет көршілес Түркменстанға мемлекеттік сапармен келді. 2002-ші жылдың қарашасында Түркмен президенті Сапармұрат Ниязовтың өміріне қастандық жасалмақ болды деген хабардан кейін, желтоқсан айында Өзбекстанның Ашхабадттағы елшілігіне шүйлігу басталған болатын. Атап айтқанда, Өзбек елшісі елден шығарылды. Сондай-ақ Түркменстанның қуғында жүрген бұрынғы Сыртқы істер министрін қауіпсіздік күштері қамауға алған болатын. Бұл адамның өз шекарасынан өтуіне көмектесті деп Түркмен басшылығы ресми Ташкентті айыптаған еді. Бұл айыптауды Өзбек жағы жоққа шығарған болатын. Осылайша екі ел арасы күрт суып кеткен еді.

Қазір енді Түркменстанды жаңа президент басқарып отыр. Каримовтың бұл келісінің өзі Түркмен президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың бұрынғы президентпен салыстырғанда сыртқы саясатты мүлдем басқа арнада жүргізетіндігінің бір дәлеліндей еді.

“Түркменстанның жаңа президенті сыртқы әлемге басқаша көзқараспен қарайды. Келіссөзбен келушілердің бәрімен де ол дипломатиялық және экономикалық байланыстар орнатуға тырысуда. Қос мемлекет арасында ортақ ұзақ шекара болғандықтан, мұның өзі өзбектер үшін бұзылған қарым-қатынасты түзеу үшін үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ екі жақ үшін де ортақ экономикалық қызығушылықтар бар. Екі ел де - газ өндірушілер. Газды олар негізінен Ресейге экспорттайды. Әрине, мұндай жағдайда бұл қос елдің бір-бірімен жанжалдаспай, қайта бірге іс атқарғандары тиімді”, - дейді Лондонда орналасқан Соғыс және Бейбітшілік институтының бас сарапшысы Джон Мклиод.

Бұл сапардың орын алуының тағы бір себебін сарапшы Мклиод мынадан іздемекші: Каримов үшін Бердімұхамедов - жаңа тұлға. Орта Азияның өзге мемлекеттерінің басшыларымен Өзбек басшысы жақсы таныс, біліс. Сондықтан жаңа басшыға ие болған Түркменстанда шын мәнінде не болып жатыр екен деген сауалға Каримов өзі тікелей көзбен көріп, тікелей сөйлесу арқылы жауап таппақшы.

«Қалай болғанда да бұл жолғы сапар бір-біріне күдікпен қарау үшін емес, қайта болашақта бірлесіп жұмыс істеудің тетіктерін ойластыру үшін аса қажет болуда», - дейді сарапшы Джон Мклиод.

Каримов пен Бердімұхамедов осы жылдың басында көпжақты кездесулерде жүздескен болатын. Оның бірі - Душанбеде өткен ТМД саммиті. Екіншісі - Бішкекте болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының жоғарғы дәрежедегі басқосуы. Ол жолы Түркменстан Шанхай ұйымына алғаш рет бақылаушы ретінде шақырылған еді. Ал, Өзбекстан болса аталған ұйымның мүшесі. Алайда бұл қос басшы екеуара ешқашан кездескен емес. Бұл жолғы Ашхабад кездесуінде Бердімұхамедов те, Каримов те өткен жылдардағы жанжалдарға қайта оралмауға қол жеткізетін сыңайлы.
XS
SM
MD
LG