Accessibility links

ЕуроОдақ Қазақстанның жер қойнауын пайдалану туралы заңына және баспасөз заңына өзгерістерге алаңдаушылық білдіреді


ЕуроОдақ Қазақстанның энергетика саласындағы «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңына енгізілген өзгерістерге және адам құқығы саласында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға алаңдаушылық білдіреді. Бұл туралы Астанада қазанның 19 күні ЕуроОдақпен Қазақстан арасындағы «Әріптестікпен ынтымақтастық келісімінің» екінші деңгейінің тұсаукесерінде Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі Режин Руа хабарлады. Оның айтуынша бұл алаңдаушылық ресми түрде Қазақстан тарабына жеткізілді.

Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі Режин Руаның айтуынша «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізетін заң жобасы Қазақстан экономикасына қатысты инвестициялардың азаюына әкеп соғуы мүмкін. «Біз Қазақстанның өз стратегиялық қызығушылықтарын қорғап қалу ниетін түсінеміз, бірақ, бұл ұғымға нақты түсініктеме берілмеген. Еуропалық құқықта тіпті ұлттық деңгейде қол қойылған контарктілерді қайта қарастыру принципі қолданылмайды және қолданылуы мүмкін емес дейді Еуропалық комиссия өкілі Режин Руа.

Осы жылы қыркүйек айында Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысында хабарланғандай «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Онда айтылғандай енді жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісім шарттарды бұзу негіздері кеңейтілді. Және барлаумен өндіру саласындағы стратегиялық маңызы бар кенорындары бойынша заңның кейінгі күші болады. Яғни, Қазақстан тарабы 1999 жылға дейін жасалған келісімдерді бұзып қайта қарауға құқылы болады. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрінің баспасөз хатшысы Шыңғыс Мұхановтың айтуынша «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға енгізілген бұл өзгерістер елдің инвестициялық климатына әсер етпейді:

- Бұл жүйелі тұрғыдан емес, тек заңдарды қадағаламаған кейбір компанияларға қатысты. Инвестициялық климатқа үлкен зардабын тигізеді деген әңгіме жоқ.

Еуропалық комиссияның өкілі Режин Руаның айтуынша БАҚ туралы заң бойыншада кейбір алаңдаушылық бар. «Біздің пікірімізше БАҚ-тарды тіркеу кезінде белгілі бір шектеулер жиынтығы болмауы шарт», дейді ол.

Және журналистер жасаған заң жобасы қазіргі БАҚ туралы заңнан жақсы, деді Режин Руа.

Осы жылы шілде айында Қазақстанның журналистік ұйым өкілдері «БАҚ туралы заңдағы» бұқаралық ақпарат құралының ашылуына қажет рұқсат жүйесін қаталдату, тіркелу кезінде ақшалай кепілдік беру және дербес бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын тоқтату қаупіне үрейленетіндігін жеткізген. Ал Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Саят Нұрахметовтың айтуынша қазір шектеу жоқ, ал БАҚ-тың меншік иелері жұртқа белгілі болуы керек, дейді ол:

- Осы уақытқа дейін енгізілген өзгерістер мүмкін кейбір жерлерде шектеу жасаған шығар, бірақ, ол керекті шара. БАҚ-тың меншік иелері жұртқа ашық болу керек. Осы уақытқа дейін тіркеу рәсімдері оны қарастырмаған.

Еуропалық комиссияның өкілі Режин Руаның айтуынша әзірге жоғарыда аталған екі проблема ЕуроОдақпен Қазақстан арасындағы «Әріптестікпен ынтымақтастық келісіміне» Қазақстан тарабынан қатысатын бірнеше министрдің орныбасарларына жеткізілді. Ал Қазақстанға Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Хавьер Солана келген кезде бұл мәселелер Қазақстан президентіне жеткізілді, деді ол.
XS
SM
MD
LG