Accessibility links

Интернетте Қазақстанның жоғарғы билігіне жақын адамдардың телефон әңгімесі делінген аудиожазба мен оның мәтіні тағы жарияланды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

КУБ сайтында ілінген хабарламада 4 түрлі аудиожазба мен олардың мәтіндерінің бұл жолғы кейіпкерлері ретінде Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің, Парламент Сенатының бұрынғы спикері, қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нұртай Әбіқаевтың, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың және президенттің іс басқарушысы Болат Өтемұратовтың есімдері аталады. Олар телефон арқылы сөйлескен әңгімелерге Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің төңірегіндегі жанжал мен «Нұрбанкке» қатысты дау-дамай өзек болған. Осыған орай, «Азаттық» радиосына пікір білдірген сарапшылар бұл жарияланған жазба қазақстандық арнаулы қызметтің ісі деп жорамал айтып отыр. Ал Интернетте жарияланған хабарламада аттары аталған адамдар осы аудиожазуларға байланысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Қазақстанның жоғарғы билігіне жақын адамдардың телефон әңгімелері Интернетте тағы да сол «Тәуелсіз зерттеулер агентігі» деген көпшілікке белгісіз ұйымның атынан жарияланып отыр. Бұған дейін осы агенттік Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында 3 рет телефон байланысында айтылған сөздер деп, аудиожазбалар мен оның мәтінін Интернетте көпшілік үшін ілген болатын.

Ал бұл жолы кезекті рет КУБ сайтында жарияланып отырған бірінші мәтін мен оның аудио жазбасы Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Ни мен Ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімов арасында деп көрсетілген. Олар Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев жайында әңгіме қозғайды. Ни делініп отырған адам: «Рахат Әлиевке байланысты істе қателік жіберілді. Алдымен оны Қазақстанға шақырып алып, істі біржолата бітіріп жіберу керек еді», деп өз пікірін білдіреді.

Екінші телефон әңгімесі осы Нидің Қазақстанда жарық көретін «Время» апталық басылмының бас редакторы Игорь Мельцермен әңгімесі деп берілген. Бұл екеуі газет бетінде Рахат Әлиевке қарсы қаралау ұйымдастыру туралы сөйлеседі. Ал, тағы да сол Ни мен Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы, қазірде Қазақстанның Мәскеудегі елшісі Нұртай Әбіқаев арасындағы сөйлесу делінген үшінші аудио жазбада Ни Рахат төңірегінде дау-жанжалды реттеу мақсатымен Қазақстан президентімен өзінің кездескендігін айтады.

Төртінші аудио жазбадағы әңгіме Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев пен Қазақстан президентінің қазіргі іс басқарушысы Болат Өтемұратов арасында болған деп көрсетілген. Аудиожазбадағы екі адам өз сөздерінде «тұздық» араластырып сөйлеп, «Нұрбанктің» бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың Ұлттық қауіпсіздің комитетінің түрмесінде отырып, «Астана» телеарнасы арқылы эфирден берілген сұхбатына қатысты өз пікірлерін айтады. Осы әңгімеде Дүтбаев деп көрсетіліп отырған адам өз сөзінде Рахат Әлиевпен өз арасының бұрынан жақсы емес екендігін айта келіп, «Рахат Әлиевтің көзін баяғыда-ақ жою керек еді» деген өкінішін білдіреді.

Бұл мәселеге пікір білдірген қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис жоғарыдағы аудиожазбаларды жариялап отырған КУБ сайты телефондарды өз бетінше тыңдап, оның мәтін шығаруға мүмкіндігі жоқ екендігін айтады.

«Бұл жерде телефон әңгімелері біреулер арқылы, тіпті тергеу органдары арқылы тыңдалған болуы мүмкін. Егер мұны арнаулы қызметтер жасаған болса, олар заңсыздыққа барып отыр. Олар бұл үшін жауапқа тартылу керек. Ал КУБ сайты халыққа қоғамда не болып жатқандығын білуге мүмкіндік берді. Қазақстанда телефондарды арнаулы қызметтерден басқы кімдер тыңдап, сайттарды кімдер бақылай алады? Қалай болғанда да, бұл қазақстандық арнаулы қызметтің ісі», - деген байлам жасайды адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

Ол бұған «қазақстандық арнаулы қызметтің бақылаусыз, бетімен кеткендігін көрсетсе керек» деген баға береді.

«Арнаулы қызмет тек оппозицияны ғана емес биліктің өзін де тыңдайды. Бұл әңгіме қандай жолмен болса да әлдекімдердің қолына түсіп, сол биліктің өзіне қарсы қару ретінде қолданылып отыр. Бұл Қазақстандағы кез-келген ақшалы адамның кез-келген құрылым мен ақпаратты сатып алатындығын білдірсе керек», - дейді қазақстандық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов.

Бір атап өтер жайт, осының алдында, қазанның 16-күні КУБ сайтында жоғарыда есімі аталған Владимир Ни мен Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың арасындағы телефон әңгімелері делінген аудиожазбалар мен олардың мәтіндері жарияланған еді. Қазанның 17-күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Амантай Әубәкіров БАҚ үшін шұғыл түрде брифинг өткізіп, содан бір күн бұрын полицияның оперативтік тергеу тобы Алматы облысы Қарасай ауданы Көлді елді мекеніндегі Рахат Әлиевтің әкесі Мұқтар Әлиевтің иелігіндегі жерге жақын тұстан адам сүйектерін тауып алғандықтарын хабарлады. Полиция басшысы табылған адам мәйіті «Нұрбанктың» ұрланған қызметкерлерінің бірінікі болуы мүмкін деген болжам айтты. Қазақстан полициясы жоғалған банкирлер ісіне Рахат Әлиевтің тікелей қатысы бар деп есептейді. Рахат Әлиев болса сол күні-ақ КУБ сайтында жариялаған өз мәлімдемесінде осылайша өзіне жала жабуға тырысып жатыр деп Қазақстан ішкі істер министрін айыптады.

Ал қазанның 19-нан бастап күні бүгінге дейін Қазақстандағы пайдаланушыларына Интернеттегі www.kub.kz, www.zonakz.net сайттары ашылмай қалды. Интернет-мамандары елдегі негізгі провайдерлер тарапынан ол сайттарға әдейі тосқауыл қойылған деп отыр. Сарапшылар мұның негізгі себебі - жоғарыдағыдай телефон әңгімелердің аудио жазбасы мен оның мәтіндерінің жариялана бастағандығымен байланысты болуы мүмкін дейді.
XS
SM
MD
LG