Accessibility links

Кришна санасы қоғамы отырған жер облыстық сот шешімімен бұрынғы иесіне қайтарылатын болды


Бұған дейін Кришна санасы діни бірлестігі иелігінде болып келген Алматы облысы, Қарасай ауданындағы 47 гектар жер енді осы жердің бұрынғы иесі Ермек Әбдіқалықов деген азаматқа сот шешімімен қайтарылатын болды. Бұл жөнінде осы азаматтың жерді өзіне қайтарып алып беру туралы шағым арызын қараған Алматы облыстық соттың қадағалау алқасы өткен сейсенбі күні Е.Әбдіқалықовтың арыз-шағымын қанағаттандыратын шешім қабылдаған.

Осыған байланысты Қазақстандағы Кришна санасы қоғамы дүйсенбі күні мәлімдеме таратты. Онда Қарасай ауданы әкімдігі жер таласына қатысты мәселені енді басқаша, басқа біреудің қолымен біржола шешкелі отыр, яғни кришнаға сенушілердің 26 үйін қиратып болған соң, қалған пұтхана мен сиыр қорасын осы жердің бұрынғы иесінің қолымен тазартуды көздеп отыр делінген.

Дүйсенбі күні, Қазақстандағы Кришна санасы қоғамының қоғамдық байланыс бөлімінің жетекшісі Максим Варфоломеев «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, облыстық соттың қадағалау алқасының бұл шешімінің өздері үшін үлкен жаңалық болмағанын, өйткені биылғы көктемнен бастап Қазақстан үкіметі онсыз да бұл жерді өздерінен қайтарып алғанын жеткізді.

«Облыстық соттың қадағалау алқасы бұған дейін біздің иелігімізде болып келген 47 гектар жерді енді осы жердің бұрынғы иесі Ермек Әбдіқалықовқа қайтару туралы шешім қабылдап отыр, ал біз одан осы жерді 1999-шы жылы заңды түрде сатып алған едік», - деді ол.

М.Варфолемеевтің айтуынша, Кришна санасы қоғамы 1999-шы жылы Е.Әбдіқалықовқа сол кездің бағасымен 47 гектар жерге және сондағы үй-баспаналарға 80 мың доллардан артық ақшасын төлепті. Қазір осы 47 гектар жердің бағасы 10-15 миллион долларға жетті дейді ол.

Сондай-ақ, ол облыстық соттың қадағалау алқасы осы мәселені қараған кезде бірқатар заң бұзушылық жағдайларға жол берген деп санайды. Яғни, Әбдіқалықовтың жерге байланысты осыдан бір жарым жыл берегн ескі арыз-шағымын қарай салған. Ал Кришна санасы қоғамы осы сот болатындығы туралы алдын ала хабарланбаған және Кришна қоғамына қалай өтемақы төлеу мәселесі сөйлесілмеген. Осы және тағы басқадай мәселелер шешусіз қалып отыр деді Варфоломеев.

«Осындай жағдайға қарап, Қазақстан үкіметі осы жерге байланысты мәселеде Кришна санасы қоғамымен арада ешқандай ісі жоқ екендігін, яғни бұл мәселе тек осы қоғам мен азаматтар арасындағы жеке мәселе етіп көрсетуге тырысып отырғанына көз жеткізуге болады», - дейді Кришна санасы қоғамының өкілі.

Қарасай ауданы әкімі Болатби Құтпанов дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына кришнайттар қоғамы мен аудан әкімдігі арасындағы жер мәселесі баяғыда өз шешімін тапқан деп айтты. Ол соңғы қабылданған сот шешіміне байланысты өзінің еш нәрсе білмейтіндігін айтып отыр. Алматы облыстық сотының қадағалау алқасының бас маманы Әсем Әбдікәрімова болса, сот шешімінің шыққанын растай отырып, осыған қатысты сот қаулысы әлі дайын болған жоқ дегенді айтты. Сот қаулысы дайын болысымен-ақ оны тиісті жақтарға жіберіміз деді ол.

Ал Қазақстандағы Кришна қоғамы жер мәселесінде өзінің құқығының аяққа тапталғанын алға тартып, сот қаулысын ала салысымен Қазақстанның бас прокуратурасына шағымданатындықтарын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG