Accessibility links

Қазақстан үкіметі сұйық май экспортына тиым салды


Елдегі азық-түлік бағасының шарықтауын тоқтату үшін Қазақстаннан сұйық май мен оны жасайтын тұқымды шығаруға тыйым салынды, ал елге енгізілетін сұйық майға салынатын кеден төлемдері, керісінше, алып тасталды. Бұл туралы Астанада қазанның 22 күні өткен үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов хабарлады. Ал кейбір жергілікті тұрғындар бұл шаралардан түсетін пайда шамалы деп есептейді. Себебі, елдегі азық-түліктің көбі шетелден енгізілгеннен кейін, барлық шаралар импорттауға кететін қаржыландыру болып шығады дейді олар.

Соңғы бірнеше күнде Қазақстан дүкендерінде кейбір азық-түліктердің бағасы күрт қымбаттады. Мысалы, бір келі ас тұзы 20 теңгеден 80 теңгеге дейін өсіп кетті. «Арал-тұз» кәсіпорнының өкілі Ерік Мақановтың айтуынша, баға өсуге вагон тапшылығы әсер еткен.

«Енді бір-екі күнде 4 вагон келеді, сосын баға орнына келеді», деп сендіреді ол.

Ал осы кезге дейін килограмы 90 теңгеден сатылған қанттың 1 келісі 300 теңгеге дейін қымбаттап шыға келді. «Азия-қант» акционерлік қоғамының өкілі Ирина Ахметованың айтуынша, бұл кәсіпорынның көтерме бағасы бойынша, қант келісі 90 теңгеден сатылады.

«Ал бағаның шарықтауына алыпсатарлар кінәлі. Жалғыз Мерке қант зауыты тәулігіне 650 тонна қант шығарады. Астанаға қажеті - 30 тонна. Сондықтан, Қазақстанда қант дағдарысы болмайды», - дейді И.Ахметова.

Сол секілді бөлшек саудада бағасы күрт қымбаттаған заттың бірі - өсімдік майы. Соңғы кезге дейін 1 литрінің бағасы 180 теңге болған сұйық май қазір Астана базарларында 480 теңгеден сатылып жатыр. Үкімет өкілдерінің айтуынша, қант пен тұз елде көп, сондықтан оның бағасы орнығады. Ал өсімдік майының 60 пайызы Қазақстанға Ресейден енгізіледі. Ол жақта да қолдан жасалған дефицит байқалады дейді Қазақстандық шенеуніктер. Сондықтан, Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов үкімет қаулысымен қазанның 22-нен бастап 2008 жылдың 1 наурызына дейін елден өсімдік майын және осы өнімнің шикізаты болып табылатын тұқым шығаруға тыйым салынатындығын хабарлады.

«Ал импортқа салынатын кеден төлемдері, керісінше, 20 пайыздан нөлге дейін азайтылады», - деді министр.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың пайымдауынша, елдегі азық-түлік бағасының көтерілуіне алыпсатарлар әсер еткен:

- Енді ең бірінші сол алып-сатушылар қымбаттатып отыр. Ұзын құлақ па, сондай ақпарат жіберілгеннен кейін, барлық облыстарда бір-екі күнде бағалар 30-40 пайызға көтерілді.

Алайда осындай делдалдардың бірі Жұмагүл Нұрбаева баға шарықтауына өздерінің кінәлі санамайды.

- Біз «Камазбен» әкелгенді өзіміз аламыз. Бірақ, әкімшілік бұйрық бергенімен де бәрібір қымбат аламыз. Неге мен оған 2 теңге қосып сатпаймын? Мен де күн көруім керек қой?! Мен жүк тасушыға төлеуім керек - мың теңге, сатушыма төлеуім керек - мың жарым теңге, осылайша менің де шығындарым аз емес.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов болса құқық органдарына баға шарықтауына заңсыз жол берген алыпсатарларды сот арқылы жазалауды және бір аптаның ішінде индустрия және сауда министрлігіне ұсыныс дайындауды тапсырды.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы мемлекет атынан базалық тағамдарды сатып аламыз. Егер де алыпсатарлар бағаны өсірсе, біз оны мейлінше түсіреміз. Сосын, өмір бойы қайтадан басынан бастайтын боласыңдар», - деді премьер.

Астана тұрғыны зейнеткер Жәнібек Әлібековтың айтуынша, бұл шаралардан түсетін пайда шамалы, себебі, біріншіден, елдегі азық-түліктің көбі шетелден енгізіледі. Екіншіден, жоғарыдан берілетін тапсырмалар формалді түрде айтылған соң олар орындалмайды дейді ол:

- Ет қымбат, қазы-қарта тіпті мың жарым-екі мың теңге болып кетіпті. Май қымбат дейді. Нан тіпті айтатыны жоқ. Шет мемлекеттен де әкеліп жатыр. Әлгі Назарбаевтың сөзін естісең барлығы мақтану. Ол мақтанатын ештеме жоқ, өзіміз шығара алмаймыз, жасай алмаймыз. Осының барлығы тәртіптің жоқтығынан. Айтқан орындалмайды, барлығы формалді түрде.

Облыс әкімдерінің мәліметінде аймақтарда жәрмеңкелер өткізіліп жатқаны айтылады. Әлеуметтік қорғауды қажет ететін адамдарға жәрдемақы ескерілген. Осы шаралардың арқасында бағалар тұрақтады деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG