Accessibility links

Бүгін – Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күні


«Дамыған елдердің стандарттарымен салыстырғанда Қазақстанда адамның орташа өмір ұзақтығы 20 пайызға төмен». Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы резидент үйлестірушісі Хаолянь Шу Астанада қазанның 24 күні республиканың ұйымға қосылғанына 15 жыл толуына орай өткізілген жиында осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазір республика Орталық Азияда табысты ел болғанымен денсаулық сақтау саласы проблема болып тұр.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Қазыхановтың айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымына енген кезде Қазақстан өтпелі экономикадағы елдерге жатқызылды.

«Ал өткізілген реформалар республикаға орташа даму деңгейіндегі елдерге көшуге мүмкіншілік берді», дейді ол.

Қазыхановтың айтуынша, қазір Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы ұйымдарға төленетін жарналарды донор ел ретінде ұлғайтып келеді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, қазір Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде жетінші орында.

«Және газ қоры бойынша алтыншы орында, ал уран қоры бойынша екінші орында», деді ол.

Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы резидент үйлестірушісі Хаолянь Шудың айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда табысты ел болғанымен маңызды проблемалары да бар.

«Оның ішінде - денсаулық сақтау саласы. Өйткені, дамыған елдердің стандарттарымен салыстырғанда Қазақстанда адамның орташа өмір ұзақтығы 20 пайызға төмен», деді ол.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының мамандарымен бірге адам дамуы туралы есепті дайындаған Қазақстанның Білім министрлігінің ақпараттық орталығының директоры Ербол Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстан соңғы кезде әлемдік адам даму индексі бойынша бірнеше сатыға төмендеп кеткен. Себебі, жорамалданған өмір ұзақтығы 68 жастан 65 жасқа дейін азайды, дейді ол:

- Қазақстан өте бай мемлекет. Минералды ресурс, мұнай-газ дейміз. Соған қарамай Қазақстан барлық мүмкіншіліктерін пайдаланып отырған жоқ.

Шетелдік сарапшылар мұны медицинамен байланыстырып отыр. Астана тұрғыны Толқын Мұқашевада осы пікірмен келісіп отыр, оның айтуынша, соңғы кезде медициналық қызметтің сапасы төмендеген:

- Қазақстан бай мемлекет. Бірақ, денсаулық сақтау саласы нашар. Мысалы, маған балабақшадан тәрбиеші телефон шалды, балаңыздың дене қызуы бар деп. Барсам, дәрігер егу жасаған, сол ісіп ауруханаға жаттық. Ал, ол дәрігер егу жасағанда ауа жіберіп қойғанынан болыпты.

«Сорос - Қазақстан» қорының мәліметінше, Қазақстанда ресми есеп бойынша әрбір мың жүкті әйелдің 40-ы қайтыс болады. Республикада бала өлімінің көрсеткіштері де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шығыс Еуропа елдеріндегіден әлдеқайда артық. Оның сыртында, Қазақстан ТМД ішінде туберкулезге шалдыққандар саны жағынан біріншілердің қатарында келеді. Бірақ, ең көп көрсеткіштер жүрек-тамыр жүйесінің індеттеріне шалдыққандар бойынша. Біріккен Ұлттар Ұйымының ішіндегі Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын қан айналымы жүйесі дерттерінен 80 мың адам қаза болады. Оның сыртында Қазақстанда адамның бойындағы қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтыру оқиғалары көбейіп келеді. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, саладағы қиыншылықтардың себебі көп. Қызылордадағы «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының өкілі Жақсыгүл Махамбетова оның көбі қаржыға байланысты дейді:

- Кадр мәселесі, техникалық жабдық жетіспеуі осындай мәселелер көп.

Ал, денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, Қазақстанда адамның өмір жасының орташа ұзақтығы 66 жас. Бұл көрсеткіш Біріккен Ұлттар Ұйымы берген мәліметтен бір жасқа артық. Бірақ, министрлік бұл көрсеткіштің Жапониямен салыстырғанда 20 жасқа кем екендігін мойындап отыр.
XS
SM
MD
LG