Accessibility links

Мәжіліс депутаттары мигранттарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі ТМД елдері арасындағы келісімді бекітті


Сәрсенбі күні Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары «Еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы» ТМД елдері арасындағы келісімді бекітті. Келісім шекара маңында тұратын мигранттардың еңбек қызметін жеңілдетуді көздейді.

Мигранттарды заңдастыру шарасына дейін Қазақстанда заңсыз шетелден келген жұмыс күшінің көп болуының себебі, квотаны алу талаптары өте қатал болған. Сол себептен, көрші мемлекеттің азаматтары Қазақстанда жұмыс істеу үшін, арнайы квотамен емес, заңсыз жолмен келуді жөн көрген. Тіптен жұмыс күшін көп қажет ететін компаниялардың өздері шетелден жұмысшыларды заңсыз жолмен әкеліп отырған екен. Осылай деп, мәжіліс депутаты Ермұханбет Омаровтың өзі айтып отыр:

- Бұрынғы заң бойынша Қазақстанға келген қырғызстандықтар он сегіз позиция бойынша қағаз жинап өту керек болатын. Ол қағаздардың барлығын ала алмай, бізге заңсыз өтіп, ондаған мың қырғызстандықтар Алматы облысында қызмет жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Алмас Құрманов елдегі он екі облыстың жетпістен астам ауданы шекаралас елді мекен болып саналады дейді. Осы аймақтағы еңбекшілер қиындықсыз көрші елмен жұмыс алмасу үшін аталған келісімнің көмегі бар көрінеді. Мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастыққа 1994 жылы ТМД елдерінің үкімет басшылары қол қойған. Алайда, аталған келісімді бекітсе, онда елде босқындар көбейіп кетпейді ме деп қауіптенген депутаттар болды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі Тито Сыздықов осыған дейін, біз сығандардан әрең арылдық. Енді базарларға барсаң, қаптап қайыршы сұрап жүрген, тәжік ұлтының өкілдері. Мигрантттарды әлеуметік қорғау келісімі босқындарды көбейтіп жібермейді ме деген ойын жеткізді.

Сонымен бірге мигранттарды қорғау келісіміне сәйкес, көрші мемлекеттерден келген мигранттарға Қазақстан медициналық көмек көрсетуі қажет. Алайда, Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Алмас Құрманов мигранттардың отбасыларына да медициналық жәрдем көрсету, балаларына білім беру көзделмегенін айтады. Олардың бала шағасына көмек көрсету білім беру өз елдерінің мәселесі дейді вице министр.

Ал Мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан әріптестерінің Қазақстанда шетелдік жұмыс күші көбейіп кетеді деген қауіптері қисынсыз екенін айтты:

- Қазақстанда бір миллионнан астам заңсыз мигранттар жұмыс істеген. Заңдастырудың арқасында қазір 530 мың ғана мигрант Қазақстанда ресми жұмыс істейді. Олар үш жылға дейін Қазақстанда жұмыс істеу құқығына ие. Осы заңдастырудың арқасында Қазақстан бюджетіне 3 млрд. теңге түскенін де ескеру қажет.
XS
SM
MD
LG