Accessibility links

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жер мәселесіне қатысты бірқатар лауазымды шенеуніктер қызметтерінен айырылатын түрі бар

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматы қаласы мен Алматы облысының тау бөктерлерінде заңсыз салынған үй-құрылыстарды тексерген үкіметтік комиссия дүйсенбі күнгі отырысында осы заңсыздықтарға жол берген әкімдерді жауапкершілікке тартуды жөн деп санап оларды қызметтерінен алуды ұсыныс етті.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматы қаласының жоғарғы жағындағы Медеу шатқалы мен Бұтақты сайларында салынған көптеген сарай, үй құрылыстарының Алматы қаласының әкімі болып істеген кезінде қазіргі төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың ұйғаруымен салынғанын тілге тиек ете отырып, оны қазіргі қызметінен шеттету жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс жасайтындығын жеткізді.

«Сіз Виктор Храпунов қаланың бұрынғы әкімі ретінде осындай заңсыздықтарға жол бергенсіз сондықтан енді бұдан былай үкімет құрамында жұмыс істеуді жалғастыра алмайтын боласыз, бұл жайында елбасына әдейі ұсыныс жасаймын», - деген үкіметтік комиссия отырысында К.Мәсімов.

Сондай-ақ Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Бақыт Оспановқа да жұмысына немқұрайлы қарады деген кінә тағылып, оны да осы қызметінен аластату туралы үкімет басшысы тарапынан ұсыныс жасалды.

Алматы қаласындағы жер мәселесінің ұшығуына, ондағы заңсыз нысандардың салынуына жауапты ретінде Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың орынбасарлары Яков Заяц пен Қайрат Бөкенов екеуін осы қызметтерінен босатуды үкімет басшысы К.Мәсімов Алматы қаласының әкіміне тапсырды.

Ал Алматы облысындағы жер мәселесіне қатысты заңсыздықтарға барған деген кінәмен Алматы облысы әкімінің орынбасары Әлихан Тойбаев, Талғар ауданының әкімі Кенжебек Омарбаев және Қарасай ауданының әкімі Болатби Құтпановты қызметтерінен босатуды К.Мәсімов Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке тапсырды.

Премьер К.Мәсімов Алматы қаласы мен Алматы облысындағы заңсыз құрылыстарға қатысты барлық кемшіліктерді жоюды қазіргі әкімдер И.Тасмағамбетов пен С.Үмбетов екеуіне тапсыра отырып, сондай-ақ бұл екі әкімге қатысты қандай жаза берілетіндігі елбасының құзырындағы нәрсе екенін айтты.

Астанада өткен осы үкіметтік комиссия отырысына Қазақстандық қоғамдық ұйымдар атынан қатысқан Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев үкіметтік комиссия жұмысына өздерінің бірқатар ұсыныстары қабылданғанын айтты. «Атап айтқанда, Алматыдағы Медеу шатқалындағы әсем үйлер мен сарайларды бұзбай, оны мемлекет меншігіне алу арқылы кейін оларды пионер лагерлері бола ма немесе зейнеткерлерге арналған қарттар үйін жасау секілді бірқатар ұсыныстарымыз қабылданды» дейді ол.

Ал әкімдерді жұмыстарынан алу мәселесі - президент құзырындағы мәселе, тек сол кісі ғана бұл мәселені шеше алады, үкімет басшысы тек ұсыныс енгізе алады дейді С.Матаев.

Саясаттанушы Дос Көшім жер мәселесіне қатысты бірқатар лауазымды адамдарды осылай жұмыстарынан кетіру арқылы мәселені шештік деп жауып тастай салуға болмайды деп санайды. «Олар расында осындай заңсыздықтардың шығуына жауапты болса, онда оларды қатаң жазалған дұрыс» дейді.

Ал қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев жер мәселесіне қатысты бұндай заңсыздықтар тек Алматы қаласы мен Алматы облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанға тән жағдай дегенді айтады. «Оу баста жерді сату туралы заңның қабылданғаны дұрыс болмағанын енді көріп отырмыз» дейді ол.
XS
SM
MD
LG