Accessibility links

Алматыда оппозиция бастамасымен наразылық жиыны өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазанның 20-сы күні Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатры артындағы саябақта оппозициялық Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Нағыз Ақ-Жол» демократиялық партиясы бірлесіп ұйымдастырған наразылық митингісі өтті.

Оу баста оппозиция осы митингіні қазанның 13-і күні қаладағы ескі алаңда өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда Алматы қаласының әкімшілігі түрлі сылтаулар айтып, ақыры қазанның 20 сы күні «Сарыарқа‘ кинотеатры артында өткізуге рұқсат етіпті.

Сенбі күні Алматыда ауа райының салқын әрі ылғалды болуына қарамастан елдегі тұтыну бағаларының қымбаттауына наразылық митингсі болады дегенді естіген қала тұрғындары «Сарыарқа» кинотеатры артына жиналды. Қала әкімшілігі митингіні түскі сағат 12-ден 14-ке дейін рұқсат бергендіктен оппозиция жетекшілері осы уақыт ішінде үлгеріп қалуға тырысты.

Шамасы 2 мыңға жуық адам жиналған наразылық митнгісін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов жүргізіп, митнингке қатысуға келген азаматтарға алғысын білдірді. Митингке қатысушылар «Үкімет отставкаға кетсін!», «Шыдамның да шегі бар!», «Кім кінәлі солар заңға тартылсын»! және тағы басқадай жазулар көтеріп тұрды.

Митингке келгендердің бірі көпбалалы ана Несіпқан Жанбатаева 6 бірдей шиеттей балаларымен 11 мың теңге көмек ақша алатындығын, енді азық-түліктің бағалары аспанға шарықтап кеткеннен бері осы балаларды қалай асыраймын деп күндіз-түні ойлаумен жүргенін айтты.

«Мемлекет басшысы біз секілді кедей-кепшіктердің жағдайын бір ойлап қойса жақсы болар еді», - дейді ол.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармақан Тұяқбай бүгінгде елде орын алған әлеуметтік қиын жағдай мен бағаның өрлеуіне қарсы үкіметтің ешбір шара жасай алмай отырғанын атай келе, халық болып осы мәселені көтеру қажеттігін айтты. «Нағыз Ақ-Жол» демократиялық партиясы тең төрағаларыныің бірі Болат Әбілов Кәрім Мәсімов басқарған қазіргі үкіметтің қолынан ешнәрсе келмейтіндігі анық болды, сондықтан осы үкімет отставкаға кетсін деген талап қойды.

Алайда оппозицияның атына сын айтқандар да болды. Қызылорда облысынан келген Абылай Ермағамбет егерде қазіргі билік оппозиция жетекшілерінің қолына барса, онда бұдан сорақы ауыр күйге тап болуымыз ғажап емес деген ой білдірді. Ал Маңқыстау облысынан келген Аңшыбай Науқанұлы қазіргі жағдайға кінәлі жалғыз адам бар, ол ел басқарып отырған қазіргі президент, сол кісі биліктен кетпейінше, еш нәрсе өзгермейді деген пікір айтты.

Сонымен екі сағат уақыт зырылдап өте шықты. Оппозиция жетекшілері өздері алды ала дайындап келген, наразылық митингісне қатысушылар атынан жасалатын резолюцияны оқып таныстырды. Бұл резолюцияда жағдайды өзгертуге қатысты бірқатар талаптар қойылып отыр. Оның бірі - азық-түлік нарығындағы бағаны тоқтатуға қатысы болса, екіншісі - осы қымбатшылықтан зардап шеккен әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету мәселесі көтерілді.
XS
SM
MD
LG