Accessibility links

Грузия президенті Ресей бейбітшілік сақтау күштері басшысының елден шығуын талап етті

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Абхазия мен Грузия арасындағы қауіпсіздік аймағында, Ресей бейбітшілік сақтау күштері, Грузиялық полиция офицерлерін ұстап алып, сабады, деген айыптау айтылғаннан кейін Мәскеу мен Тбилиси арасындағы қақтығыстар күшейе түсті. Соның салдарынан Грузия президенті оқиға болған аймаққа шұғыл сапармен барды.

Абхазияға жақын жердегі Грузияның Ганмухури ауылында болған теке-тірес барысында Грузия президенті Михайл Саакашвили Ресей бейбітшілік сақтау күштерінің елден шығуын талап етті. Бұл көріністер теледидар арқылы Ресейде және Грузияда көрсетілді. Грузиялық бірнеше полиция офицерін Ресей әскерилері қамауға алып, соққыға жықты, деген хабарды естісімен Саакашвили Ганмухуриге тікұшақпен ұшып келген болатын.

“Біздің төзіміміз таусылып келеді. Сондықтан, өз генерал-қолбасшыларың Сергей Чабанға сәлем айтыңдар: мен оны Грузияда қалуына болмайтын адам деп жариялаймын. Ол Грузия жерінен алдағы бірнеше күн ішінде шығып кетуі тиіс. Ганмухури, Зугдиди және Тбилиси сияқты Сухуми де Грузияның бір бөлігі екендігін мен сендерге айтқым келеді. Чабан елден тез кетуі тиіс. Ал, сендер болсаңдар атқаруларың тиіс міндеттеріңдегі ережелерге сәйкес бұл жерді тез арада ретке келтіріңдер, әр нәрсені өз орынына қойыңдар”, деді Саакашвили Ресей әскерилеріне.

Сонымен Тбилиси жағының айтуынша Ресей әскерлері Ганмухуриге заңсыз түрде өтіп, полиция офицерлерін тұтқындаған. Ресей бейбітшілік күштерінің айтуынша, бұларға қарсы тұрулары себепті Грузин полиция офицерлері тұтқындалған екен. Бұл офицерлердің босатылуын талап етіп келген Грузия әскерлері мен жергілікті тұрғындарға қарсылық ретінде Ресей әскерлерінің аспанға оқ атып жатқан сәті теледидар арқылы көрсетілді.

Кейінірек Грузия қауіпсіздік күштерінің қорғауымен келіп, Ресей әскерилерімен айтысып тұрған Саакашвили бейнесі де теледидар арқылы көрсетілді. Грузия президенті болса, полиция офицерлері соққыға жығылды, деген хабарға байланысты Ресей тарапының кешірім сұрауын талап етті. Мұндай арандатушылық тағы да қайталанса, оның арты ауыр нәтижелерге алып баруы мүмкін, деді ол.

ИТАР-ТАСС-тың хабарлауынша, Ресей бейбітшілік күштерінің қолбасшысы Чабан мырза өзінің президент Саакашвилиге есеп бермейтіндігін және бұл аймақтан кету ниетінің жоқ екендігін мәлімдеді. Жікшілдік бағыттағы Абхазия үкіметі болса, Грузияның ішкі проблемаларынан назарды өзге жаққа аудару үшін Саакашвили осы оқиғаны пайдаланып отыр, деп айыптады. Грузияның оппозициялық партиялары қарашаның 2-сі күні үкіметке қарсы пәрменді шерулер өткізуді жоспарлауда.

Мәскеушіл бағыттағы Абхазия, 1991-ші жылы Совет үкіметі құласымен, өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. Атыстарды тоқтату жөніндегі келісімшарт негізінде Ресей бейбіт күштері бұл аймаққа 1994-ші жылы келіп орналасқан еді.
XS
SM
MD
LG