Accessibility links

Қуғында жүрген «Ордалы жылан» кітабының авторы кенеттен қайтыс болды


Сәрсенбі күні кешке Оңтүстік Қазақстан облысында 55-жасында Теміртас Тілеулесов мезгілсіз дүниеден өтті. Ол тоқсаныншы жылдардың аяғында «Ордалы жылан» атты деректі кітап шығарып, сол кезде және әлі күнге дейін Қазақстанда жоғары билік басында отырған бірқатар лауазым иелерінің сыбайласқан жемқорлық іс-әрекеттерін әшкерелеген болатын. Артынша заң орындары оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғап, сотқа тартқан соң, Теміртас Тілеулесов соңғы 6 жылдан астам уақыт биліктен бой тасалап жүрген еді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұнай базасында, кейіннен салық комитетінде жұмыс істеп, облыстық маслихаттың депутаты болған Теміртас Тілеулесовтің есімі Қазақстан қоғамына 1998 жылы оның «Ордалы жылан» атты кітабы шыққан соң танылған еді. Алғашында Шымкентте 2 мың данамен, ал екі жылдан соң «Шымкенттік мафия» деген атаумен орыс тілінде Алматыда 10 мың данамен жарық көрген бұл кітапта Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде облыстық және республикалық деңгейде билік басында отырғандардың сыбайласқан жемқорлық тірлігін әшкерелеген деректер жарияланып, ондағы кейіпкерлердің есімдері жұрт арасына кеңінен жайылып кетті. Бұл кітаптың бірден жұрт назарын аударуының себебі – сол кезде Қазақстан қоғамында ашық айтылмайтын биліктегі жемқорлық проблемасы алғаш рет нақты дерек-дәйектермен көтерілген еді дейді Теміртасты танитындардың бірі жазушы Сапабек Әсіп:

- Қазіргі ұйымдасқан жемқорлық деген пәленің сол кезде өрши бастаған кезі болатын. Теміртас соған қарсы күрескен азамат еді, кітабын да жақсы жазып шығарды – жемқорлықпен айналысқан, қиянат жасаған бірсыпыра лауазымды қызметтегілердің аттарын атап, түсін түстеп берген кітап болды. Бірақ, олар көп еді... Солар бас салып, Теміртасқа қарсы шабуылға шықты жан-жақтан. Оны ұрып жығып кеткісі келген, өлтіріп тастағысы келген адамдар болған...

«Ордалы жылан» кітабы жарық көрген соң автордың өзіне қарсы түрлі қоқан-лоққылар көрсетіліп, оны 1999 жылы Шымкенттегі банктердің бірінде бір топ адам соққыға да жықты. Теміртастың өзі сол оқиға жайында кезінде «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, оны соққыға жыққандар өзіне жала жауып, сотқа бергенін айтқан болатын. Ақыр соңында, оның өзін кінәлі адам ретінде 2001 жылы ақпанда Шымкент соты «бұзақылық жасаған» деген айыппен екі жыл мерзімге түрмеге жазасына кесті. Бірақ өзін айыпсызбын деген Тілеулесов биліктен бой тасалап, сол кезден бастап жасырын тірлікке көшкен еді. Ол қашып жүргенде оның кітабындағы кейіпкерлердің бірі, Парламент мәжілісінің депутаты Нұрдәулет Сәрсенов өзінің ар-намысына тиді деп Теміртасты сотқа берді. Кітаптың орыс тіліндегі нұсқасына алғысөз жазған қазақ диссиденті Кәрішал Асан-Ата билік үшін Теміртас қауіпті адам болатын дейді:

- Оның кітабында ащы шындық айтылды. «Халықты жарылқаймыз» деген өтірікті судай сапырған кейбіреулердің бензинді лас әдіспен сатып, пайдаға кенеліп, кейіннен қызметі өсіп парламент депутаты, әкім болып шалқып жүргенін кітабында әшкерелеп жазып берген осы Теміртас. Билік одан қорыққандықтан оны абақтыға жаппақ болып, соққылап, өлтіреміз деп, ақыр аяғында қашқын болуына мәжбүр етті ғой.

Теміртас Тілеулесовтың «Ордалы жылан» атты кітабы жарық көргеннен бергі өткен уақыт ішінде Қазақстан қоғамында билік басындағы мемлекеттік шенеуніктердің былық-шылықтары мен түйені түгімен жұтқан жемқорлық фактілері ел арасында барған сайын жиі айтылатын болды. Қазақстанда бас-аяғы оншақты жылдың ішінде, өмір бойы мемлекеттік қызметте отырғандардың отбасы миллиардтаған долларды құрайтын аста-төк байлық иесі болып шыға келгендерді жұртшылық «Ордалы жылан» кітабының кейіпкерлеріне телиді дейді қазақ жазушысы Ғаббас Қабышұлы:

- Оның кітабындағы кейіпкерлердің біразы жазаланудың орнына жоғарылап кетті: алды - министр, соңы - әкім болды. Бұл не деген сұмдық! Біз қашанғы осындай арсыздықтың батпағына малшынып отыра береміз?! Теміртастың қазасы кешегі Заманбек Нұрқаділовтың, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімдерін еске түсіріп отыр тағы да. Оларды қолма-қол атып құртқан мына билік Теміртастың соңына түсіп қудалап жүріп, оның жүрегіне көтере алмас ауыр салмақ салып өмірін қиды...

Теміртас Тілеулесовтың денесі қазанның 18-күні марқұмның туған жерінде – Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Жиенбай ауылындағы ата-бабасының зиратында жерленді.
XS
SM
MD
LG